ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ҚАРМАҚШЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫ
Елімізді абаттандыру және көгалдандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бір реттік науқан емес, жалпыұлттық міндет. Мұндай жұмыс үнемі жүргізілуі керек. Біз Қазақстанға қамқорлық жасауымыз керек – бұл өмір салтына айналуы тиіс. Бүкіл Қазақстан таза болуы керек, бұл бізге және жастарға байланысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті
«Таза Қазақстан» жалпы ұлттық республикалық экологиялық бағдарламасы – Мемлекет басшысының бастамасымен бастау алған жүйелі жоба. 2024 жылдың 8 сәуірінен бастап қолға алынған бұл акция екі жыл бойы еліміздегі өңірлерде тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Қармақшы ауданында да жалпыұлттық акция аясында бірқатар шаруалар қолға алынып, өз нәтижесін беріп те жатыр.
«Таза Қазақстан» жобасы – тек сенбілік өткізу немесе қоқыс жинаумен шектелетін науқан емес. Бұл – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Ауданымызда жүзеге асқан жұмыстар тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын көрсетіп, елді мекендердің көркеюіне оң ықпал етті. Көшелер мен қоғамдық орындардың тазалануы, көгалдандыру шаралары мен абаттандыру жұмыстары ауданның келбетін жаңартып қана қоймай, халықтың бірлігі мен ортақ іске жұмыла білетінін дәлелдеді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасына сәйкес аудан аумағында жүргізілетін жұмыстар аудан әкімі Жандос Еркінбектің назарынан тыс қалған емес. Өткен аптада аудан басшысы қоршаған ортаны қорғауға, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жоба бойынша өткен сенбіліктердің барысын бақылады. Сонымен қатар елді мекендердің, көшелер мен қоғамдық орындардың санитарлық тазалығын тексерді.
Жандос Еркінбекұлы атқарылып жатқан жұмыстарға баға беріп, ауданға қарасты ауылдарды абаттандыру, кенттерді көгалдандыру турасында, жұмыстарды жүйелі жүргізу жөнінде ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімінің орынбасарлары да аудан әкімінің тапсырмасымен бірқатар ауылаймақты аралап, тазалық жұмыстарының қарқынымен танысты. Аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыдықов Қуаңдария, Алдашбай ахун, Тұрмағамбет, Т.Көмекбаев ауылдық округтеріне барып, қоғамдық орындар мен көшелердегі, тұрғындар көп жиналатын аумақтардағы тазалықты тексеріп, жұмыстардың жай-күйін білсе, Диас Молдабаев Ақтөбе, ІІІ Интернационал мен Иіркөл, Төребай би елді мекендерінде болып, мекемелердің аулаларындағы санитарлық тазалық жұмыстарының жүргізілуіне балалар ойын алаңдары мен ауылдық округтердегі орталық алаңдардың жағдайына жіті назар аударды.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Ермек Сәтбаев аудан орталығы Жосалы кентіндегі су айдындарының жағалауларының санитарлық жағдайын бақылап, тазалық жұмыстарының барысымен танысып, жауапты бөлімдерге тазалық жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырмалар берді. Сонымен қатар Ермек Сәтбайұлы облыстық маңызы бар «Жалағаш – Жосалы» автомобиль жолының Қармақшы ауданы аумағындағы 46-шақырымында орналасқан теміржол арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысу мақсатында аталған нысанға барып, құрылыс жұмыстарының ахуалын біліп, жауапты мамандармен жөндеу кезінде Қызылтам ауылының тұрғындарының қатынауына қолайлы жағдай жасау мәселесін қарастырды.
Тазалық әрбір азаматтың күнделікті дағдысына айналғанда ғана «Таза Қазақстан» секілді жобалардың нәтижесі баянды болмақ. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мен туған өлкені таза ұстау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, «Таза Қазақстан» идеясы әрбір тұрғынның өмірлік ұстанымына айналуы тиіс.
Ердәулет ОРЫНБАСАР

















