» » Саулықты серік еткен әжей

Саулықты серік еткен әжей

Дәл қазіргі қоғамда денсаулығы жақсы, сырқатсыз жүрген адамды жолықтыру мұңға айналып барады. Ауырмаймын дегендердің әйтеуір бір денсаулығы күніне болмаса да ара-тұра сыр беруде. Оған себеп күнделікті қимыл-қозғалыстың аздығы. Техника дамыған заманда бұл жағдай тіпті төмендеп бара жатқандай. Саламатты өмір салты туралы қаншама жыл бойы айтылып келе жатса да өкінішке қарай әлі де көпшілік оған жөнді көңіл бөлмей келеді.
Қарапайым қимыл-қозғалыстың ең жеңіл түрі жаяу жүру десе, бүгінде егде адам түгілі жас жеткіншектердің өзі аяқ тартып, құлшыныс таныта қоймайды. Автокөлік пен қоғамдық көліктер тоқтаусыз жүріп жатқан уақытта бір жерден екінші жерге жаяу бару әлдекім үшін миға қонымсыз болуы мүмкін. Алайда жаяу жүріп қимылдау арқылы бойыңыздағы дертке қарсы үлкен шипа барын бірі білсе, бірі білмес.
Кент тұрғыны Гүлжамал Жиенбаева әжей жаяу жүрудің денсаулыққа нағыз пайдасын білген жанның бірі. Бүгінде кейуананың жасы сексен төртте. Ол жаяу жүруді 2010 жылдан бастап әдетке айналдырған. Оған сол уақытта жиі ауырып, сырқаттануы сеп болыпты.
– Денсаулықтың қадірін қартайғанда білесің деп дана халқымыз бекерге айтпаған. Адамның жасы келген сайын сырқаты көбейе түсетіні рас екен. Бұрын жастықпен жұмыстың ауыр-жеңілін елемей, елге қызмет еттік. Жолдасым екеуміз Кеңес уақытында Қармақшы, Иіркөл ауылдарында мал баққан жандармыз. Ол кезде қой санын көбейту керек деген қатаң тапсырма бар. Күннің ыстық-суығына да қарамадық. Әйтеуір абыроймен сол үдеден шығып, бәйгесін алып, елдің құрметіне бөлендік. Бірақ осы тынымсыз жұмыстың та әсері денсаулыққа кейін сыр бере бастады. Балаларымыз болса да кейінгілері тұрмады. Жасым ұлғайған сайын қан қысымым жиі көтеріліп, ауруханаға көп түстім. Маған сол кезде көптің ақылы көмектесті. Қаныңыз қоюланып қалған, көп жүру керек деген кеңестер пайдасын тигізді. Міне, сол жылдан бері үздіксіз жаяу жүрумен айналысамын. Таң намазынан соң қолыма таяғымды алып, кенттің сыртқы жағын күнделікті жолым бойынша үш-төрт шақырымды артқа тастаймын. Үйге келген соң әрі қарай жарты сағаттық жаттығуға көшемін. Құдайдың құдіретін сезсеңіз таңғы уақытта ауа сондай таза болады. Адамға күш-қуат береді, – дейді әжей.
Таяқ ұстағанға тым қарт кісі деп ойлап қалмаңыз. Гүлжамал әжей сырт көзге әлі де тың. Қазір бұралқы иттердің көше кезіп жүретін әдеті емес пе? Содан қорған болу үшін таяқты серік етемін дейді. Жаяу жүргеннің пайдасы бүгінде ол жүрек ауруынан айыққан. Тек күн жылыда ғана жаяу жүрмей, қыста да осы әдетінен жаңылмаған. Аязды күн мен қатты жел соғып, ауа райы құбылғанда жаттығуын үйде жасайды.
Әлемдегі кей ғалымдар халықты сырқаттардан арашалап алудың ең қолжетімді әрі тиімді жолы күн сайын таза ауада жаяу жүру екенін айтқан. Американың Онкологтар қауымдастығы қатерлі ісіктің алдын алудың бірден-бір жолы ретінде де жаяу жүруді ұсынған.
Рас, мынау тұрған төрт-бес үй әрі тұрған дүкенге көлік мініп баратынымыз жасырын емес. Жас болсақ та жаяу жүруге ерініп, мәшиненің ығына жығыла кетеміз. Осыдан кейін салмақ қосып, толығып кеттім деп уәжімізді айта бастаймыз. Ал бүгінде денсаулықтың қадірін білген Гүлжамал әжей жаяу жүрудің пайдасы зор екенін айтып, саламатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
17 тамыз 2024 ж. 206 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 283

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 379

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930