ТЕМІР ТҰЛПАР ТІЗГІНДЕГЕН ҚАЙСАР АНА
«Мен биыл еңбек табалдырығын аттағалы тұрған жас жеткіншек інілеріме, сіңлілеріме мамандық таңдау жөнінде бір-екі ауыз сөз айтпақпын. Мамандықтың үлкен-кішісі жоқ. Мәселе – өз мамандығыңды сүйе білуіңде».
Бұл сөздерді өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары Қармақшы аудандық автобазасының жүргізушісі Шәйкүл Жаңбырқұлова жастарға арнап жазған еді. Қарапайым ғана осы жолдардың астарында оның өмірлік ұстанымы, еңбекке деген құрметі мен өз мамандығына деген адалдығы жатыр.
Шәйкүл Жаңбырқұлова 1945 жылы Қармақшы ауданының Жосалы кентінде дүниеге келген. Ардақты ана, қадірлі жан, замандастарының арасында сыйлы азамат ретінде танылған оның саналы ғұмыры еңбекпен өрілді. 1963 жылы №26 қазақ орта мектебін бітірген соң, сол жылы автомектепке оқуға түсіп, жүргізуші мамандығын меңгерді. Көп ұзамай аудандық автобазаға жүргізуші болып жұмысқа орналасты. Ауылдық жерде көлік жүргізу ер азаматтардың кәсібі саналатын. Алайда Шәйкүл өз таңдауынан қайтпады, күмәнданғандарға сөзбен емес, еңбегімен жауап берді.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы мен алпысыншы жылдардың басы аудан үшін қарқынды даму кезеңі болды. Жаңа кеңшарлар құрылып, құрылыс жанданып, ауылшаруашылығы өркендеді. Осы тұста аудандық автобаза өңірдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды мекемеге айналды. Жүргізушілер құрылыс материалдарын жеткізіп, егін алқаптарына еңбеккерлерді тасымалдап, малшыларға қажетті жүгін апарып, елді мекендер арасындағы байланысты қамтамасыз етті.
1959 жылдың соңында аудандық автобаза құрылды. Сол кезеңнен бастап мекемеде еңбек еткен Баян Әлиасқарова Шәйкүл апамыздың автобазаға келген жылдарын былай еске алады.
«Қармақшы ауданында 1959 жылдың аяғында автобаза құрылды. Сол құрылған күннен бастап мен кассир болып жұмыс істедім. 1963 жылы Шәйкүл автошколды бітіріп келіп, жүргізуші болып орналасты. Бұл кезеңде қыз баланың ауыр жүк көлігін жүргізуі жоқтың қасы еді. Бірақ аз уақыттың ішінде-ақ ол өзінің қандай еңбекқор, жауапты адам екенін дәлелдеп шықты» дейді ол.
Шәйкүл анамыз еңбек жолын «ЗИЛ-355» маркалы үш жарым тонналық жүк көлігін жүргізуден бастады. Ол кездегі техника қазіргі көліктердей жеңіл басқарылатын емес еді. Рөлді бұрудың өзі күш талап ететін. Ал жолдардың жағдайы жүргізушіден бөлек, төзімділікті қажет етті. Асфальт төселмеген қара жолдар, құмды алқаптар, көктемгі лайсаң мен қысқы боран күнделікті жұмыстың бір бөлігіне айналды. Сол жылдары Қуаңдария мен Жаңақала кеңшарларының құрылысы қарқынды жүріп жатты. Теміржол арқылы келген финдік құрастырмалы үйлердің бөлшектері, құрылыс материалдары мен түрлі жабдықтар жүк көліктерімен тасымалданды. Бұл жұмыстарға оннан астам көлік қатысып, сол колоннадағы жалғыз әйел жүргізуші Шәйкүл анамыз болды. Әр сапар үлкен жауапкершілікті талап етті. Құрылыс материалдарын уақытында жеткізу жаңа ауылдардың қалыптасуына әсер ететін. Уақыт өте келе тәжірибесі толысып, бірінші дәрежелі жүргізуші атанды. Басшылық оған күрделі бағыттарды сеніп тапсыратын болды. Замандастарының айтуынша, Шәйкүл ана көлікті жүргізіп қана қоймай, оның әр бөлшегін жақсы білетін. Жол үстінде ақау шықса, көбіне өзі жөндеп алатын. Қозғалтқыштан шыққан дыбысқа қарап-ақ техниканың қай жерінде ақау барын аңғаратын кездері болған. Ол уақытта жүргізуші өз көлігінің механигі де, жөндеушісі де еді. Сондықтан техниканы жетік меңгеру мамандықтың маңызды талабы болған.
Шәйкүл Жаңбырқұлованың қайсарлығы мен елге сыйлы болғанын замандастары да ерекше еске алады. Тәжтай Тоқсанбаева апамыздың айтуынша, Шәйкүл Жосалыда алғаш көлік тізгінін ұстаған алғашқы әйел. Ер азаматтармен қатар ауыр жұмысты атқарып, тіпті ер жүргізушілермен күресіп, оларды жеңіп қоятын қайсарлығы да болған. Оның есімі еңбегімен ел есінде қалғанын әріптестері мақтанышпен айтады.
Жүк көлігінің тізгінінде бірнеше жыл шыңдалған соң Шәйкүлге үлкен жолаушылар автобусын басқару сеніп тапсырылды. Бұл кез келген жүргізушіге беріле бермейтін жауапкершілік еді. Өйткені автобус жүргізушісі ондаған жолаушының қауіпсіздігіне жауап беретін.
