» » МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ – АДАЛ САЛЫҚШЫ

МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ – АДАЛ САЛЫҚШЫ

Қоғам дамуының іргетасы – тәртіп пен әділет. Ал бұл қағидаттардың айнымас серігі – мемлекет қазынасын толтыру жолындағы тынымсыз еңбек. Мемлекеттің қаржылық тұрақтылығы мен экономикалық дамуы – салық жүйесінің тиімділігіне тікелей байланысты. Бүгінде халық игілігі үшін адал еңбек етіп, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан жандар аз емес. Соның бірі – ауданда ширек ғасырдан астам уақыт салық саласының басшылық қызметтерін атқарып, абыроймен еңбек еткен ардагер – Қалдыбек Сүлейменов.
Жалпы, салық саласының майталманы дегенде алдымен көз алдымызға кәсібіне адал болған, заң талаптарын бес саусақтай біліп, экономикалық саясатты терең түсінген және мемлекеттік мүдде мен халық арасында алтын көпір бола алған тұлға елестейді. Міне, бүгінгі мақаламызға арқау болған ағамыз да ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, экономикалық реформаларды жүзеге асыруда, мемлекеттік қаржыны тиімді басқаруда, кадр тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірген азамат.
Қызметке адалдық, кәсібилік пен елге қалтқысыз еңбек ету – мұның барлығы Қалдыбек Сүлейменовтің өмір жолының басты ұстанымдары. Ол 1955 жылы ауданға қарасты Ақжар ауылында дүниеге келіп, ауылдағы мектептен білім алған. Еңбек жолын Ленин атындағы «Тұрмағамбет» совхозда жұмысшы ретінде бастап, көп ұзамай үлкен мақсаттар жетегінде Алматы қаласындағы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді Ауылшаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түседі. Бұл мамандық өмір жолындағы алғашқы кірпіштерін қалауға себеп болады.
– Өмірде әр адамға бір нәрсе себеп болады деген. Менің мамандық таңдауыма ең үлкен ағамның еңбек жолы қызық болып, себеп болған. Экономист деген – өте бір керемет сол кездегі өмірге жаңадан келіп жатқан мамандықтың бірі болды.
Елге қайта оралып жұмыс істеп, келер жылы сол оқу орнына бағымды сынап, қалаған мамандығыма түстім. Міне содан бері бір саланың тізгінін ұстап елге қалтқысыз қызмет еттік, – дейді ағамыз сөзін әріден бастап.
Қалдекең 1979 жылы жоғары оқу орнын ауылшаруашылығын ұйымдастырушы-экономист мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен туған еліне оралады. Сол жылы аудандағы Ленин атындағы кеңшарда техник-есепші қызметін атқара отырып, өз білімін іс жүзінде дәлелдейді.
Көп ұзамай 1979 жылы Энгельс атындағы ұжшарға бас экономист болып тағайындалып, ауылшаруашылығын басқару мен жоспарлау саласында мол тәжірибе жинайды. Осы кезеңде ол тек сандармен емес, адамдармен, ел мүддесімен жұмыс істей алатын білікті маман ретінде қалыптасады. Бұл қызметті ол 1987 жылға дейін абыроймен істейді. Артынша Қызылорда облыстық агроөнеркәсіп комитетінің шақыруымен еңбекті ұйымдастыру және ақы төлеу бөлімінің басшысы қызметіне ауысып, облыс деңгейіндегі жауапты міндеттерді атқарады. Осы жылдары мал шаруашылығында еңбек ұйымдастыру, еңбекке ақы төлеудің озық тәрбиесін зерттеп үйрену мақсатында облыстық партия комитетінің тапсырмасымен сол кездегі Ресей Федерациясының Дағыстан Автономиялық республикасының бір ұжшарына делегацияны басқарып барады. Араға екі жыл салып ауданға қайта оралып, Энгельс ұжшарында бас экономист қызметін жалғастырады.
– 1989 жылы шаруашылыққа барысымен басқарма төрағасы Болатбек Сүлейменов ағамыздың басшылығымен, колдауымен барлық өндірістік бөлімді шаруашылық есепке көшіріп, өзара есеп айырысудың чектік формасын бекітіп енгіздік. Бұл еңбекке ақы төлеу, оны ұйымдастырудың озық әдісі өз нәтижесін беріп екі жылда ұжшар миллионер шаруашылыққа айналды. Болатбек ағамыз менің өндірістегі ұстазым болды, ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Бәкең ұжшарда басқарудың озық тәсілдерін енгізді, мамандардың беделін көтерді, қандай бір жұмыс айтылса оны зерттеп тыңдап, тиімдісін шаруашылыққа пайдаланатын. Бірде ол «Қалдыбек, екі жағдайды есіңе сақта. Қазақта мынадай даналық сөз бар: «Қыдырып ішкен тамақтың кенеуі болмайды, қыдырып айтқан биліктің елеуі болмайды». Билікті – басшы өз орнында отырғанда ғана айту керек. Дауды дабырмен емес, сабырмен шешу қажет. Кез келген мәселе талданып, зерттеліп, мамандардың пікірін тыңдап шешім қабылдау керек» деп айтқаны әлі есімде, – дейді сала ардагері.
