«КІТАП КЕРУЕНІ» ДҮР ОҢҒАРДА
Қызылорда облысында кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін дамыту және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында «Кітап керуені» жобасы бастау алған болатын. Рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі бастама бұл жолы Дүр Оңғар ауылында жалғасын тауып, ауыл тұрғындарына мазмұнды мәдени-әдеби бағдарламасын ұсынды.
Жобаның басты мақсаты – халықтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, әсіресе жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдебиет пен рухани мұраны кеңінен насихаттау. Қазіргі ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған кезеңде кітаптың қоғам өміріндегі орны мен маңызын дәріптеу аса өзекті болып отыр.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғарышбек Нысанбаев пен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сапар Көзейбаев қатысып, жоба ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды. Олар өз сөздерінде кітаптың адамзат өркениетінің басты құндылықтарының бірі екенін атап өтіп, мұндай жобалардың жас ұрпақтың білімге, ізденіске деген құштарлығын арттыруда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Сонымен қатар іс-шараға өңірдің белгілі ақынжазушылары, мәдениет және өнер қайраткерлері арнайы қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Қонақтар жастарды кітап оқуға үндеп, ұлттық әдебиеттің тағылымы мен тәрбиелік мәні жөнінде ой-пікірлерімен бөлісті.
Мәдени шара «Сыр елі – кітап керуені» атты әдебимәдени бағдарламамен басталды. Бағдарлама аясында кітапхана саласының дамуына үлес қосып жүрген үздік мамандар мен белсенді оқырмандар марапатталды. Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаттары табысталып, оқырмандар «Үздік оқырман», «Ең белсенді оқырман», «Кітап жанашыры», «Үздік жас оқырман» және «Үздік оқырман отбасы» номинациялары бойынша арнайы марапаттарға ие болды.
Бағдарлама аясында ұйымдастырылған «Өлке руханияты: жыр мен ойдың тоғысы» атты әдеби кездесу көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Кездесуге ақындар Алтай Үсенов пен Дастан Нәзікбаев, белгілі жыршы Айгерім Ешбаева және ауданның қарымды қаламгерлері қатысып, әдебиеттің қоғамдағы орны, ұлттық құндылықтарды сақтау мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі кітаптың рөлі туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Қатысушылар өз шығармаларынан үзінділер оқып, көрермендермен еркін пікір алмасты.
Жастарға арналған «Кітап. Білім. Цифрлық технология» тақырыбындағы шеберлік сағаты да мазмұнды өтті. Онда кітап оқу мен заманауи технологиялардың өзара байланысы, цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану жолдары және білім алудағы жаңа мүмкіндіктер жайлы кеңінен айтылды. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, кітап пен технологияны қатар пайдалану арқылы білім көкжиегін кеңейтудің маңызын түсінді.
Сондай-ақ іс-шара барысында ұйымдастырылған «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы тұрғындардың белсенді қатысуымен өтті. Ауыл тұрғындары мен қонақтар кітапхана қорын толықтыру мақсатында өз кітаптарын сыйға тартып, рухани ортақ іске өз үлестерін қосты. Мұндай акциялар кітап қорын байытып қана қоймай, қоғамда кітапқа деген жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
«Кітап керуені» жобасы – рухани құндылықтарды жаңғыртып, халықтың мәдени деңгейін көтеруге бағытталған маңызды мәдени бастама. Жоба аясында өткізілетін әрбір кездесу мен тағылымды шара кітаптың адам өміріндегі маңызын айқындап, оқырман қауымның қатарын көбейтуге қызмет етеді.
Ұлттық руханияттың алтын қазығы саналатын кітапты насихаттауға бағытталған бұл игі бастама алдағы уақытта да облыстың барлық өңірлерінде жалғасып, тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра түсетініне сенім мол.
Ақнұр САҒЫНТАЙ

