Ш.Жаңбырқұлова Жосалы кентінен Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, ІІІ Интернационал және басқа да елді мекенге қатынайтын бағыттарда еңбек етті. Ол кездегі жолдардың жағдайы қазіргімен салыстыруға келмейтін. Соған қарамастан аудан тұрғындары діттеген жеріне жетуі керек еді. Таңғы рейске шығу үшін жүргізушілер күн шықпай автобазаға келетін. Көліктің майын, суын, дөңгелегі мен тежегіш жүйесін тексеріп барып жолға шығатын. Қайсар қыз да осы тәртіпті қатаң ұстанды. Көлігінің техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстап, жолдағы күтпеген жағдайларға дайын жүрді. Автобаза жұмысы жолаушы тасымалымен ғана шектелмейтін. Көктемгі егіс пен күзгі орақ кезінде жүргізушілер еңбеккерлерді егістікке жеткізді, құрылыс материалдарын, шаруашылыққа қажетті жүктерді тасымалдады. Күріш алқаптарына жұмысшыларды апарып, құрылыс нысандарына қажетті материалдарды, шалғайдағы малшыларға керек-жарақты жеткізді. Замандастары оның қырық литрлік су толы фляганы жалғыз өзі көтеріп, жүк көлігіне салып жібергенін де еске алады. Сондықтан автобазадағылар оны «қайсар қыз» деп атаған. Қандай тапсырма берілсе де, өзгелермен тең дәрежеде орындады. Осы мінезі оны ұжым ішінде беделді маманға айналдырды.
Еңбектегі табандылығы мен жоғары көрсеткіштері көп ұзамай өз бағасын берді. Мекеме тарихы туралы естеліктерде Шәйкүл апайымыздың есімі еңбек озаттарының қатарында ерекше аталады. Ол КСРО және республикалық деңгейдегі социалистік жарыстарда жоспарды асыра орындап, қызметін мінсіз атқарғаны үшін жоғары марапаттарға ие болды. Еңбектегі жетістігі үшін Мәскеуден, яғни Одақ деңгейінен арнайы сыйлық ретінде жаңа жолаушылар автобусы табысталған. Ол кезеңде еңбек адамына жаңа автобус беру – кәсіби шеберлік пен еңбекке деген үлкен сенімнің белгісі болатын.
Ардақты ананың жеке еңбегімен қатар, өзі қызмет еткен автобаза ұжымының да жетістігіне үлесі мол еді. Автобаза ұжымы Одақтық және республикалық деңгейде бірнеше рет «Ауыспалы Қызыл Ту» марапатына ие болды. Осындай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде Шәйкүл апамыз секілді өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жүргізушілердің еңбегі ерекше болды. Ол ұжымдық жұмыстың мәнін жақсы түсініп, ортақ нәтижеге өзінің кәсіби тәжірибесімен үлес қосты. Жоғары еңбек көрсеткіштері Шәйкүл Жаңбырқұлованы республикалық деңгейдегі жиындарға қатысуына мүмкіндік берді. Ол еңбек озаттары бас қосқан жиындарға барып, өз тәжірибесімен бөлісті. Еңбегі жоғары бағаланып, шетелдік сапарларға да қатысты. Атап айтқанда, Болгария, Венгрия, және басқа да елдерге барып, сол кезеңдегі еңбек адамдары арасындағы тәжірибе алмасу шараларына қатысты.
Қызметтегі жауапкершілікпен қатар, ол отбасына да көңіл бөлді. Бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Таңғы рейстер мен ұзақ сапарларды отбасы тіршілігімен қатар алып жүру үлкен төзімділікті қажет етті. Балалары есейгеннен кейін ол автобазаның материалдық бухгалтері қызметіне ауысты. Қосалқы бөлшектердің есебін жүргізу, қоймадағы мүліктің сақталуын бақылау, құжаттарды рәсімдеу сияқты жұмыстарды да ұқыптылықпен атқарды. Жүргізушілік кезеңінде қалыптасқан жауапкершілік пен тиянақтылық бұл қызметте де кәдеге жарады. Қай қызметте жүрсе де, Шәйкүл Жаңбырқұлованы өзгелерден ерекшелендірген басты қасиет – адалдық еді. Ол атақ үшін емес, өз ісіне деген жауапкершілікпен еңбек етті. Сондықтан жылдар өтсе де оның есімі әріптестерінің жадында сақталды.
Шәйкүл Жаңбырқұлованың еңбек жолы – бір адамның өмірбаяны ғана емес, өткен ғасырдың екінші жартысындағы ауданның еңбек тарихының бір бөлігі. Ол еңбек еткен жылдары жаңа кеңшарлар бой көтеріп, ауылшаруашылығы мен құрылыс дамыды. Ал бұл жұмыстардың барлығында көлік саласының орны ерекше болды. Бүгін көшелерде заманауи автобустар жүріп, жаңа техника халыққа қызмет көрсетуде. Заман да, техника да өзгерді. Бірақ сол техниканы қиын жолдарда тізгіндеп, елдің күнделікті тіршілігіне үлес қосқан еңбек адамдарының маңдай тері ұмытылмауы тиіс. Бүгінгі жетістіктің негізінде кешегі буынның еңбегі жатыр.
Темір тұлпардың тізгінін ұстаған қайсар қазақ қызының өмір жолы – осы ұстанымның жарқын көрінісі. Осындай еңбек адамдарының өмір жолы уақыт өткен сайын маңызын жоғалтпайды. Керісінше, олардың тағдыры кейінгі ұрпаққа өнеге болады. Өмірінің соңғы жылдары Шәйкүл Жаңбырқұлованың тағдыры оңай болған жоқ. Алайда оның ғұмыр жолын бір ғана кезеңмен бағалау мүмкін емес. Ол елге қызмет етіп, маңдай терімен еңбек еткен, өз мамандығын сүйген жан ретінде есте қалды. Оның есімі мен еңбегі ауданның еңбек тарихында сақталып, кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Бауыржан ЖҮНІС

















