Құрылтай
» » ҚАМҚОР БАСШЫ, ЕЛГЕ ҮЛГІ АЗАМАТ

ҚАМҚОР БАСШЫ, ЕЛГЕ ҮЛГІ АЗАМАТ

1993 жыл. Алматы халықшаруашылығы институтын, кейінгі Қазақстан Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдап, туған ауылға үлкен үмітпен оралған кезім еді. Мамандығым – экономист-бухгалтер. Оқып-түйген білімді бірден ел игілігіне бағыттау оңай болмады. Ауылға келгенмен жұмысқа шақырып, маған қолұшын созатын сенімді адамым да жоқ еді.
Бір күні кадр бөліміндегі Халипа апайымыз: «Сені ұжымшар төрағасы шақырып жатыр, барлық құжаттарын ала келсін деді» деп хабар айтты. Үйдегі құжаттарымды жинап, төрағаның қабылдауына бардым. Ол кісінің алдына кірерде аздап толқығаным рас. Себебі, Нұртілеу Салықов ағамыз ауданға аты белгілі, елге танымал, көпке сыйлы азамат болатын.
Қабылдауында ол кісі маған жылы қабақ танытып, «Оқып келген екенсің, осы елдің азаматы көрінесің» деп біраз сұрақ қойды. Содан кейін: «Сен жөнінде пікірім жақсы. Бізде аға экономист қызметі бос тұр, сені сол қызметке шақырамын» деп күтпеген жерден үлкен сенім білдірді. Ол уақытта оқу бітіріп келген тәжірибесіз жас мамандар мұндай жауапты қызметке бірден тағайындала бермейтін. Əдетте төменгі сатыдан бастап еңбек сынағынан өтуің тиіс. Мен «Мақұл, аға» деп келісімімді бердім. Үйге келіп əкеме айтқанымда, ол кісі: «Балам, талабың оң болсын!» деп батасын берді.
Жас маманға артылған сол сенім менің үлкен өмір мектебімнің бастауы болды. Сол күндерді еске алғанда халықтың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген даналығы ойға оралады.
Қызметке кіріскеніме бір аптадай уақыт өткенде Нұртілеу ағамыз қайта шақырып: «Қазір егінді жинап жатырмыз. Қырмандағы есеп дұрыс болмай, қателіктер орын алуда. Соны бір реттеп жүргізіп бер. Сені сол қызметке уақытша жіберемін. Əрі саған сынақ болсын, өзіңді көрсет» деді. Осылайша мені қырманға аға таразышы, есепші етіп жіберді. Маусым біткенше сол жерде жұмыс істеп, əр апта сайын нақты есеп беріп отырдым.
Егін жиналып, қырман жабылғаннан кейін ол кісі тағы да шақырды. «Сенің қырмандағы жұмысыңды, апта сайын беріп отырған есептеріңді көрдім. Барлық мəліметті нақты көрсетіп, ақпаратты жүйелі беріп отырдың. Бізде бас есепші орны босап жатыр. Экономика саласына жауапты қызметті саған ұсынғым келеді. Қалай қарайсың?» деді. Бұған дейін мұндай үлкен жауапкершілік атқарып көрмегенімді айтқанымда, Нұртілеу аға: «Оқуыңды оқыдың ғой, енді осы қызметті атқарып көр. Өз мамандығың ғой» деп қолдау білдірді.
Шынын айтқанда, алғашқы уақытта өте қиын болды. Өмірлік тəжірибенің аздығы, адамдармен жұмыс істеу, шаруашылықтың күнделікті ауыртпалығы өз алдына, оның үстіне заман да күрделі еді. Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тəуелсіздік алған өтпелі кезеңде елдің де, ауылдың да мойнына ауыр жүк түсті. Бірақ дəл сол кезде Нұртілеу ағамыз мені туған бауырындай қамқорлыққа алып, алға жетеледі. Білікті маман болып қалыптасуыма, өзімді көрсетуіме үлкен септігін тигізді.
Нұртілеу ағамыз тек басшы ғана емес, адамға бағыт-бағдар беретін тəлімгер еді. Негізгі мамандығы ұстаз болғандықтан, қол астында қызмет атқарған кадрларды тек жұмысқа баулып қана қоймай, оларды ізгілікке, адамгершілікке, адал еңбекке тəрбиелеуге ерекше көңіл бөлді. Біз ол кісіден мамандықтың қыр-сырын ғана емес, халықпен дұрыс сөйлесуді, қызметте өз орныңды білуді, елдің мұқтажын түсінуді, жауапкершілікті сезінуді үйрендік.
«Ағаң болса алдыңда,
Жүрер жолың даңғылда» деген теңеу осындайда айтылса керек. Нұртілеу ағамыз шаруашылықты ұйымдастыруда ерекше іскерлігімен танылды. Біздің шаруашылықта мыңдаған сиыр, он мыңдаған қой болды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында мал шаруашылығын өркендетіп қана қоймай, бақша шаруашылығымен айналысуға арнайы жер телімдерін бөліп, оны әрі қарай жүйелі түрде дамытуға, өнімді баптап өсіруге барынша жағдай жасады. Бұл игі қадамдар тұрғындардың отбасылық бюджетінің ұлғаюына тікелей ықпал етті. Қандай қиындық болса да, ол кісі сабырмен шешім қабылдап, елдің бірлігі мен берекесін бірінші орынға қоятын. Халықпен қарымқатынасы қарапайым, сөзі байыпты, ісі əділ болды. Сондықтан да ел ішінде зор сый-құрметке ие еді.
