» » КӨҢІЛДІ ЖАЗ – БАЛАЛАР ИГІЛІГІ ҮШІН

КӨҢІЛДІ ЖАЗ – БАЛАЛАР ИГІЛІГІ ҮШІН

Жаз – балалық шақтың ең жарқын мезгілі. Бұл – мектеп қоңырауының үні саябырсып, балғындардың жаңа әсерлерге, қызықты саяхаттарға, достармен қауышуға және өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алатын ерекше кезеңі. Сондықтан жас ұрпақтың жазғы тынығуын мәнді де мазмұнды өткізу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Осы мақсатта аудандық білім бөлімі 2026 жылғы жазғы маусымға арналған кешенді жоспарларды бекітіп, балалардың демалысын, сауықтырылуы және еңбекпен қамтылуы жайлы ауқымды жұмыстарға жол ашты. Білім бөлімінің 2026 жылғы 8 мамырдағы №39 бұйрығы негізінде қолға алынған шаралар әрбір оқушының жазғы уақытын тиімді өткізуіне бағытталған.
Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда. Осыған байланысты су айдындарындағы қауіпсіздікке арналған арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына жолданды. Аудан әкімінің төрағалығымен өткен кездесулерде құқықбұзушылықтың алдын алу, өрт қауіпсіздігі, судағы сақтық шаралары және жасөспірімдердің өмір қауіпсіздігі мәселелері кеңінен талқыланды. «Көңілді жаз – 2026» жобасы әрбір баланың демалысын шаттыққа, жаңа әсерлерге және пайдалы істерге толтыруды көздейді. Жоба аясында балалардың қызығушылықтары мен бейімдеріне қарай түрлі бағыттағы бағдарламалар қарастырылған. Жазғы сауықтыру науқаны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл құжат балаларды сауықтыру орындарына жіберу тәртібін айқындап, қызметтің ашық әрі қолжетімді болуына негіз қалайды.
Жыл басынан бері жазғы демалысты сапалы өткізу мәселесі тұрақты бақылауда. Сәуір айында білім бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде жазғы маусымның басым бағыттары сараланып, нақты міндеттер айқындалды. Мамыр айында өткен ата-аналар жиындарында құқықтық тәрбие, балалар қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп мәселелері жан-жақты көтерілді. Сондай-ақ 13 мамыр күні №250 мектеп-лицей базасында аудан әкімінің төрағалығымен «Заң мен тәртіп» және «Құқықтық тәрбие – қауіпсіз қоғам кепілі» тақырыбында ата-аналар жиналысы өткізілді.
Ал Ү.К.Томанов атындағы №183 орта мектепте өткен «Көңілді жаз – 2026» аудандық семинары жазғы маусымға тың серпін берді. Басқосуда санитариялықэпидемиологиялық бақылау саласының мамандары, прокуратура, төтенше жағдайлар қызметі, медицина және білім саласының өкілдері бас қосып, мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын ортаға салды.
2026 жылғы жазғы маусымда аудан бойынша 1-10 сыныптарда білім алатын 13 766 оқушының барлығы, яғни 100 пайызы жазғы демалыс пен еңбекпен қамту шараларына қатыстырылмақ. Бастауыш сыныптағы 5439 оқушының 1000-ы тамақпен қамтамасыз етілетін мектеп жанындағы лагерьлерде демалса, 4439 оқушы тынығу алаңдарымен қамтылады. Сонымен бірге ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында мектеп аумақтарында киіз үйлер тігіліп, этноауылдар ұйымдастырылады. 5-8-сыныптардағы 6033 оқушы үшін де мазмұнды демалыс бағдарламалары әзірленген. Оның ішінде 450 оқушы Жаңақорған ауданындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығындағы жазғы лагерьде тынығады. Сонымен қатар кәсіподақ комитетінің қолдауымен және демеушілер есебінен 279 оқушы қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі. Спортқа құштар жастар үшін 2892 оқушы спорттық лагерьлерде баскетбол, волейбол, футбол, теннис және басқа да спорт түрлері бойынша түрлі қызықты жарыстар ұйымдастырылмақ. Ал 1027 оқушы дебат үйірмелерінде өз ойларын еркін жеткізуге, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Оқушылар үйі жанындағы «Жас толқын» аулалық клубы мен өнер мектебінің жазғы бағдарламалары жас таланттардың қанатын қатайтуға қызмет етеді.
Жоғары сынып оқушылары үшін еңбекке баулу бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Олар мектеп аумақтарын көгалдандыруға, жөндеу жұмыстарына атсалысып, еңбек мәдениетін меңгереді әрі жауапкершілікке тәрбиеленеді.
Тарихи-танымдық бағыттағы сапарлар да оқушыларға мол мүмкіндік сыйлайды. Қорқыт ата мемориалдық кешені, Байқоңыр қаласындағы музейлер мен ғарыш нысандары, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі балаларды туған елдің тарихымен, мәдениетімен және рухани мұрасымен тереңірек таныстырады.
Әрине, мұның бәрінде балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметі және өзге де жауапты мекемелермен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстар осы мақсатқа бағытталған. Су айдындарындағы бақылау күшейтіліп, ата-аналар мен балалар арасында түсіндіру шаралары үздіксіз жүргізілуде.
Балалардың жазғы демалысын сапалы өткізу – олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, шығармашылық қабілетін дамытуға, еңбекке баулуға және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға жол ашады. Биылғы жаз айы әрбір оқушы үшін қауіпсіздік пен қуанышқа, таным мен тәжірибеге, жаңа достық пен жарқын естеліктерге толы болмақ.
Бауыржан ЖҮНІС
10 маусым 2026 ж. 49 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (10511)

09 маусым 2026 ж.

№42 (10510)

06 маусым 2026 ж.

№41 (10509)

02 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 277
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 811

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930