НЕГЕ АЗ ЖЕСЕҢІЗ ДЕ САЛМАҚ ҚОСАСЫЗ?
Семіздікке ұйқы, тамақтану, қозғалыс, генетика, гормондар және жалпы калория теңгерімі сияқты көптеген фактор әсер етеді. Сондай-ақ, кортизолдың жоғарылауынан кейбір адамдарда тәбет артып, әсіресе іш аймағына майдың жиналуы пайда болады.
Көпшілік «мен тамақты аз жеймін, сонда да салмақ қосамын» дейді. Ал шын мәнінде мәселе тек тамақта емес. Адамдағы созылмалы стресс кортизол деңгейін жоғарылатады. Уақытылы демалмау, ұйқының жеткіліксіздігі, аз қозғалыс, дененің ширақ болмауы, өңделген тағамдарды көп тұтыну, тәтті мен тез дайындалатын тағамдарға тәуелділік – бұлардың барлығы да ағзаға үлкен стресс.
Ал, семіздіктен арылып, жеңіл жүріп, ағзаға көмектесу үшін: күніне ертерек жатып, 7-9 сағат сапалы ұйықтау, әр тамақтанғанда ақуызды, дәруменге бай тағамдарды: ет, сүт, балық, дәнді дақылдар, дән, бұршақ өнімдерін жеткілікті мөлшерде тұтыну пайдалы. Күніне кемінде 8-10 мың қадам жүру немесе тұрақты дене белсенділігімен айналысу, көкөніс пен талшыққа (клетчатка) бай тағамдарды – көкөніс, жеміс-жидектер, брокколи, қырыққабат, сәбіз, қызылша, бұршақ дақылдары сияқты өнімдерді тамақтану рационында көбейту ағзадағы зат алмасу процесін реттейді. Қантты, газдалған сусындар мен энергетиктерді, ультраөңделген тағамдарды шектеу немесе олардан бас тарту – үлкен жеңіс. Сонымен қатар стрессті басқару да маңызды. Ашуға берілмей дұрыс тыныс алу жаттығуларын жасау, серуендеу, спортпен айналысу, уақытылы демалыс, саяхат жасау, денсаулық үшін тұрақты әдеттер қалыптастыру жүйке жүйесінің қызметін жақсартады.
Жалпы денсаулықты нығайту – қатаң диетада емес, күн сайын қайталанатын дұрыс әдеттерде, зиянды әдеттерден аулақ болуда, жан дүниенің тыныштығын сақтап, өмірге ризашылықпен қарауда. Жақсы ой – жақсы әдетке, жақсы әдет – жарқын өмірге бастайды. Таңғы таза ауа, табиғи өнімдер, күнделікті қимылқозғалыс – денсаулықтың мықты іргетасы. Осы артықшылықтарды бағалай білсек, өзімізге жаратсақ ұрпағымызға да үлгі боламыз. Кішкентай өзгерістердің өзі уақыт өте үлкен нәтижеге жеткізеді.
Адамдар денсаулықтың ең үлкен байлық екенін жасы келген сайын ғана түсіне бастайды. Байлық та, мансап та, атақ та денсаулықтың орнын баса алмайды. Сондықтан денсаулық мәдениетін қалыптастыру – әр адамның өз өміріне деген жауапкершілігі.
Бүгіннен бастап өзіңізге бір ғана пайдалы әдет енгізіңіз. Мысалы, таңертең 20 минут серуендеу, көбірек су ішу немесе кешкі уақытта телефон қарамай, отбасыңызбен бірге уақыт өткізіп, әңгімелесу. Сөйтіп өзіңіздің миыңызға, ағзаңызға, өміріңізге тәртіп орната аласыз. Деннің саулығы – дәрігер сыйлайтын сыйлық емес, әр адамның күн сайын жасайтын дұрыс таңдауы.
Өз денсаулығыңызды күтіңіз, себебі сіздің амандығыңыз – алдымен өзіңіздің, сосын отбасыңыздың бақыты, қоғамның саулығы. Сол себепті өзіңізге уақыт бөліңіз. Бір қадам – денсаулыққа бастар үлкен жол.
Әмина ТАХИРҚЫЗЫ















