ЖОСАЛЫ КЕНТІНДЕ ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес аудан әкімі мен ауылдық округтер әкімдерінің жергілікті тұрғындармен кездесуі бүгін Жосалы кентінде қорытындыланды. Кездесуде аудан әкімі Жандос Еркінбек 2025 жылдың екінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жөнінде халық алдында есеп беріп, бірқатар жобалардың орындалу барысын баяндады.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында М.Шыңғысов көшесіне жүргізілген күрделі жөндеу толығымен аяқталса, облыстық бюджет есебінен Н.Нақыпов көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, Алтынасар көшесі орташа жөндеуден өткізіліп, пайдалануға беріліп отыр.
Кент ішінде абаттандыру мәселесі де басты назарда. 2025 жылы М.Құдабаев пен І.Мүсірбаев көшелерінде балалар ойын алаңы мен футбол алаңы салынып, халықтың игілігіне берілді. Бұл бағытқа 58,4 млн теңге қаржы жұмсалды. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, С.Кшенов көшесінде де 14,8 млн. теңгеге жаңа ойын алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бұған дейін салынған балалар ойын алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың қауіпсіздігі жақсартылды.
Жаяу жүргіншілер жолын салу бойынша да ауқымды істер атқарылды. Н.Байзақтегі, Т.Рысқұлов және Е.Сексенбаев көшелеріне жаңа тротуарлар салынды. Қазіргі уақытта 69,7 млн. теңгеге М.Шоқай мен Ү.Томанов көшелерінде, сондай-ақ Х.Жомартов көшесінің жаяу жүргінші жолдарына 22,3 млн. теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде.
Бүгінде Жосалы кентінің түнгі жарықтандыру жүйесі де 86 пайызды құрап отыр. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кент аумағында сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп, санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Тұрғындармен кездесу әлеуметтік желіде тікелей көрсетілімде де жүргізіліп, ондағы сұрақтарға да жауап берілді. Аудан басшысы алдағы уақытта да халықтың ұсыныстары назарда болып, Жосалы кентін дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасатынын атап өтті.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















