Құрылтай
» » ҚЫЗЫЛОРДАДА АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ


Биыл қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, философы және композиторы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толды. Атаулы күнге орай Қызылорда қаласындағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп алаңында ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Руханиятқа тағзым еткен шараға облыс басшылығы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай өз сөзінде Абай мұрасының ұлттық руханияттағы маңызын атап өтіп, ұлы ақынның шығармалары жас ұрпақты білімге, еңбекке және адамгершілікке үндейтінін жеткізді.
-Абай - қазақтың рухани әлемін жаңа деңгейге көтерген, білім мен ғылымды, еңбек пен адамгершілікті, ел бірлігі мен жауапкершілікті басты құндылық ретінде дәріптеген ұлы тұлға. Ақын өз дәуіріндегі қоғамның кемшіліктерін сынға алып қана қоймай, одан шығудың жолын да көрсетті, халықты білім алуға, ғылым үйренуге, еңбек етуге және өзін-өзі жетілдіруге шақырды. Бүгінде Абайдың осы тағылымды ойлары өзектілігін жоғалтпай, әсіресе жас ұрпақ үшін маңызды рухани бағдар болып отыр. «Ғылым таппай мақтанба» деген ақын өсиеті білімді, саналы әрі ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеудің маңызын айқындайды. Абайды ұлықтау - өткенге тағзым ету ғана емес, оның өнегесін бүгінгі күнмен сабақтастырып, болашақ ұрпаққа жеткізу, - деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы Абайдың қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойдағы айрықша орнына тоқталып, ақын мұрасын дәріптеу мен кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.
- Соңғы үш жыл көлемінде Абай күні барлық мектептерде, білім беру ұйымдарында және түрлі мекемелерде кеңінен атап өтіліп келеді. Абайдың осыдан 150 жыл бұрын айтып кеткен тағылымы мен өсиеттері бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын оның ойларының мәні тереңдеп, маңызы артып, мәңгілік құндылыққа айналып келеді. Мен Абай мұрасындағы екі мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Біріншісі - Абай тек қазақ ұлтының мәселесін ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ мәселелерді көтерді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі - соның айқын дәлелі. Адамзатты сүю, барша адамға құрметпен қарау, бірлік пен ізгілікті дәріптеу - Абай шығармашылығының негізгі өзегінің бірі. Екіншісі - Абайдың «толық адам» мәселесін көтеруі. Ұлы ойшыл өзінің қара сөздерінде бұл ұғымға бірнеше рет тоқталады. Бүгінде «толық адам» тұжырымдамасының маңызы артып отыр. Оны Мемлекет басшысы да өз сөздерінде атап өтіп, толық адамға ұмтылудың қажеттігін айтып келеді. Ал толық адам дегеніміз тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз болған адам емес. Ол - рухани жағынан кемелденген, білім мен ғылымды меңгерген, әдеп пен иманды, адамгершілік пен ар-ұятты бойына сіңірген тұлға. Абай да адам бойындағы осы қасиеттердің тұтастығын жоғары бағалаған. Ұлы ақын бірінші орынға еңбекті, білім мен ғылымды қойды. Бұл құндылықтар бүгінгі қоғам үшін де аса маңызды. Сондықтан Абайдың сөзі де, өлеңі де, қара сөздері де ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Оның мұрасы - ұлт үшін мәңгілік рухани қазына. Сондықтан біз Абайдың осы тағылымын кейінгі ұрпаққа жеткізіп, оның шығармаларын кеңінен насихаттап жүруіміз керек. Өйткені Абайды насихаттау - ұлы ақынның есімін ұлықтау ғана емес, оның адамдық, білім мен ғылым, еңбек және ізгілік туралы өсиеттерін қоғам өмірінде жалғастыру, - деді Мұрат Бақтиярұлы.
Гүл қою рәсімі ұлы ақынның шығармашылығын өнер арқылы дәріптеумен жалғасты. Шара барысында Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай», «Өзгеге көңілім тоярсың» әндері орындалып, ақынның қара сөздерінен үзінділер оқылды.
Әсіресе жас өрендердің Абай шығармаларын мәнерлеп оқуы шараның мазмұнын тереңдете түсті. Жас буынның орындауындағы әрбір өлең мен тағылымды сөз - ұлы ақын мұрасының бүгінгі ұрпақ санасында жаңғырып, рухани сабақтастықтың жалғасып келе жатқанының көрінісі.

Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

10 тамыз 2026 ж. 51 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№59 (10527)

08 тамыз 2026 ж.

№58 (10526)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (10525)

01 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 629
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 092

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31