ЖАҢА КӘСІПКЕРЛІК НЫСАН – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ
Сәрсенбі күні Жосалы кентінде жаңа «Ырыстыжан» сауда орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Кәсіпкерлік нысанның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып, кәсіпкерді айтулы қуанышымен құттықтап, жұмысына табыс пен береке тіледі.
– Ел экономикасының тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуында кәсіпкерлік саласының алар орны ерекше. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті экономиканың қозғаушы күші ретінде айқындап келеді. Осындай нәтижелі жобалардың ауданымызда көбейіп, жаңа өндірістер мен сауда нысандарының ашылуы – ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі арттыра түсетініне сенім мол, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Қолданысқа берілген «Ырыстыжан» сауда орталығы – аудандағы кәсіпкерліктің дамуына қосылған маңызды жобаның бірінен саналады. Сауда орталығы тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етумен қатар, 13 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және аудан экономикасының дамуына оң серпін беретін игі бастама.
Айта кету керек, бүгінде ауданымыздың кәсіпкерлік саласында алға ілгерілеушілік бар. Осы жылдың жарты жылдық қорытындысымен ауданда 2837 кәсіпкерлік субъект тіркелсе, оның 95,2 пайызы белсенді жұмыс істеуде. Сонымен қатар кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы және «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы мүмкіндіктер жасалуда.
– Ауданымызда тағы бір кәсіпкерлік нысаны іске қосылуда. Бұған тұрғын ретінде өте ризамыз. Дүкен, сауда орталықтарының көбеюі – жергілікті тұрғындар үшін тиімді әрі бәсекелестік сапалы өнім мен қызметке қол жеткізуге септігін тигізеді. Осындай қуанышты сәттің куәсі болып жатырмыз. Әркез ауданымыздың әлеуеті артып, халықтың тұрмыс деңгейі жақсара берсін, – дейді сауда орталығының ашылу салтанатына қатысқан кент тұрғындары.
«ҚТ» ақпарат















