ЮНЕСКО САРАПШЫЛАРЫ «АРАЛ ГЕОПАРКІНДЕ» БАҒАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫН БАСТАДЫ
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне «Арал геопаркін» енгізу бойынша бағалау жүргізуге келген халықаралық сарапшылар Жозе Брилья, Сома Саедиюнесимен кездесті. Кездесуде Жаһандық геопарктер желісіне қосылу барысы, атқарылған жұмыстар және бағалау миссиясының алдағы негізгі кезеңдері талқыланды.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының Арал өңірін экологиялық тұрғыдан қалпына келтіру және оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән беретінін атап өтті.
«Биыл сәуір айында Астанада өткен Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің қорытындысында Президентіміз Солтүстік Арал экожүйесін қалпына келтіру жұмыстарының оң нәтижесін жоғары бағалады. Еліміздегі бірегей табиғи әрі ғылыми нысан – «Арал геопаркін» дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Геопарк құру – облыстың ұзақ мерзімді стратегиялық даму бағыттарының бірі. Бұл жоба геологиялық мұраны сақтаумен қатар, ғылымды, туризм мен кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайынбыз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жобаның негізгі мақсаты – Арал өңірінің табиғи-экологиялық, геологиялық, тарихи және мәдени мұрасын сақтау, ғылыми зерттеулерді дамыту, экологиялық туризмді ілгерілету және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру.
Бүгінде ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісі әлемнің 51 еліндегі 241 геопаркті біріктіреді. Оған қосылу үшін әлем бойынша 14 өтінім қаралуда, яғни бұл мәртебеге ие болуда халықаралық бәсекелестік жоғары.
Талаптарға сәйкес «Арал геопаркі» аумағында дайындық жұмыстары жүргізіліп, төрт туристік-танымдық маршрут әзірленді. Өткен жылы қараша айында геопаркті ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне енгізу туралы ресми өтінім ұйымның штаб-пәтеріне жолданды.
Шілденің 6–13-і аралығында халықаралық сарапшылар геопарк аумағында негізгі бағалау миссиясын өткізеді. Оның қорытындысы бойынша «Арал геопаркін» ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне енгізуге қатысты кәсіби қорытынды ұсынылады.
Оң шешім қабылданса, «Арал геопаркі» Қазақстандағы халықаралық деңгейде мойындалған алғашқы жаһандық геопарк мәртебесіне ие болады. Бұл Арал өңірінің туристік тартымдылығын арттырудың, ғылыми зерттеулерді кеңейтудің және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі














