137 БАЛЛ: ТАБАНДЫЛЫҚ ПЕН ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ
Қатарластарынан оза шауып, ұлттық бірыңғай тестілеуден 137 балл жинаған түлектің бірі – Елеу Көшербаев атындағы №279 мектеп-лицейінің оқушысы Нұрдәулет Қайырбекұлы. Білімге құштар дарынды жас 2008 жылы дүниеге келген.
Нұрдәулет мектеп қабырғасынан бастап математика пәніне ерекше қызығушылық танытып, білім бәйгелерінде өзінің қабілетін бірнеше мәрте дәлелдеді. Ұстаздарының бағыт-бағдары мен ата-анасының қолдауының нәтижесінде ол аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, үздіктер қатарынан көрінді.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде Нұрдәулет өзінің жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Математикафизика пәндер комбинациясын таңдаған талапкер алғашқы ҰБТ-да 135 балл, ал екінші мүмкіндікте 137 балл жинап, еңбегін дәлелдеді.
Оның білім жолындағы жетістіктері де аз емес. Атап айтқанда, 8 сыныпта республикалық жасөспірімдер олимпиадасының аудандық кезеңінде математика пәнінен ІІ орын, Ү.Қошалақов атындағы аудандық олимпиадада ІІІ орын иеленді. Ал ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде математика пәнінен ІІ орын, республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде ІІІ орын жеңіп алды. 10-сыныпта Ү.Қошалақов атындағы «Ұстаз – ұлағаттың шайыры» аудандық пәндік олимпиадасында І орын, республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде математика пәнінен І орынды жеңіп алған. Бұл жетістіктердің барлығы Нұрдәулеттің үздіксіз ізденісінің, еңбекқорлығының және білімге деген ерекше жауапкершілігінің нәтижесі.
Мектеп ұжымы Нұрдәулеттің жоғары нәтижесін зор мақтанышпен қабылдайды. Оның 137 баллдық көрсеткіші кейінгі буын оқушыларына үлгі болып, үлкен мақсаттарға жетуге жігер береді.
Әрбір шәкірттің жетістігінің артында оның талмай еңбектенуімен қатар, бағыт-бағдар беріп, білім нәрімен сусындатқан ұстазының да өлшеусіз еңбегі жатады. Дарынды оқушының қабілетін шыңдап, олимпиада мен білім додаларына дайындап, үлкен мақсаттарға жетелеуде мұғалімнің рөлі ерекше. Нұрдәулеттің бүгінгі биік белестерді бағындыруына да жылдар бойы жүйелі еңбек етіп, жан-жақты қолдау көрсеткен ұстазының қосқан үлесі зор.
– Ұстаз үшін шәкіртінің жетістігінен асқан бақыт жоқ. Сондай мақтанышымның бірі – Нұрдәулет. Ол – өте зерек, алғыр, дарынды, үздік оқушы. Жауапкершілігі жоғары. Өзі салмақты, айтар ойын жүйелі жеткізе алады. Сыныптастары арасында белсенді. Өзінің табандылығымен, ұстаздардың берген білімінің, күнделікті дайындықтың арқасында осы деңгейге жетіп отыр. Біз бабы мен бағы қатар шапқан осындай шәкірттеріміз үшін қашанда қуаныштымыз. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 137 балл жинап, көп жылғы еңбегін тамаша нәтижемен қорытындылады. Оның білімге деген ынтасы, қарапайымдылығы мен ізденімпаздығы оны алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жетелейді деп сенемін. Жолы әрдайым ашық болып, армандары орындалып, елінің абыройын асқақтатар білімді де білікті азамат болып қалыптасуына тілектеспін. Осындай шәкіртіммен мақтанамын, – дейді математикадан сабақ берген, олимпиадаға дайындаған пән мұғалімі Ақбаян Шадаева.
Нұрдәулет болашақта өз өмірін ұстаздық жолмен байланыстыруды мақсат етеді. Өзінің сүйікті пәні арқылы жас ұрпаққа сапалы білім беріп, математиканы терең меңгерген шәкірттер тәрбиелеуді басты мақсаты санайды. Білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығы оның бұл арманының орындалуына берік негіз болары сөзсіз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ















