«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЕҢБЕК ЖАСАҚТАРЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қорқыт ата аллеясында сенбілікке атсалысып жатқан «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздарымен кездесті.
Аймақ басшысы табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау өркениетті қоғамның басты құндылығы екенін атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өңірімізде ауқымды жұмыс атқарылуда.
Шілде айының басында күшіне енген халықтық Конституцияда табиғатты қорғау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаты алғаш рет заң деңгейінде бекітілді. Ендігі жерде қоршаған ортаға жанашырлық таныту – әрбір азаматтың конституциялық парызы.
Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі, Президент саябағы, бүгінгі сенбілік өтіп жатқан Қорқыт Ата саябағының жаңаша келбетке енуі – өңіріміздің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жүйелі саясаттың жемісі.
Осындай игі істердің бел ортасында әрдайым «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары жүреді. «Жасыл ел» – маусымдық жұмыс емес, жастарды еңбекке баулитын, елжандылыққа тәрбиелейтін, қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыратын үлкен азаматтық мектеп. Бұл жоба арқылы мыңдаған жас алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, туған жердің дамуына сүбелі үлесін қосып келеді.
Биыл жобаға 21 жыл толды. Осы уақыт ішінде «Жасыл ел» өз тиімділігін дәлелдеп, жастар саясатының ең табысты жобаларының біріне айналды. Туған өлкеміздің тазалығы мен көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Сенбілікте аймақ басшысы жастармен экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөнінде еркін пікір алмасты.
Айта кетейік, өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысуымен 118 саябақ, сквер, аллея және қоғамдық демалыс орындары көгалдандырылып, 12 гектар аумақ тұрмыстық қалдықтан тазартылды.
Биыл да 1200-ден астам жас осы игі іске атсалысып, өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосуда.
Жасақ сарбаздары арнайы киімдермен, құрал-жабдықтармен қамтылған.
Сонымен қатар, бүгін облыс әкімі «КБИ» , «Бәйтерек» шағын аудандары мен Жаппасбай батыр көшесіндегі тазалық, абаттандыру және балалар ойын алаңдарының жағдайын, Сағымбаев көшесін қайта жаңғырту жұмыстарын көріп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

















