ЖОСАЛЫДА ЖАҢА ЖОБАЛАР МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес аудан әкімі мен ауылдық округтер әкімдерінің тұрғындармен кездесуі бүгін Жосалы кентінде қорытындыланды. Кездесуде аудан әкімі Жандос Еркінбек 2026 жылдың жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жөнінде халық алдында есеп беріп, бірқатар жобалардың орындалу барысын баяндады.
Бүгінде кентте 1174 кәсіпкер тіркелсе, оның 1114-і тұрақты жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар арқылы 36 жобаға 324,3 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Келмембет батыр және Нұржігіт Нақыпов көшелерінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен құны 3,4 млрд теңгені құрайтын жоба аясында жөндеуді қажет ететін 38 көшені өз кезеңімен жаңғырту жоспарланып отыр. Жоба толық жүзеге асқанда Жосалы кентіндегі жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 100 пайызға жетеді.
Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында биыл аудан әкімінің қолдауымен аудандық Тұрар Рысқұлов, Балқы базар және Ораз ахун көшелеріне жаңа жаяу жүргіншілер жолдары салынуда. Сонымен қатар, Ерімбет Қойшыбаев көшесінде балалар ойын алаңының құрылысы жүргізілуде.
Бүгінде кенттің 128 көшесінің 110-ы түнгі жарықпен қамтылған. Бұл – жалпы көшелердің 86 пайызы. Ал қалған көшелерді жарықтандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Сондай-ақ Тәуелсіздік ықшам ауданын жарықтандыру жобасы да дайындалуда.
Көгалдандыру бағытында соңғы үш жылда көшелер мен жасыл белдеу аумағына шамамен 10 мың көшет отырғызылып, олардың 90 пайызы көктеп тұр. Сонымен қатар «Дендропарк» саябағын қайта жаңғырту, аяқ су жеткізу және көгалдандыру жұмыстары қолға алынды.
Кездесуде аяқ су жүйесінің жұмысы, маусымдық жағажайдың қауіпсіздігі, санитарлық тазалық шаралары және «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар да толық баяндалды.
Жиын соңында бірқатар азаматтың мәселесіне жауап берген аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлері әрдайым назарда болатынын айтып, халыққа қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















