МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ – КӘСІПКЕ ДЕМ
Мемлекетіміз тәуелсіздігін жариялағаннан нарықтық экономикаға таңдау жасады. Содан беріде кәсіпкерлік нысандары ашылып, халықтың сұранысын өтеуде. Кәсіпкерлік қалалармен бірге ауылдарда да дамып, өркен жаюда. Тәуекел етіп, іс бастаған кәсіп иелерін «Бүгінгі күннің батырлары» десек артық емес. Себебі қаншама шақырымды артқа тастап, қала мен даланың ортасын жалғаған жандар халқы үшін үлкен жауапкершілік арқалаған.
Олардың арасында мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, кәсіптерін дөңгелетіп отырғандары да бар. Сондай кәсіпкердің бірі – Жосалы ауылдық округінің тұрғыны,«Нұржігіт» жеке кәсіпкерлігінің иесі Шынар Ідірісова замандасымыз. Ол былтыр кәсіпкерлік саласын қолдауға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 3 миллион теңгеге қол жеткізіп, қажетті құрал-жабдықтарын алған.
Шынар әпкеміз 1966 жылы қазіргі Т.Көмекбаев атындағы ауылда дүниеге келген. Қарағанды кооператив институтын бітіріп, әуеліде Жаңақала ауылында дүкенші болса, одан соң аудан орталығындағы тұтыну одағында көмекші жұмысын атқарған. Кейін қызмет барысымен Төребай би ауылына қоныс аударып, 1987 жылы отбасымен осында көшіп келген.
Ауылдың көрікті қызы 1985 жылы жан серігі Мұрат Шайхиевпен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Ерлі-зайыптылар алғашында ауылдық округте тұрақтап қалуға қобалжығандарымен, уақыт өте елді мекеннің жанашыр бір отбасына айналады.
– Ол кезде бүгінгідей тақтайдай жол жоқ. Көрінген көлікпен қатынайсың. Шынын айтсақ, «Бұл жақта кім тұрады дейсің?» деп ойлаған кезіміз де болды. Жердің шаңы аспанға атып жататын. Бұл жерге келгенім – ауыл дүкеншісі еңбек демалысына шығып, орнына мені жібереді. Уақытша істеп, елге қайтамын деп жүріп, қалай тұрақтағанымызды өзіміз де білмей қалдық, – деп күлімсірей сөйлеген Шынар Жақсылыққызы ауылға келген бастапқы кезін еске алды.
Кәсіпкер ананың Төребай бидің тұрғыны атанғандарына отыз тоғыз жыл болса, сауда саласында қызмет еткеніне қырық жылдан асады екен. Ал кәсіпті 2004 жылы бастаған. Қоғамның бетбұрысы бұлдыр уақытта кәсіпке иек артқан кейіпкеріміз дүкен ашудың машақат болғанын жасырмайды.
– Елдің етек-жеңін жинауға жанталасып жатқан кезі. Көштен қалмайық деп, біз де өз тіршілігімізді жасадық. Осы дүкенге жапсарлас тұрған шағынжай біздің сол алғашқы тұрғызған дүкеніміз. Әр саланың өз қызығы мен қиыншылығы болады дегендей, кәсіппен айналысуға төзім мен жүрек керек. «Кәсіпте береке бар» деп аталарымыз айтқандай, азық-түлік тауары болған соң халықтан сұраныс бар. Затты Қызылорда мен Жосалы кентінен көтерме саудамен аламыз. Шүкір, осы жерден өсіпөніп, бала-шағамызды оқытып, үй қылып отырмыз.
Ерекше айтып кетерлігі – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көріп отырған отбасының біріміз. Жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5 жылға алып отырмыз. Бұл кәсіпті жетілдіруге, кеңейтуге үлкен мүмкіндік. Мемлекетіміздің қолдауына көптен-көп алғысымды айтамын. Кешеге дейін тоңазытқыш, мұздатқыш, зат қоятын сөрелер, басқа да дүкен жабдықтары ескі болып келген. Қазір сервис деген бар ғой. Сапамен қоса, қызмет көрсету де маңызды. Тұтынушы заманға сай сауда орнынан сауда жасаса, бұл да сауда мәдениетін көрсетеді. Ескінің барлығын жаңартып, қауіпсіздік үшін бақылау камерасы орнатылды. Алған қаражатқа дүкен іші толық жаңаланып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар желдеткіш қойып, маңдайшаны жаңалап, талапқа сай етіп қойдық. Алған несиеміз ай сайын төленіп тұр. Осындай ауыл тұрмысының дамуына жағдай жасаған мемлекетімізге, қаражатқа қол жеткізуге қолдау білдірген аудан, ауылдық округі мамандарына отбасы атынан ризашылығымызды білдіреміз. Мақсатымыз – халыққа адал қызмет етіп, әрмен қарай да кәсібіміздің көкжиегін кеңейтсек дейміз, – дейді кәсіпкер ана.
Шынар Жақсылыққызы шаңырағында өмірлік серігі Мұрат ағамызбен бірге 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірген өнегелі жандар. Мөлдір – Ақжар ауылының ибалы келіні. Білім саласының қызметкері. Медет – Шымкент қаласынан әскери академия бітірген. Қазір анасының жолын қуып, кәсіпкерлікпен шұғылдануда. Нұржігіт ауылдың су шаруашылығында оператор болып еңбек етіп жүр. Қолындағы келіні Ұлболсын клуб өнерпазы әрі консерватория түлегі. Отбасының әкесі зейнеткерлік демалысына шыққан.
Иә, өмірде сан тарау жол бар, бірақ соның қайсысы да еңбекпен құрметті. Төребай би ауылындағы Шайхиевтер шаңырағының көктеп-көгеріп отырғаны да – отбасындағы адал еңбектің арқасы. Олар қадір тұтқан еңбек – қашан да бақ пен берекенің кілті болып қала бермек.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ















