ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ, ҰЛТТЫҢ ҮМІТІ
Жастар күні – елдің болашағын айқындайтын жас ұрпақтың қоғамдағы орны мен рөлін дәріптейтін мереке. Себебі қай мемлекеттің болашағы да білімді, еңбекқор, отансүйгіш әрі жаңашыл жастардың қолында. 12 тамыз – Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтіледі. Бұл мереке 1999 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген. Қазақстанда жастар қатарына 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар кіреді.
Қазақ халқы ежелден жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. «Жас келсе, іске!», «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген нақыл сөздер халқымыздың жастарға деген сенімі мен үмітін айқын көрсетеді. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның жастары ғылымда, білімде, спортта, мәдениетте, кәсіпкерлікте және ақпараттық технология саласында өз қабілетін дәлелдеп, еліміздің мерейін халықаралық деңгейде асқақтатып келеді.
Қазақ әдебиетінде маңғаз жыр жолдарын тудырған марғасқа ақын Мағжан Жұмабаев та өткен дәуірдің басында:
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырындай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!» деп жыр арнап, жастардың бойындағы жалын мен жігерді, мінез көркемдігін, олардың алар асуын, Алаш атын асқақтатар болашағын жан-жақты суреттеп, үлкен үміт артқан еді.
Қазіргі заман – білім мен технологияның дәуірі. Сондықтан бүгінгі жас тек кәсіби маман ғана емес, бірнеше тілді меңгерген, цифрлық сауаты жоғары, жаңашыл ойлайтын тұлға болуы тиіс. Әлем күн сайын өзгеріп жатқан кезеңде жастар да заман талабына сай икемделіп, үздіксіз ізденіп, өзін-өзі дамытуға ұмтылуы қажет. Бәсекеге қабілетті ел болудың басында білікті жастардың тұрары анық.
Жастар күніне айрықша маңыз беріп, арнайы бір датаны белгілеудің де өзіндік мәні бар. Мұндағы мақсат: жастардың қоғамдағы рөлін арттыру, жаңа идеялар мен бастамаларды қолдау, жастар саясаты аясындағы мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау. Осы мақсаттарды жүзеге асыру барысында көптеген шара ұйымдастырылып, үздіксіз жүзеге асырылып отырады. Атап айтар болсақ, мәдени-көпшілік концерттер мен ашық аспан астындағы фестивальдер, интеллектуалдық сайыстар, спорттық жарыстар мен кибертурнирлер, белсенді жастарды марапаттау шаралары және волонтерлік акциялар.
Жастардың қоғамдағы рөлі тек білім алумен немесе қызмет етумен шектелмейді. Олар – қоғамдық пікір қалыптастыратын, жаңа идеяларды өмірге әкелетін, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыратын белсенді күш. Соңғы жылдары жастар арасында экологиялық акциялар, қайырымдылық шаралары, волонтерлік қозғалыстар кеңінен дамуда. Бұл олардың ел тағдырына бейжай қарамайтын, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Мемлекет тарапынан да жастарға қолдау көрсетіліп отырады. Еліміздің ірі қалаларындағы «Жас отбасы», «Алматы жастары» секілді бағдарлама жас отбасылардың белгілі бір жас мөлшеріне қарай баспаналы болуына мүмкіндік берді. Еліміздің жастарына арналған мемлекеттік бағдарламалар жайлы жастар ресурстық орталығынан толыққанды мәліметтер білуге болады.
Жастар тәрбиесінде отбасы, мектеп және қоғамның жауапкершілігі ерекше. Ұлттық құндылықты бойына сіңірген, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болатын, елін сүйетін азамат тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ата-бабадан қалған салт-дәстүр мен рухани мұраны сақтай отырып, заман талабына сай білімді ұрпақ қалыптастыру міндеті уақыт көшімен бірге алға оза беретіні сөзсіз.
Қазақстанның болашағы – жас ұрпақтың қолында. Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі ғалым, дәрігер, инженер, мұғалім, кәсіпкер немесе мемлекет қайраткері. Сондықтан әр жас өзінің білімін жетілдіріп, еңбекқорлық пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдыруы қажет. Елдің өркендеуі – әр азаматтың адал еңбегінен басталады.
Жастар күні – болашаққа сенімнің, жаңашылдықтың және жасампаздықтың мерекесі. Бұл күн әрбір жасқа үлкен жауапкершілік жүктейді. Әрбір жас өз еліне адал қызмет ету, білімге ұмтылу, еңбекқор болу және ұлттық құндылықты қастерлеу басты парызы екенін жете ұғынуы тиіс.
Жастар – бүгінгі күннің белсенді күші, ертеңгі Қазақстанның келбетін қалыптастыратын ұлы буын. Олардың арманы асқақ, мақсаты айқын, жүрегі Отан деп соққанда ғана еліміздің болашағы жарқын болмақ. Сондықтан жастарға сенім арту, оларды қолдау және олардың бастамаларына мүмкіндік беру – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ

















