САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ БОЙЫНША БРИФИНГ ӨТТІ
Аудан әкімінің тапсырмасымен Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алия Идрисова баспасөз брифингінде 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Брифинг барысында ауданның санитариялық-эпидемиологиялық ахуалы, оның ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары, көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары, туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай бағытында атқарылған жұмыстар туралы толық ақпарат берілді.
Алия Нұрмағанбетқызы туберкулез аурушаңдығының өткен жылмен салыстырғанда төмендегені, профилактикалық жұмыстардың тұрақты жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Брифингке аудандық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында журналистер сауда нысандарындағы санитариялық талаптардың сақталуы, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына жүргізілетін бақылау бағытындағы жұмыстар жөнінде бірқатар сұрақтар қойды.
Алия Идрисова қойылған барлық сұрақтарға жауап беріп, саудасы нысандарында санитариялық заңнама талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау тұрақты жүргізілетінін, анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















