» » Абыройға бөлеген адал еңбек

Абыройға бөлеген адал еңбек

Бүгінде парасат-пайымы бөлек, ой өлшемі ерен, әр сөзінің әрі мен нәрі терең, еліне ұйытқы, қызметте абыройлы болған қара нардай ағаларымыз әлі де бар. Оларды көненің көзі, заман қанша өзгергенмен сырт сипатын жоғалтпаған, өз жерінің ардақтысы, абыройлы ақсақалы десе де болады. Соның бірі – қоғам белсендісі Әбдібек Лақбаев. Адам баласын алға жетелейтін де, елі мен жұртына сыйлы болып, жасаған қызметіне байланысты төрге шығаратын да сол еңбек. Біз әңгіме еткелі отырған ардагер ағамыздың адал еңбегі соның бір парасындай.
Сырласудың сәті осыдан бір апта бұрын түсті. Күн сенбі болатын. Кездесер уақытта қойын дәптерімізді алып, ағаның үйіне атбасын тіредік. Әдетте аптаның соңы тіршіліктің қызар сәті емес пе? Әбекеңді есік алдындағы шағын бақшалықта көктемгі тіршілікке қам үстінде жолықтырдық. Әуелгіде ісіне сәттілік тілеп, амандастық. Жайдары көңілмен қарсы алған ағамыз бізбен қауқылдасып, қуанып қалды. Біздей мейманның келерін күтпеген ол дереу шаруасын тастап, үйден төрін ұсынып ілтипатын көрсетті. "Ағаның үйі ақ жайлау" деген. Біз де келген жөнімізді айтып іске кірістік. Басындағы тақиясын шешіп, аппақ қысқа шашын бір сипағаннан сөзге сараңдық танытпай, артық-кемі жоқ бір жарым сағат ағынан жарылды. Алдымен алғашқы еңбек жолынан бастап, Кеңестік кезге бір барып қайтты. Сабырлы күймен сыр шертіп өткен күндерін есіне алды...
– 1957 жылы 21 тамызда аудандағы пош­та байланыс торабына жұмысқа орналас­тым. 23 жыл бір мекемеден қол үзбей жүріп, Алматы қаласындағы байланыс техникумын ойдағыдай бітірдім. Кейін осы мекемеде аға оператор болып жүріп, уақыт өте Қармақшы және Жалағаш ауданында нұсқаушы ревизор, одан кейін байланыс бөлімшесі мен баспасөз тарату бөлімдерінің бас маманы болдым. Адал еңбегімнің арқасында аудандық байланыс торабы бастығының бірінші орынбасары лауазымына көтерілдім, – дейді Әбекең.
Осылайша күрмеуі қиын салада қайсарлығымен көзге түскен ағамызды 1981 жылдың басында сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев өз кеңсесіне шақырып алады. Кешкі сағат алтыға шақырылған Әбдібек ағамызды райкомның бастығы Жаңаберген Сәденов те сол кеңседе күтіп отырады. Сөйтіп қос басшы өзара шешім шығарып, оған аудандағы сақтандыру инспекциясы мекемесіне басшылық қызметті ұсынады ғой.
Сол кезде Әбекең «бұл қызмет қолымнан келмейді» деп бас тартады. «27 жыл қызмет істеген жерімнен айырылып қаламын ба деп қорықтым» деді сөз арасында күліп. Елеу ағамыз әрі-бері сөзге тартып «астыңда машинаң болады, жиырма шақты адамға басшылық етесің» деп көндіруге тырысады. Жәкеңде «қолымнан келмейді деген бұл қай сөзің» деп ол да қайтпапты. Қатты қолдаса керек, ақыры дегенінен таймаған басшылар ойлануға он күн уақыт береді.
– Бұл мен үшін қиын шешім болды. Достарыммен ақылдасып, кеңес сұрадым. Сатулла Сәдуов деген жоғары лауазымды араласып жүрген танысым бар болатын. Сол маған «Ай, Әбдібек, сен ақымақ болма. Елеу Көшербаев ол адам танитын кісі, жайдан-жай сені ұсынып отырған жоқ. Сен қорықпа, қолыңнан келеді» деді. Поштаға да үйренісіп қалған, ол жақты да қимадым ба әйтеуір ойым сан саққа кетіп қалды. Шыны керек ұйқымның қашқаны соншалық бір шешімге келу өте қиын болды. Содан ең соңғы күні Жаңаберген ағам қоңырау шалып «Әбдібек-ау! Не қылдың, бір жаңалық бар ма?» деп сұрады. Менде «Аға! Шыныңызды айтыңызшы, бұл жұмыс қолымнан келе ме?» дедім бірден. «Ойбай-ау ол не дегенің? Сенің қолыңнан екі жүз процент келеді» деп қолдауын айтты. Көп созбастан келісімімді бердім. Сөйтіп өздері құжаттарды дайындап, облысқа жіберді. Менің баратынымды айтып қойса керек, жақсы қарсы алып, қолдайтындарын білдірді. Не керек содан бұл жерден өткізіп, азанғы ұшақпен Алматыға жіберді. Ол жақтан да небір комиссиялардан өтіп ең соңында Мулькин деген басшының алдына бардым. Өзі татар ұлтынан екен, өте қатал. Барлық комиссияның сөзін тыңдап барып бұйрық шығарды. Міне осылай сақтандыру компаниясына жұмысқа тұрдым, – дейді кейіпкеріміз.
Ауданға оралған Әбдібек Лақбаевты партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев бюро өткізіп, жаңа басшылық қызметке отырғызады. Сол кезде осы саланың көрсеткіші басқа аудандарға қарағанда өте төмен болыпты. Ең бірінші қызметке тәртіп орнатқан Әбекең қарамағындағы қызметкерлерден жұмыстың орындалуын қатаң талап етеді. Кейін қызмет алға басып, жақсы көрсеткіштің арқасында облыс бо­йынша алдыңғы қатардан көрінеді. Тоқсандық және жылдық қорытынды бойынша жыл сайын мемлекеттік жос­парды артығымен орындап, бірнеше рет облыстық, республикалық ауыс­палы Қызыл туды жеңіп алады. КСРО қаржы министрі Морозовтың өзі ауданға келіп Қызыл туды салтанатты түрде тапсырады. Лениннің 100 жылдығы медалімен марапатталса, кейін есімі «Сыр елі қаржыгерлері 85 жылда» атты жинақ кітабына енеді. Осылайша 17 жыл абыройлы еңбекпен зейнетке шығып, берекесін көруде. Тәжірибелі іскер ардагердің өтпелі кезеңдегі абыройлы қызметіне тәнті болып, батасын алып біз де қайттық.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
07 мамыр 2021 ж. 1 607 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 113

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930