ЖАҚСЫ АТЫ ТҰРАР ЖАҢҒЫРЫП
Білім саласы – ұлттың бәсекеге қабілетін арттыратын мемлекетіміздің басты стратегиялық тірегі десек, ұстаз – бала бойына білім мен тәрбие нәрін дарытып, өмірге қанаттандыратын ұлағат иесі. Осы саланың дамуына үлес қосқан жандар ауданымызда аз емес. Сондай жанның бірі – ҚР «Білім беру ісінің үздігі», ардақты азамат Әмірхан Жомартов ағамыз.
Әмірхан Мұғинаддинұлы 1937 жылы Қазалы қаласында өмірге келген. 1945-1947 жылдары қаладағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепте 2 сыныптық білім алса, 1947-1955 жылдары Жосалы кентіндегі №26 орта мектепте оқып, үздік аттестатқа бітіреді. Бұдан кейін 1955-1960 жылдары Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «тарих-филология» факультетіне оқуға түсіп, мұғалімі мамандығын меңгеріп шығады.
Ардақты ағаның еңбек жолы №26 орта мектепте ұстаз болудан басталып, мұғалімдер, мектеп оқушыларымен жұмыс істей алу тәжірибесі, біліктілігі мен мәдени интеллектісі, оның сатылып өсуіне септігін тигізеді. 1963 жылы аз уақыттың ішінде қарапайым мұғалімнен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалуы – сөзімізге тұздық болса керек. Ұлағатты ұстаз бұл қызметті абыроймен алып жүріп, одан кейінгі үш жылда мектептің білім көрсеткіші мен деңгейіне жауап беретін – директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлығы қызметін де жауапкершілікпен атқара біледі. Әріптестері, ұстаздар не нәрсенің де парқын біліп, таразының басын тең өлшеп шешім қабылдайтын азаматтың іскерлігіне, ұстанымына, жаңашыл идеясына құрметпен қарады. Адалдық пен еңбекқорлық, ізденіс – өмірінің бір бөлшегі іспетті еді. Көпшілдігі, байыпты да салмақты болмысы, жеті өлшеп, бір кесетін турашыл қасиеті өз алдына. Сондай-ақ ағамыз сыйлы ұстаз, құрметті әріптес қана емес, жанашыр аға, қамқор іні бола білуімен ерекшеленді.
Ағамыздың еңбек жолы әрі қарай аудандық партия комитетінде бастапқыда нұсқаушы, кейін бөлім меңгерушілігімен жалғасын табады. Қайдай қызмет атқарса да, ең әуелі талап қоя білу, оның үдесінен шығу – оның өмірлік ұстанымына айналған. Осы қабілетін бағалаған басшылық №105 мектептің тізгінін сеніп тапсырады. 1989 жылы мектеп директоры болып тағайындалып, бұл лауазымды 1994 жылы, яғни зейнет демалысына шыққанға дейін абыроймен атқарды.
Ә.Жомартов қызметте білікті басшы болса, отбасында адал жар, балаларына қамқор әке бола білді. 1962 жылы Балқия Дастанқызымен шаңырақ көтеріп, 1 қыз, 6 ұлды тәрбиелеп өсірді. Ерлі-зайыптылар бақытты отбасында Зәуре, Назар, Қалдыбек, Қайрат, Алмат, Талғат, Бағдат атты балалары ата-ана үмітін ақтап, жоғары білімді маман болып қалыптасты. Бүгінде олар Алматы, Астана қаласында ел дамуына өз үлестерін қосуда.
«Жақсының аты өшпейді» демекші, өзі ортада болмаса да, жақсы ісі мен аты қалған аяулы азамат жайлы естеліктер былай дейді.
«Әмірхан ағай директор болғанда №105 мектеп №26 білім беру ұясынан кейінгі іргелі оқу орны болды. 100-ге жуық мұғалім ұстаздық етті. Ағай басшылық еткен уақытта іскерлігімен, қарапайымдылығымен ұжымды табысты жұмыстарға бастады. Үлкен, кішіге қамқорлық жасау, мұғалім, оқушымен ортақ тіл табысудағы ұмтылысы жоғары еді. Оқу-тәрбиедегі жаңалықты уақытынан бұрын енгізетін. Соның бірі – пәндік, тәрбиелік бағыттағы жұмысты сауалнама арқылы бағалау болатын. Осы қасиетінің арқасында ұжымда бәрі сыйлады. Оқушылардың еңбек тәрбиесіне ерекше мән берді. Ауылшаруашылығы жұмысында оқушылармен егін жинау, масақ теру науқанында қоян-қолтық араласып, балалардың еңбек қауіпсіздігіне, пайдалы іс істеуіне басшылық жасады. Жалпы аға сол мектептің алдында да абыройлы қызмет атқарған. Кейін де сол адамгершілігімен ұжымның сеніміне ие болды, – деп кезінде бірге қызмет еткен Қармақшы ауданының құрметті азаматы, білім саласының ардагері Төленді Мырзабаев ағамыз еске алса, Ә.Мұғинаддинұлының әріптесі әрі одан кейін мектеп директорлығына келген ауданымыздың құрметті азаматы Гүлжауһар Төлегенқызы былайша тарқатады.
– Р.Жұмаділдаева апай 20 жыл мектеп басқарып, зейнетке шыққан соң орнына Әмірхан ағай келді. Ол кісі мектеп басшысы болғанда, мен оқу ісінің меңгерушісі едім. Аға өте сауатты, білімді болды. Мінезі нағыз ер азаматқа тән парасатты, көргенді жан еді. Бізге дейін партия комитетінде бөлім басқарған. Ағайдың мықтылығы – адам тани білетінінде десем артық емес. Әсіресе, жақсы кадрдан айырылмау керек деп отыратын. Өте сауатты дейтінім – ағайдың алдына барған қағаз қалайда жөнделіп, түзеліп шығатын. Жоғарыға жазған хаты, кейін қайтпай, орындалатын. Мектепте мұғалімдер арасында жылылық, сыйластық байланыс күшті болды. Қалыптасқан ұжымды әрі қарай дамытып алып кетті. Саяси жағынан үлкен мектеп еді деп айтуға болады. Оқушылардың біліміне, ұстаздардың еңбегіне мән беріп қарайтын. Жетістіктерін елеусіз қалдырмайтын. Адаммен сөйлесу, қарым-қатынаста өзімен тең ұстайтын. Балқия апай да көпшілдігімен тартып тұратын. Балалары сауатты, тәрбиелі болып өсті. Ағайдың қамқорлығы, кішіпейілдігі жүзінен төгіліп тұратын, – дейді Г.Төлегенқызы.
Білім саласында, сонымен қатар партияда қызмет еткен жылдары Әмірхан Жомартов ағамыз бірқатар медаль, құрмет грамотасымен марапатталды. Салаға сіңірген еңбегі үшін ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Өкініштісі сол, абзал азаматтың әзиз жүрегі 2010 жылы, 73 жасқа қараған шағында мәңгіге тоқтады. Десе де, «Орнында бар оңалар» демекші, әке жолын жалғаған бір қауым ұрпағы, артында іздеуші елі барда азаматтың еңбегі мен өнегелі ісі, ардақты есімі ешқашан өшпек емес. Асыл азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын.
Ардақты азаматтың рухына арнап осы жылдың 14 тамызында Қызылорда қаласында «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде сағат 12.00-де Құран оқылып, ас беріледі.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
















