» » УАҚЫТ – ӘДІЛ ТӨРЕШІ

УАҚЫТ – ӘДІЛ ТӨРЕШІ

Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ұлағатты ұстаз, ақын Дастан Нәзікбаевтың «Уақыт – әділ төреші» атты жаңа кітабының тұсаукесері және құрметті зейнетке шығу рәсімі өтті. Оған рухани байлықты жоғары қоятын жырсүйер- кітапсүйер қауым, өнер қайраткерлері, мерейгердің туған- туыстары мен жастар қатысты.
Д.Мырзабекұлы Дүр Оңғар ауылының тумасы. Білім саласындағы еңбек жолы 1982 жылы ауыл мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болудан басталып, кейін пединституттың филология факультетінде оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Оның жан-жақтылығы мен білім-білігі бағаланып, қызметте сатылап өсіп отырды. Мектеп директоры, ауданның бас ұстазы лауазымдарын абыроймен атқара білді. Аудандық «Қармақшы таңы» газеті редакторының орынбасары, аудан әкімінің кеңесшісі қызметтерін де жауапкершілікпен жүргізді.
Ақынның білім саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол аудандық, облыстық «Жыл мұғалімі» байқауларынан бас жүлде, облыстық «Жыл директоры» номинациясын иеленген. Қазақстан Республикасы Президенті, Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты, Құрмет грамотасымен марапатталған. «Сорос-Қазақстан» қорының грантын 2 мәрте иеленсе, 2003 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Іс-шарада жаңа кітабын ел жадына ұсынып әрі зейнет жасына келіп отырған ақын ағамыз көпшіліктің қошеметімен сахна төріне шақырылды. «Ердің тойы – елдің тойы» демекші, алғашқы болып аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов құттықтау сөз сөйлеп, ауданның жоғары наградасы – Құрмет грамотасын салтанатты түрде табыс етті.
Сондай-ақ қасиетті өлкенің рухани көшін алға сүйреп жүрген ақын ағаның елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Кеште ауданымыздың құрметті азаматтары – Алтай Үсенов, Мейрамбек Мырқыұлы және Самат Қыдырбекұлы кітаптың лентасын қиып, рәсімін жасады.
Үлкен экраннан кеш иесінің өнегелі өмір жолы бейнебаян арқылы көрсетілген соң ардагер-журналист Алтай Үсенұлы, ардагер-ұстаз Талайлы Досымова сүбелі сөзбен, жаухар жырмен ақ тілектерін ақтарса, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің аудандық филиал төрағасы Гүлжауһар Раева Алғыс хат пен филиал атынан сый-сияпат табыс етті.
Әрі қарай сахна төрі Дастан Мырзабекұлының шығармалары бойынша жас кітапхана оқырмандарының, ақынның шәкірті, мектеп оқушысы Ердәулет Орынбасардың, сондай-ақ жыршы-термешілер Азамат Алматов, Ақсұңқар Бүркітбай, Руслан Өтегеновтер мен мәдениет саласының қызметкерлері Ақмарал Кішкентаева, Мәди Махамбетұлы, Ғалымжан Шакизада, Гүлфариза Шакаровалардың орындауындағы ән-жырмен өрнектелді.
Кештің қорытындысында кітап авторы Дастан Нәзікбаев туындысынан бірқатар өлең оқып, оның шығу, жазылу тарихына тоқталды. Тұсаукесерге қатысқан көпшілікке алғысын айта келе, барлық байлықтың негізі, білімнің көзі, дүниенің маржаны – кітапта жатқанын, жұртшылықты кітап оқуға, рухани бай болуға шақырды.
Шығармашылық қашанда жандүниені билеп, жаңаша туындылар әкелуге сеп болатын күш. Міне, сол құдірет ағамыздың бірнеше жыр жинағын жарыққа шығаруға әсерін тигізді. «Жаңажол жырлары», «Жүректен тамған тамшылар», «Ойтүрткі», «Текей батыр», «Қырғауылдың қайғысы» кітаптары оқырманның жоғары бағасын алса, осы жылы жарық көрген «Анам жайлы аңыз» атты жыр жинағы барша қазақ аналарына өлеңмен қойылған ескерткіш деуге болар. Ал алғашқы сүйінші данасы елдің қолына енді тиіп отырған «Уақыт – әділ төреші» атты сиясы кеппеген су жаңа кітабы да оқырманнан лайықты бағасын алады деген сенімдеміз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
05 қараша 2024 ж. 63 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 870

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930