1993 жылдан бастап Қалдыбек ағамыз үшін мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа кезең басталады. Ол осыдан 2018 жылға дейін, яғни 25 жыл бойы Қармақшы, Жалағаш аудандарында салық саласында басшылық қызмет атқарады. Бұл жылдар елдегі экономикалық реформалар мен салық жүйесіндегі күрделі өзгерістермен тұспа-тұс келеді. Соған қарамастан ол құрылымдық өзгерістерге бейімделіп, салық жүйесін дамытуға өзіндік үлесін қосады.
Жалпы кез келген басшының қызметтегі басты жетістіктерінің бірі – ұжымды ұстай білу мен мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау. Қалдыбек Сүлейменов ағамыздың басшылығымен жұмыс істеген ондаған қызметкер түрлі лауазымдарға өсіп, адал еңбектің арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Сондай-ақ аудандық салық органдары бірнеше рет облыстық деңгейде үздік деп танылған.
– Кез келген жұмыстың оңайы болмайды, ауыртпашылықтан тұрады. Әсіресе басшылық қызметтің жауапкершілігі жоғары. Осы салық саласында қызметте болғанда 8 әкіммен, 6 облыстық департамент басшысымен қызметтес болыппын. Менің негізгі қызметте қойған мақсатым – кадрларды дұрыс таңдап, заман талабына сай білікті мамандармен қамтамасыз ету болды. Жастарды көбірек жұмысқа тартып, тәжірибелеріне мән бердім. Қарамағымда 30 адам жұмыс істесе, олардың отбасылық жағдайына дейін біліп отырдым. Себебі отбасында барлық жағдай дұрыс болса, жұмыста да барлығы оңынан болып жақсы нәтиже береді. Бұл жерде барлық мәселені шешетін жалғыз басшы емес, кадр екенін де ұмытпаған жөн, – дейді ол.
Қалдыбек ағамыз әңгіме барысында салық саласындағы ұстазын да ұмыт қалдырмай сөз етті. «Салық саласындағы бірінші басшым Дайрабай ағамыздың орны ерекше. Ол кісі біздің ауданға көп қамқорлық жасады. Біріншіден аудан әкімшілігінен әкімшілік үйінің ғимаратын алып оны толық күрделі жөндеуден өткізіп берді, заман талабына сай техникалық құралдармен қамтамасыз етті. Сондайақ Байқоңыр қаласымен арадағы шешімін таппайтын мәселелерді жоғары органдарға мерзімді жеткізіп шешімін табуға көп көмектесті» дейді.
Бүгінде Қалдыбек Сүлейменов мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылдық адал еңбегінің нүктесін қойып, зейнеткерлік демалысқа шығып, кейінгі буынға өшпес із қалдырған ардагер. Қармақшы ауданының Құрметті азаматы. Жемісті еңбегі үшін «Салық қызметінің үздігі» және «Мемлекеттік кірістер қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Қазіргі таңда жары Нағима Уахитқызы екеуі отбасында 4 бала тәрбиелеп өсіріп, барлығына жоғары білім беріп, елге қызмет етудің үлгісін көрсетіп отыр. Ұрпақтарының әрқайсысы мемлекеттік қызметте, ғылымда, бизнесте абыройлы қызмет атқаруда. Бұл отбасындағы тәрбиенің, бірліктің және өнегенің айғағы.
Иә, мақаламызда сөз еткен ардақты жан Қалдыбек Сүлейменов – еліне еңбегі сіңген абыройлы азамат. Қандай лауазым атқарса да қайырымдылық пен еңбекқорлықты ту еткен тұлға. Салық саласында табанды еңбек етіп, бірде-бір қызметкерін теріс жолға түсірмей, тұтас бір ұжымның дамуына үлес қосқан азамат – шын мәнінде салық саласының майталманы.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
21 қазан 2025 ж. 97 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (10448)

21 қазан 2025 ж.

№79 (10447)

18 қазан 2025 ж.

№78 (10446)

14 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 703
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 444

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031