ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, күн тәртібінде қаралған туризм саласын дамыту, балалардың судағы қауіпсіздігі және жазғы кезеңдегі азық-түлік өнімдерінің санитарлық қауіпсіздігі қаралды.
Жиында облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте туризмді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы еліміздің ресми туристік картасына енгізілуі ауданның туристік әлеуетін арттыруына жаңа мүмкіндік беріп отыр. Осы бағытта:
– Байқоңыр кешеніндегі тарихи әрі бірегей нысандарды тиімді пайдалану арқылы аудан экономикасын дамытуымыз қажет. Туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандырып, туристер үшін қолайлы жағдай жасау – ортақ міндетіміз, – деді аудан әкімі.
Мәжілісте туристік нысандардың тазалығы мен оларға ұсынылатын қызмет сапасының мәселелері бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде жазғы маусымда сатылатын жеміс-жидек, көкөніс және бақша өнімдерінің санитарлық қауіпсіздігі қаралды. Жандос Еркінбек: «тұрғындардың денсаулығын қорғау - ең басты міндеттердің бірі»,- деп атап өтіп, санитарлық талаптардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ балалардың рұқсат етілмеген су айдындарында шомылуының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы бағытта аудандық төтенше жағдайлар мен аудандық полиция бөліміне, білім бөліміне және кент, ауылдық округ әкімдеріне рейдтік жұмыстарды күшейтіп, қауіпсіздік шараларын тұрақты жүргізу қатаң тапсырылды.
Аудан басшысы барлық жауапты бөлімдерге берілген тапсырмалардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















