Құрылтай
» » ТАЗАЛЫҚ – МӘДЕНИЕТ ТӨРЕСІ

ТАЗАЛЫҚ – МӘДЕНИЕТ ТӨРЕСІ

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған "Таза Қазақстан" акциясы бүгінде республикамыздың түкпіртүкпірінде жалғасын табуда. Оған ауданымызға қарасты Төребай би ауылының тұрғындары да біркісідей атсалысуда. Елді мекенде күнделікті абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Орталықтан 25 шақырым жерде жатқан шағын мекеннің тазалығы ауыл халқының қоршаған ортаға деген жанаршылығын көрсетсе керек-ті.
Өткен жылы 60 жылдық меретойын дүбірлетіп өткізген ауылдың бүгінгі келбеті жаңғырып, жаңаша қалыптасқан. Көшелердегі тазалық, жергілікті тұрғындардың жасыл желекке мән беріп, ел игілігіне берілген нысандарды күтіп ұстауы – төребайбиліктердің ауызбірлігін байқатқандай. Айта кетерлігі – мұндай келелі істерге тек мекеме қызметкерлері немесе тазалыққа жауаптылар ғана емес, тұрғындар да өз тарапынан үлесін қосатыны. Соның бір дәлелі – елді мекенде экологиялық мәдениетті сақтап, жасыл желекті көбейту мақсатында әр тұрғын ауласына Сыр талы, қаратал, терек секілді жылдам жерсінетін ағаштар отырғызып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына белсене кірісуде. Одан бөлек, азық болар жеміс ағаштары аула, бақтарында көктеп-көгеріп тұрғаны жанға жайлылық сыйлайды.
Ауылдағы санитарлық тазалық, көгалдандыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ауыл әкімі Владимир Жақсылықұлынан сұрап білген едік.
– Қазақ атамыз тазалыққа ертеден-ақ мән берген ғой. «Тазалық – табалдырықтан басталады», «Тазалық – иманның жартысы», «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» дегенді жай айтпаған. Тазалық бар жерде – байлық пен береке, денсаулық болатынын ұрпағына айтудан жалықпаған және осы қағиданы берік ұстанған. Біз де осы ұстанымды келешек ұрпаққа насихаттаудан шаршамаймыз. Өйткені ертеңгі елдің иесі осы ұрпағымыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, таза ортада өмір сүру мәдениет пен өркениет белгісі.
Ауылда көркейтуге, көгалдандыруға маңыз беріп отырмыз. "Таза Қазақстан" акциясын жүйелі түрде жүргізіп отырмыз. Көшелермен бірге жергілікті тұрғындар да аула, бау-бақшаларына жеміс ағаштарының түр-түрін егіп, үлгі болуда. Алма, алмұрт, сарыөрік, қараөрік, шие, жүзім, айва, тағы басқа жеміс ағаштары әр үйдің баубақшасынан кездестіруге болады. Сонымен қатар ауылда жаңа жасыл белдеулер қалыптастырылып, табиғатқа деген қамқорлық арта түсуде. 2020 жылы Жеңіс көшесінің аяқ жағындағы 0,8 гектар аумаққа 300 түп жиде, сарыөрік, Сыр талы және қаратал көшеттері отырғызылды. Өткен жылы ауылдың кіреберіс жолына 30 түп Сыр талы мен қарағаш, О.Қазиев көшесі бойындағы баққа 100 түп терек, қаратал және Сыр талы көшеттері егілді. Қазіргі таңда Қорқыт ата көшесінің аяқ жағынан 0,8 гектар жер дайындалып, күз мезгілінде ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр. Егілген көшеттерге ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері мен қоғамдық жұмыстағылар тұрақты күтім жасап, суару, қопсыту және баптау жұмыстарын жүргізуде. Бұған қоса ауылға аптасына бір рет аяқсу үздіксіз беріліп, жасыл желектердің уақытылы күтімі қамтамасыз етілуде, – дейді ауыл әкімі.
Мұндағы санитарлық тазалық жұмыстары да тұрақты бақылауда. Ауыл аумағындағы бұзылған тұрғын үйлердің орындары толық тазартылып, 352 текше метр қоқыс арнайы полигонға шығарылған.
– Ауылдың көркін арттыру, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыруда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Көше бойларындағы ағаштар әктеліп, электр бағаналары сырланды. Жаяу жүргіншілер өткелдерінің жолақтары жаңартылып, қайта қалпына келтірілді. Бұзылуға жататын ескі ғимараттардың айналасы тазартылып, қоршауға алынды. Көшелер, алаңдар, ойын алаңдары, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандардың айналасы тазартылып, ауылдың санитарлық тазалығы әркез назарда ұсталады. Биыл ауылымызда газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір 98 пайызға аяқталып тұр. Елді мекен тұрғындары көгілдір отынды асыға күтуде. Қазірдің өзінде біраз отбасы үйлеріне газ кіргізуге сақадай-сай отыр, – дейді Владимир Жалғасбаев бізбен әңгімесінде.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
25 шілде 2026 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (10523)

25 шілде 2026 ж.

№54 (10522)

21 шілде 2026 ж.

№53 (10521)

18 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 531
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 012

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031