» » ТАНЫМДЫҚ ЭКСКУРСИЯ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

ТАНЫМДЫҚ ЭКСКУРСИЯ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Өткен аптада облыстық мәслихат депутаты, «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлеповтің демеушілігімен №107 орта мектептің оқуда озат, үздік те үлгілі оқушыларына «Сыр елінің тарихы мен бүгінгі келбеті» атты бір күндік танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Дарынды оқушыларға қолдау көрсету, жастардың туған өлке тарихына қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген іс-шара аясында балалар облыс орталығы Қызылорда қаласындағы бірқатар көрікті орындарды аралады.
Танымдық саяхат аясында балалар тарихи-мәдени ескерткіштерді, сәулетті ғимараттар мен қоғамдық орындарды көріп, Сыр өңірінің даму тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы мол мағлұмат алды. Сонымен қатар заманауи спорт кешендері мен демалыс орындарын аралап, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын көзбен көрді. Экскурсия оқушылардың білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Әрбір нысаннан алған әсер балалардың тарихи танымын тереңдетіп, ел мен жердің қадірін сезінуге мүмкіндік берді. Сапар барысында оқушыларға қолайлы жағдай жасалып, жол және өмір қауіпсіздігі талаптары сақталды. Білім алушылардың жол шығындары толықтай демеуші есебінен өтеліп, түскі және кешкі аспен қамтамасыз етілді.
Мұндай игі бастамалар жас ұрпақтың рухани дамуына, олардың білімге деген қызығушылығын арттыруға және елжанды азамат болып қалыптасуына оң ықпал етеді. Әсіресе ауыл балалары үшін өңір орталығына жасалған танымдық сапардың тәрбиелік маңызы зор. Сапарға қатысқан оқушылар өз әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
– Экскурсия өте қызықты өтті. Саяхат барысында достарымызбен қаладағы әсем де әдемі, ерекше орындарға бардық. Қызылорда қаласының көркіне көзіміз тоймай, тарихи орындарға, заманауи да зәулім ғимараттарға тамсана қарадық. Бұл экскурсия білімге деген құлшынысымызды арттыра түсті, – дейді №107 орта мектептің 8-сынып оқушысы Бек Рабия.
Сапарға демеуші болған Орынбасар Өтепұлына ата-аналар мен ұстаздар қауымы да алғысы мен шынайы ризашылықтарын білдірді.
– Балаларымыз үшін ұйымдастырылған бұл сапардың ұмытылмайтыны сөзсіз. Ұл-қыздарымыз Қызылорда қаласының көрікті жерлерін көріп, тарихи орындармен танысты. Баламыз үйге ерекше әсермен оралып, көрген-білгенін қуана айтып берді. Осындай мүмкіндік жасап, балалардың қуанышына себепкер болған Орынбасар Өтепұлына атааналар атынан шынайы алғысымызды жеткіземіз. Өскелең ұрпақтың болашағына жанашырлық танытып, олардың білімге, туған жер тарихына деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып жүрген еңселі азаматты әрдайым құрметтейміз. Істеріне береке, отбасына амандық тілейміз,– дейді ата-ана Айжан Өміртаева.
Саяхат барысында балалардың көргені мен көңілге түйгені көп болғаны күмәнсіз. Бұл сапар оқушылардың жадында ұзақ сақталып, алдағы жетістіктеріне жігер беретіні анық та айқын. Жас ұрпаққа қамқорлық көрсету – ел болашағына орасан үлесін тигізетін маңызды іс. Сондықтан өскелең ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтіп, арман-мақсатына қанат бітіретін мұндай игі бастамалардың орны ерекше. Балалардың жарқын күлкісі мен шат көңілі – сол игі істің ең үлкен жемісі. Жас ұрпаққа көрсетілген мұндай қамқорлық пен қолдау олардың ертеңгі күні елге қызмет ететін саналы азамат болып қалыптасуына зор ықпал ететініне сеніміміз кәміл.
Ердәулет НҰРЛАНҰЛЫ
09 маусым 2026 ж. 99 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (10511)

09 маусым 2026 ж.

№42 (10510)

06 маусым 2026 ж.

№41 (10509)

02 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 277
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 811

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930