Қиын заманға қарамастан, ауылда құрылыс пен өндіріс жұмыстары да қарқынды жүрді. Нұртілеу ағамыздың бұрын аудандық атқару комитетінде төрағаның орынбасары лауазымын атқарған кезіндегі таныстарының, жеке беделінің жəне ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында мемлекеттен түрлі жеңілдіктер мен бағдарламалар болмауына қарамастан ауылға қолжетпестей көрінген мүмкіндіктер келді. Макарон цехы, наубайхана, бал арасын өсіру, балапан шығаратын инкубатор, ұн тартатын диірмен сияқты нысандар жұмыс істеді. Мұның бəрі халықты жұмыспен қамтып, ауылдың еңсесін көтерді.
Сол жылдары ауылда еңбек етемін деген адамға жұмыс табылатын. Шаруашылықтың экономикасы қанша қиын жағдайда болса да, мектеп, емхана, балабақша, мəдениет салалары назардан тыс қалған жоқ. Əлеуметтік нысандарға қамқорлық жасалып, қаржы бөлініп отырды. Ауылдың көгалдануына, көшелерге тал егуге, тазалыққа, тəртіпке де үлкен мəн берілді. Нұртілеу аға мұның бəрін қадағалап, талап етіп отыратын.
Ол кісінің ауыл мəдениетін көтеруге қосқан үлесі де ерекше. Əсіресе егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін шаруашылық жұмысшыларының уақытын бос өткізбей, мəдени-рухани ортаға араласуына жағдай жасайтын. Мекемелер арасында концерттер, өнер байқаулары, мəдени кештер ауылдық мəдениет үйінде ұйымдастырылып, елдің көңілі көтерілетін. Осындай игі шаралар ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, жастардың өнерге, мəдениетке деген қызығушылығын арттырды.
Нұрекеңнің елге жасаған жақсылығы көп. Байқоңыр қаласы тарапындағы әскери генералдармен жəне басқа да лауазымды азаматтармен орнатқан жақсы қарым-қатынасының арқасында ауыл тұрғындарының көпшілігі үйлерін жаңартуға мүмкіндік алды. Шаруашылық өнімдерін тиімді бағамен өткізіп, орнына құрылыс материалдарын арзандатып алу арқылы халыққа үлкен көмек жасалды. Мұндай істердің артында басшының елге деген жанашырлығы, ұйымдастырушылық қабілеті жəне беделі тұрды.
Кейін Нұртілеу аға Ақай ауылының əкімі болып қызмет еткенде де, аудандық əкімдік аппаратында жұмыс істегенде де біздің ағалы-інілі қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Данагүл апай екеуі қамқорлығын ешқашан бәсеңсіткен емес. Балалары да білім алып, бүгінде Қазақстанның əр өңірінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Олар да көпке үлгі болатын өнегелі отбасының жалғасы деп білемін.
Мен Нұртілеу ағамыздың алғашқы батасын алып, қызметтегі үлкен өмірге жолдама алғанымды мақтан тұтамын. Ол кісінің «Орынбек – менің шəкіртім» деп айтқанын ерекше мəртебе санаймын. Себебі, Нұрекең кез келген адамды «шəкіртім» деп атай бермейтін. Бұл сөз мен үшін үлкен сенімнің, үлкен құрметтің белгісі болып қалды. Нұртілеу ағамыздың бойындағы қарапайымдылық, парасаттылық, еңбекқорлық пен елге деген жанашырлық кейінгі буынға өнеге болып қала береді. Осындай азаматтардың еңбегі мен тағылымы – ел байлығы. Ел ағасы болу мансап емес, елдің жүгін көтере білу екенін ол кісі өз өмірімен дəлелдеді.
Ағамыздың жаны жəннатта, рухы пейіште болсын. Ұрпағына, немерелеріне, Данагүл апайға амандық, ұзақ ғұмыр, отбасының қызығын көруді жазсын. Осындай қамқор басшы, елге жанашыр азаматтардың ғибратты ғұмыры ұрпақ жадында сақталып, кейінгі буынға үлгі бола бермек.
Орынбек МҰНАРБАЕВ,
шəкірті
15 шілде 2026 ж. 165 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (10520)

14 шілде 2026 ж.

№51 (10519)

09 шілде 2026 ж.

№50 (10518)

04 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 466
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 965

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031