«АДАМ ЖАНЫНЫҢ ШИПАГЕРЛЕРІ»
Бүгін аудан әкімінің тапсырмасымен Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде ақ халатты абзал жандардың еңбегін ұлықтауға және Медицина қызметкерлері күніне арналған «Адам жанының шипагерлері» атты салтанатты шара өтті.
Адам өмірі мен денсаулығын сақтауды басты мақсат еткен сала мамандарының кәсіби мерекесіне арналған шара бейнероликпен басталып, медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны дәріптелді.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Шынғыс Сыдықов:
-Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің және аймақ басшысының ерекше қолдауымен ауданымыздың денсаулық сақтау саласында ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. 2024-2025 жылдары тұрғындардың қолайлы ем алуына материалдық-техникалық базасы жаңартылған Дауылкөл, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдық округтерінде 3 дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне пайдалануға берілсе, Қуаңдария мен Қармақшы ауылдарында фельдшерлік акушерлік бекеттер салынды. Сонымен қатар 2025 жылы аудандық ауруханаға 219 млн теңгеге және Байқоңыр қалалық көп бейінді ауруханасы 31 млн теңге қаржыға жаңа медициналық құрал – жабдықтармен қамтылса, соңғы үш жылда 15 жаңа жедел жәрдем көлігі табысталды. Сіздердің уақытпен санаспай еселі еңбек етулеріңіздің нәтижесінде ауданымыздың медициналық қызмет сапасын арттыру, ана мен бала денсаулығын қорғау шаралары бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, атқарылған жұмыс сапасы жаңа деңгейге көтерілді,- деп кәсіби мерекемен құттықтады.
Мерекелік жиын барысында денсаулық сақтау саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Шарада Қармақшы аудандық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев үздік қызметкерлерге арнайы марапаттар табыстап, әріптестеріне алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Мерекелік кеште аудан өнерпаздары мен мереке иелері әсем ән мен биден шашу шашып, ақ халатты абзал жандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетсек бүгінде киелі Қармақшы топырағында 700-ден астам медицина қызметкері халық денсаулығын сақтау жолында абыройлы еңбек етуде.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі


















