ТҮРКІ РУХАНИЯТЫ ТОҒЫСҚАН КЕЗДЕСУ
Ауданға жұмыс сапарымен келген Әзербайжан техникалық университетінің делегациясы өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысып, Қорқыт ата мемориалдық кешеніне арнайы барды. Делегация құрамында университеттің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, доктор Фариз Маммадов, радиоэлектроника және телекоммуникациялар кафедрасының меңгерушісі, профессор, доктор Мехман Хасанов және экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесші Наиб Гаджиев болды.
Іссапардың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ғылыми-білім беру саласындағы әріптестікті нығайту, түркі халықтарына ортақ рухани құндылықтарды зерделеу және тарихи-мәдени мұраларды халықаралық деңгейде дәріптеу бағытындағы тәжірибемен танысу.
Сапар барысында қонақтар Қорқыт ата мемориалдық кешенін аралап, киелі орынның қалыптасу тарихы, сәулеттік ерекшелігі және оның түркі дүниесінің рухани өміріндегі айрықша орны туралы жан-жақты ақпарат алды. Экскурсия барысында оның өмірі мен шығармашылық мұрасы, қобыз өнерінің қалыптасуы және ұлы ойшылдың адамзат өркениетіне қосқан өлшеусіз үлесі жөнінде кеңінен баяндалды.
Делегация мүшелері мемориалдық музейдің экспозициялық залдарын аралап, Қорқыт мұрасына қатысты тарихи-мәдени жәдігерлермен, археологиялық құндылықтармен, көне қолжазбалар көшірмелерімен және музей қорындағы бірегей экспонаттармен танысты. Музей қызметкерлері арнайы экскурсия өткізіп, Қармақшы өңірінің бай тарихы, Сыр бойы өркениетінің қалыптасуы және Қорқыт ата есімімен байланысты тың деректер жөнінде мазмұнды мәліметтер ұсынды.
Кешен аумағын аралау кезінде қонақтар мемориалдық сәулет нысандарының көркемдік шешіміне, ұлттық нақыштағы сәулет элементтеріне және тарихи орынның табиғи келбетіне ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар олар Қорқыт ата мемориалдық кешенінің түркі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Кездесу барысында қонақтар тарихи-мәдени мұраны сақтау, ғылыми зерттеулер жүргізу, білім және мәдениет салаларындағы халықаралық байланыстарды кеңейту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Делегация өкілдері Қармақшы ауданында мәдени туризмді дамыту, тарихи нысандарды жаңғырту және оларды әлемдік деңгейде насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағаларын білдірді.
Айта кетейік, Қорқыт ата мемориалдық кешені бүгінде Қазақстанның ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани символына айналған қасиетті мекендердің бірі. Мұнда жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден мыңдаған туристер, ғалымдар мен зерттеушілер келіп, Қорқыт мұрасымен танысады. Бұл кешен ғылымизерттеу, мәдени-ағартушылық және туристік бағыттарды тоғыстырған маңызды тарихи-мәдени орталық ретінде халықаралық қауымдастықтың қызығушылығын арттырып келеді.
«ҚТ» ақпарат
















