ЕҢБЕККЕ АДАЛ ӘУЛЕТ
Теміржол – тек болаттан төселген жол ғана емес, ол – мыңдаған тағдырды тоғыстырған, сан ұрпақтың маңдай тері мен адал еңбегінің айғағы. Рельстер бойымен жүйткіген пойыздардың әр сапарының артында өз ісіне шын берілген теміржолшылардың тынымсыз еңбегі жатыр. Ал сол еңбектің қадірін терең сезініп, кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келе жатқан теміржолшылар отбасылары ауданымызда жетерлік. Солардың бірі – Аманжоловтар әулеті.
Бұл әулеттен шыққан тұңғыш теміржолшы – Торыбай Аманжолов. Ол 1924 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. 1942 жылы өз еркімен майданға аттанып, №268 гвардиялық атқыштар полкі құрамында Ресей, Украина, Польша жерлеріндегі шайқастарға қатысады. Харьков қаласын азат етуге атсалысып, бірнеше мәрте әскери қолбасшылықтың алғысына ие болады. Соғыс жылдарында үш рет жараланып, Ұлы Жеңісті Польша жерінде қарсы алады. Ерлігі үшін II дәрежелі «Қызыл жұлдыз» орденімен және өзге де жауынгерлік марапаттармен наградталған.
Соғыстан кейін Тула қаласын қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, 1946 жылы туған жеріне оралады. Еңбек жолын Қазалы пайдалану вагон депосының Жосалы техникалық қызмет көрсету бекетінде слесарь-жөндеуші болып бастап, кейін вагон қараушы, аға вагон қараушы, Жосалы вагон бақылау және жөндеу бекетінің шебері қызметтерін абыроймен атқарды.
Теміржол саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін II және III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «КСРО Құрметті теміржолшысы», «Үздік вагоншы», «Еңбек белсендісі» төсбелгілерімен және басқа да мемлекеттік марапаттармен мадақталды. Бірнеше мәрте аудандық атқару кеңесінің депутаты болып сайланды.
Өмірлік жары батыр ана Ұрхия Қарақұлова да теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, құрметті зейнеткер атанды. Ерлі-зайыптылар 11 бала тәрбиелеп өсірді.
Бүгінде олардың өнегелі әулетінен 26 немере мен 32 шөбере тараған. Ұлдары Жаяхмет, Мұратбек және Марат теміржол саласында еңбек етті.
«Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді» дегендей, балалары да өмірлік жолды осы арнаға бұрды. Жаяхмет Аманжолов теміржол саласында 43 жыл еңбек еткен. Алғашқы еңбек жолын электр стансасында электрик болып бастаған ол кейіннен ШЧ-2 белгі беру дистанциясында монтер болған. 1990 жылдан бастап Қорқыт стансасында станса кезекшісі қызметінен станса бастығы лауазымына көтерілген. Саладағы үздіксіз еңбегі үшін құрмет грамоталар мен 2015 жылы «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Оның өмірлік жары Бахыткүл де осы саланың ардагері.
Ағаның тұрғындарға үлгі болатын тірлігі көп. Соның бірі – бағбандығы. Осыдан біраз жыл бұрын Қорқыт елді мекен тұсынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің құрылысы жүрген болатын. Осы жұмыс басталған уақыттта құрылысшылар жол салу үшін өсіп тұрған жас сексеуілдерді трактормен тамырымен қопарған кезде толқып кеткен Жаяхмет Торыбайұлы 54 түп жас сексеуілді станса ғимаратының айналасына әкеліп отырғызады. Кейін бұл сексеуілдер жайқалып өседі. Осы туралы арнайы газет беттерінде «Сексеуіл өсірген теміржолшы» мақаласы да жарық көрген.
– Жастайымыздан жұмысқа ерекше жігермен араласып, жаздың шыжыған ыстығында, қыстың сақылдаған сары аязды күнінде болат жолдың бойында аса жауапкершілікпен тынбай еңбек еттік. Мен де әке жолын қуған ұрпақпын. Өзім де, балаларым да шойын жолда еңбек етеміз. Мұнда босаңсуға болмайды. Себебі адам тағдырынан қымбат жауапкершілік жоқ. Жол бойының майы қалай жұқса, наны да солай сіңімді болады екен. Сондықтан да балаларға қай істе де жауапкершілікпен адал еңбек еткенде ғана абыройлы отбасы боласыңдар деп ылғи айтып отырамын, – дейді ол.
Сала ардагері Жаяхмет ағамыздың үш ұлы да атасы мен әкесінің жолын таңдап, теміржол саласында еңбек етуде. Үлкен ұлы Ғани Жаяхметұлы Қазалыдағы теміржол колледжінде вагон қараушы мамандығын меңгеріп, 2002 жылы ПЧ-3 теміржол дистанциясында еңбек жолын бастады. Жас маман ретінде жауапкершілікпен қызмет атқарып, теміржол саласында тәжірибе жинақтады. Қазіргі таңда еңбек жолын басқа салада жалғастырып жүргенімен, теміржолдағы қызметі оның өмір жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болып қалды.
Ортаншы ұлы Алмат Жаяхметұлы Қызылорда аграрлы колледжінде білім алып, 2006 жылы «БИС» компаниясында пойыз құрастыру операторы ретінде еңбек жолын бастады. Кәсіби білімі мен жауапкершілігінің арқасында көп ұзамай Қызылорда бөлімшесіне ауысып, 2007 жылдан бері станса кезекшісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ал Сарманби Жаяхметұлы Ақтөбе қаласындағы теміржол колледжін тәмамдап, кейін жоғары білімін Алматы қаласында жалғастырды. 2012-2013 жылдары әскер қатарында болып, алғашқы еңбек жолын 2015 жылы осы салада бастайды. Түрлі жауапты қызметтерді атқарып, 2019 жылы Қорқыт стансасында станса бастығы болды. Қазіргі таңда Жосалы стансасында кезекші қызметін атқарып, теміржол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда.
Аманжоловтардың теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 230 жылды құрайды. Бұл дегеніміз – мамандыққа адалдық пен еңбекке деген үлкен ықыласты білдірсе керек. Тағы бір айта кетерлігі, майдангер теміржолшы, еңбек ардагері Торыбай Аманжоловқа Жосалы кентінен арнайы көше де берілді.
Теміржолшылардың тынымсыз тірлігі ел экономикасына қомақты үлесін қосуда деп қабылдаған дұрыс. Өйткені, айшылық алыс жерлерге аманесен жетуде, жолаушының жолын қысқаруына оған қоса, жүк тасымалының қарқынды дамуында теміржолшылардың темірдей тәртібі менмұндалап тұр.
Ақнұр САҒЫНТАЙ

















