» » ҚОҒАМ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДА

ҚОҒАМ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДА

Мемлекеттік қызмет институты әлемнің көптеген елінде қалыптасқан. Оның ішінде бұл ұғым біздің қоғамда да ертеден бар. Тарихқа көз жіберсек, оның тінін көшпелі өркениеттен бері қарай тарқата аламыз. Аталған үрдіс қазіргі заманауи заманымызда да жалғасын тауып, халық пен биліктің байланысын қамтамасыз етіп келеді.
Мемлекеттік қызмет – мемлекеттің айнасы. Оның жаңа кезеңі Тәуелсіз Қазақстанда 1991 жылдан бастау алады. Қазірге дейін жүйе халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, жұмысын жетілдіру үстінде. Осындай ауқымды әрі жауапкершілігі зор қызметтің жүгін арқалап жүрген білікті мамандарымызды ел тірегі деп айтуымыз орынды. Мұндай өз ісіне берілген, адал да әділ қызмет иелері өз ортамызда жүр. Сондай азаматтың бірі – аудан әкімі апппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Талғат Сүлеев. Ол ауданның өткен жыл қорытындысында "Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі" номинациясының жеңімпазы атанып, әріптестеріне үлгі болғанды.
Ол Жосалы кентінің тумасы. 1976 жылы дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Қазақ гуманитарлық заң университетінен «Заңгер» мамандығы бойынша білім алып шыққан. Алғаш еңбек жолы 2004-2007 жылдар аралығында Алматы қаласында «Легал Партнершип» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде заңгердің көмекшісі болудан басталып, одан әрі 2011- 2015 жылдары аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің маманы, инспекторы, 2015-2016 жылдары аудан әкімі аппаратының кадр жұмысы (персоналды басқару) бөлімінің бас маманы, аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас инспекторы қызметтерімен ұштасқан. Ал 2020 жылдан қазіргі уақытқа дейін аудан әкімі апппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы ретінде абыройлы еңбек етуде.
Т.Мирұлының жұмыстағы басты ұстанымы – мамандығына деген адалдығы мен қызметтегі кәсіби біліктілік. Ол қызмет барысында бөлім мамандарының ауызбірлігін сақтаумен қатар, функционалдық қызметіне де үлкен жауапкершілікпен қарайтын басшы.
– Еңбек пен қызметтің қай түрі де Егеменді елімізді дамытуға атсалысады, үлесін қосады. Оның арасында мемлекеттік қызметтің арқалайтын жүгі ауыр десем, қате болмас. Себебі, оған жүктелген міндеттер айрықша жауапкершілікті талап етеді. Енді өзімнің атқаратын жұмысына келсем, жоғары органдар мен аудан әкімінің қабылдаған актілерінің орындалуына, олардың іске асырылуына ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу, аудан әкімі аппаратының құқық қорғау, сот және басқа да қадағалау органдарымен, кент, ауылдық округ әкімдерімен, аудандық бөлімдермен және басқа да мекемелермен құқықтық заң жұмысына қатысты мәселелермен байланыс жасау.
Аудан әкімінің кесімдерін құқықтық сараптауды жүзеге асыру, әкім шешімдері мен өкімдерінің және аудан әкімдігінің қаулы жобаларының және аудан әкімі аппараты басшысының бұйрықтарының заңдылығын, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес дұрыс рәсімделуін алдын ала зерттеп, оған келісім беру, тиісті орындаушылармен дайындалған және келісілген, аудан әкімі мен әкімдігі актілері жобаларының қолданыстағы заңдылықтарға сай дұрыс рәсімделуіне, ҚР Заңдарының, Президент Жарлықтарының, Үкімет қаулылары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің және құқық мәселесіне байланысты өзіме жүктелген тиісті жұмыстарды атқарамын. Сондай-ақ аудан әкімі аппаратына қарасты бөлімдердің, кент, ауылдық округ әкімдерінің құқықтық заң тұрғысынан рәсімделген актілерінің қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігін тексеру жұмыстарын жүргізу, бөлімге келіп түскен арыз-өтініштердің орындалуын қамтамасыз ету де жұмысымыздың бір бөлігіне жатады, – дейді ол.
Азаматтың мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылғы еңбегі бағалаусыз емес. Ол аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталған. Еңбегінің бағаланғанының тағы бір биік белесі былтыр ауданымыздың әлеуметтікэкономикалық даму көрсеткіштері бойынша шығарылатын жыл қорытындысында Талғат Сүлеев басшылық тарапынан сенімге ие болып, "Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі" номинациясының жеңімпазы атанып, үздіктер қатарын түзді.
Кейіпкеріміз қызметте талапты басшы болса, отбасында адал жар, балаларының асқар тау әкесі. Ол бүгінде қазақтың дәстүрінде киелі саналатын қара шаңырақта тұрады. Анасы Сұлушаш Сейтжанова зейнет демалысында. Келіншегі Жансая Кенжеболатова уақыт талабына сай кәсіпкерлікпен айналысады. Балаларының тұңғышы – Аружан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті, болашақ аудармашы. Одан кейінгі Аянат – Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің 8 сыныбында озат оқушы. Жас өнерпаз аудандық мәдени іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Ән айтып, кеш жүргізеді. Өнерлі өрен 1-5 маусым аралығында өткен республикалық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының дипломанты атанып, аудан мерейін асқақ етті. Шаңырақтың қамшыұстары Ерасыл – 1 сыныпта оқиды, ал кенжелері Айғаным – балабақшаның тәрбиеленушісі.
Сөз арасында сала үздігі әріптестерін төл мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізуді ұмыт қалдырмады.
– Жыл сайын елімізде 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күні аталып өтеді. Мен де осы мүмкіндікті пайдаланып, барша мемлекеттік қызмет саласында табысты еңбек етіп жүрген әріптестерімді атаулы күнмен құттықтаймын. Қоғам игілігі жолындағы қызметтеріне абырой биігін, дендеріне саулық, отбастарына бақ-береке тілеймін. Тәуелсіз, зайырлы мемлекетіміздің қашан да аспаны ашық, бейбітшілік туы көкте желбірей берсін деген тілегімді білдіремін, – дейді ол ақ пейілде.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
23 маусым 2026 ж. 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№47 (10515)

23 маусым 2026 ж.

№46 (10514)

20 маусым 2026 ж.

№45 (10513)

16 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 349
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 874

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930