СЕРУЕНДЕ СЕРГЕКТІКТІҢ СЫРЫ БАР
Күнделікті өмірдің қарапайым әдеті – үлкен өзгерістің бастауы. Күйбең тіршіліктің арасында бір сәтке аялдап, тыныштық пен табиғатқа құлақ түріп көрдіңіз бе? Қарқынды қозғалыс, уақыттың тапшылығы бізді үнемі асықтырып, қозғалыстан алыстатып барады. Ал дәл сол қозғалыс – нақтырақ айтқанда, жаяу серуен – жан мен тәнге шипа болатынын көпшілік біле бермейді. Иә, жаяу жүру өмірді ұзартатыны бұрыннан белгілі. Оның үстіне бұл үшін күніне 20-30 минут бөлу жеткілікті. Бірақ қарбалас өмір қабаттасқан қоғамда «уақыт жоқ» деген желеумен жаяу жүруге көңіл бөле бермейді көбі.
Жаяу жүру – өзіңізді бір қалыпта ұстаудың қарапайым жолы. Кейбір спорттың түрі адамдарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Ал жаяу жүрудің ешқандай зияны жоқ. Керісінше оның адам денсаулығына пайдалы тұсы өте көп. Бұл – адамның физикалық және психологиялық жағдайына оң әсер ететін жаттығулардың ең қарапайым және қолжетімді түрі. Денсаулықты нығайту үшін аптасына 150 минут жаяу жүру ұсынылады. Егер сіз жалпы тонусты сақтағыңыз келсе күніне 5000-7000 қадам немесе 20-30 минут жүрген жақсырақ. Ал артық салмақтан арылғыңыз келсе күніне кемінде 10 000 қадам жүрген дұрыс. Бұл орташа есеппен 6-8 км немесе бір сағат жаяу жүру дегенді білдіреді. Оның үстіне жаяу жүру қаражатты қажет етпейді. Жаяу серуендеуге алдын ала жазылу, арнайы киім немесе құрал-жабдық қажет емес, кез келген уақытта және кез келген жерде таза ауамен тыныстап жүруге болады.
Жаяу жүруді күнделікті әдетке оңай айналдыруға болады. Ең бірінші жақын жерге көлікпен, автобуспен емес, жаяу жүруге дағдыланыңыз.
Жаяу жүру тіпті белсенді жаттығуды алмастыра алады. Көп жүрсеңіз денеңіз де сымбатты болады. Жаяу жүру де алаңдаушылық деңгейін төмендетуге көмектеседі. Жаяу жүргенде бақыт гармоны серотонин мен эндорфин бөлінеді.
Оның ең бірінші артықшылығы салмағыңызды бір қалыпта ұстауға көмектеседі. Аустралиялық ғалымдар 2013 жылы зерттеу жұмысын жүргізді. Олар 822 адамның салмағын өлшеп, әр қатысушының 4 жылдың ішінде 1 килограмм 400 грамм қосқанын анықтады. Жұмысқа көлікпен барғандардан жаяу барған адамдардың салмағы 900 граммға кем екені мәлім болды. Сондай-ақ таңғы серуен арқылы қандағы қант мөлшерін реттеуге болады. Diabetes Care журналында жарияланған ғалымдардың зерттеуі бойынша, тамақтан кейінгі 15 минуттық серуен қандағы қант мөлшерін реттеуге көмектеседі.
Мұнан өзге жаяу жүрумен көңілкүйді оң бағытқа бұруға болады екен. Америкалық психолог Роберт Тайер «10 минут жаяу жүрсеңіз, 2 сағат көңіл-күйіңіз көтеріңкі жүреді» дейді.
Қазір әлеужеліде қысқа контент бәрінің миын шірітіп жатыр. Оны өзі де байқай бермейді. Бір минуттың ішінде бірнеше эмоцияларды бастан өткеру де ағзаға үлкен стресс алып келеді. Осы арқылы есте сақтау қабілетіңіз де бәсеңдей бастайды. Ал мұны болдырмас үшін жиірек жаяу жүрген абзал. Айталық, аптасына 3 рет 40 минуттан жаяу жүретін жандардың есте сақтау қабілеті 2%-ға жақсарады.
Жаяу жүру жүрек ауруларының алдын алатынын да ескерте кетейік. Күніне кем дегенде 15 минут жаяу жүрген адам жүрек ауруларының алдын алады. Сонымен қатар жаяу жүру зат алмасу процесін жақсартып, иммунитетіңізді көтереді. Америкалық онкологиялық орталық күніне 1 сағат жаяу жүрген әйелдердің сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күресуге қауқары бар екенін айтады.
Қарапайым ғана қозғалыс секілді көрінгенімен, жаяу жүру – адам денсаулығына мол пайда әкелетін ең оңай әрі ең табиғи жаттығу.
Жаяу жүру – буындарға салмақ түсірмей, жүрекке жаттығу жасатудың ең қауіпсіз жолы. Әсіресе таңғы немесе кешкі уақытта ашық ауада серуендеу жүйке жүйесін тыныштандырып, ұйқыны жақсартады. Бұл – дене мен жанға бірдей пайдалы.
Қарбалас өмірден бір сәт бой жазғыңыз келіп, жаныңызға тыныштық іздеп, ойды ретке келтіру керек болғанда жаяу жүріңіз. Себебі жаяу жүру – тек физикалық белсенділік емес, ол – жанның да тынығуы. Табиғатпен үндесе отырып, адам өз ішкі әлемін тыңдайды, ой түйеді, алға мақсат қояды.
Жаяу жүргенде адамның ойы жинақталады. Бірнеше минуттық серуен – күннің қалған бөлігін тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Ұйқы сапасы жақсарып, тәбет реттеледі. Адамның көңіл-күйі көтеріледі. Бұл – салауатты өмір салтының ең оңай бастамасы.
Ақнұр САҒЫНТАЙ