ЕРТЕ ЖАСТАН ЕҢБЕККЕ ҮЙРЕТУДІҢ МӘНІСІ ЗОР
Еңбек тек есейіп не болмаса мамандық таңдағанда ғана емес, бүгінде бала кезден, тіпті бөбекжайдан еңбекке баулу дағдыларын қалыптастыру қолға алынып отыр. Бұл жай сөз емес, қазіргі кезде республикадағы 10 мектепке дейінгі ұйымда пилоттық жоба басталып, оның қатарына Ақай ауылындағы №23 «Балдырған» бөбекжай бақшасы да еніп отыр.
«Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасын іске асыруда бөбекжай жыл басынан бері түрлі іс-шара ұйымдастырып, баланы еңбекке үйрету дағдыларын бастап кеткен.
Соның бірі – облыстық оқу орталығы әдістемелік кабинетінің жоспарына сай өткізілген «Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, жоба бағыттары негізінде қауіпсіз, қолайлы және жайлы дамытушы орталықтарын құру» тақырыбындағы үздік педагогикалық тәжірибе алаңы. Мұнда тәрбиеленушілер қолөнер, зергерлік, асхана, тігін шеберханасы мен инженерлік зертхана, құрылыс, жылыжай, бау-бақша алаңында еңбек ісәрекетіне қатысады.
Іс-шарада жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатқан балабақша меңгерушілері, әдіскерлер мен тәрбиешілер қатысып, өзара әдістеме алмасып, кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға мүмкіндік алды. Облыстық оқу орталығы тарапынан да педагогтерге жүйелі әдістемелік қолдау көрсетілді. Алаңға пилоттық жобаға енген балабақша ұжымдарынан 25 педагог қатысып, мазмұнды жұмыстар ұсынылды. Аспаздық бағытта «Балауса» ересек тобының тәрбиешісі А.Нұрлыбаева «AI Балақай – ботпен кішкентай аспазшылар» тақырыбында балаларды аспаз мамандығымен таныстырса, балалар түрлі тағам түрлерін дайындау барысында тазалық, қауіпсіздік ережелерін сақтау және бірлескен еңбек дағдыларын меңгереді. Қолөнер шеберханасында педагог-ассистент Д.Бозанова «Ботақан» мектепалды тобының бүлдіршіндері мен ата-аналардың қатысуымен «Сәнді тоқыма» үйірмесінде «Табиғи сыйлық жасаймыз» тақырыбында шығармашылық жұмыс өткізді. Табиғи материалдар арқылы жасалған бұйымдар бала мен ата-ана арасындағы шығармашылық байланысты нығайта түсті. Тігінші шеберханасы бойынша «Алтын ұя» ересек тобында тәрбиеші А.Үрістемова балалармен бірге сюжетті рөлдік ойын өткізіп, тігіншілік элементтерін меңгертті. Балалар тапсырыс қабылдап, қарапайым бұйымдарды дайындап, еңбекке қызығушылық танытса, құрылыс алаңы бағытында «Алтын ұя» ересек тобында тәрбиеші Г.Сарманова балаларға «Ағаш пен қағаз хикаясы» атты Реджио әдісімен табиғи және қалдық материалдармен еркін жұмыс жасауға мүмкіндік берді. Ересек «Жұлдыз» тобында тәрбиеші Э.Бисембекова мен дене тәрбиесі жөніндегі нұсқаушы Ж.Қонысбаева бірлесіп «Құрылысшылар еңбегі» ойын әрекетін ұйымдастырды. Балалар қимылды ойын арқылы қызығушылық танытып, қауіпсіздік ережелерін меңгерді. Жылыжайдағы еңбек бағытында тәрбиеші Н.Ізбасарова «Біздің бақта» тақырыбында еңбек әрекетін ұйымдастырып, балаларды гүл отырғызу арқылы табиғатты күтіп-баптауға шақырды. Инженерлік зертхана бойынша «Нұрбөбек» мектепалды тобының тәрбиешісі У.Жұмағұлова мен логопед Г.Әлімбаева «Біз инженер боламыз» тақырыбында ойын әрекетін өткізді. Балалар тыныс алу және артикуляциялық жаттығулардан соң түрлі құрылымдарды құрастырып, инженерлік ойлау қабілеттерін дамытты. Ал зергерлік шеберхана бағытында «Құлыншақ» ересек тобында тәрбиеші Ж.Сұлтамұрат пен музыка жетекшісі А.Шамшатова «Ғажайып әшекейлер әлемі» тақырыбында шығармашылық жұмыс ұйымдастырды. Балалар түрлі материалдарды пайдаланып, әшекей бұйымдар жасау арқылы эстетикалық талғамдарын қалыптастырды. Іс-шара соңында хореограф Г.Шайахметқызы «Қуаныш керуені» атты балалар шығармашылығын ұсынса, педагог-психолог М.Ерназарова «Бақыт әлемі» тақырыбында тәжірибе алаңына қатысушылармен психологиялық тренинг жүргізіп, мейірімділік, өзара қарым-қатынас және эмоционалдық қолдау туралы түсініктер берді.
Қайсыбір бағыт болсын, балалардың жас ерекшелігіне сай ұйымдастырылып, олардың еңбек пен кәсіпке деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Атап өтерлігі – педагогтердің бірлескен жұмысы арқылы баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін тиімді әдіс-тәсілдердің көрініс табуы.
Жоба – жай ғана тәрбие бағыты емес, бұл баланың болашақ өміріне қаланатын алғашқы іргетас. Қазіргі қоғамда балаларға тек білім беру жеткіліксіз. Біз оларды еңбекке құрметпен қарауға, жауапкершілікке, өз ісін сүйе білуге үйретуіміз керек. Жобаның басты ерекшелігі баланың жасына сай еңбек дағдыларын ойын арқылы қалыптастыруында. Мектеп жасына дейінгі бала үшін еңбек ауыр міндет емес, қызығушылық пен таным көзі болуы қажет. Сондықтан жоба барысында балалар өзіне-өзі қызмет етуге, ұқыптылыққа, табиғатты күтуге, қарапайым тұрмыстық әрекеттерді орындауға, әр мамандықтың маңызын түсінуді үйренеді. Тағы бір ерекшелігі, ұлттық құндылықтармен байланысында. Қазақ халқы «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтпаған. Біз балаларға еңбекті тек әрекет ретінде емес, өмірлік құндылық ретінде танытуымыз керек. Әсіресе, ұлттық қолөнер, дастарқан мәдениеті, үлкенге көмектесу, еңбекқорлық сияқты қасиеттер арқылы бала бойында адамгершілік қалыптасады. Сонымен қатар бұл жоба ата-ана, тәрбиеші және бала арасындағы байланысты нығайтады. Балалар ата-анасының еңбегін бағалауды үйренеді. Әртүрлі мамандықпен танысу арқылы олардың болашаққа деген қызығушылығы оянады. Бүгінгі кішкентай бала – ертеңгі маман, ел болашағы. Егер біз бала бойына еңбексүйгіштік, жауапкершілік қасиеттерін ерте жастан сіңірсек, болашақта саналы, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелей аламыз. Сондықтан ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу – ұлт болашағына жасалған маңызды қадам. Бүгінгі таңда жобаның маңызы ерекше артып отыр. Себебі, ол баланы тек еңбек етуге үйретпейді, тұлғалық қалыптасуына, өмірге бейімделуіне, болашақ мамандығын саналы таңдауға алғашқы қадамын жасайды. Сол үшін де жобаның бірнеше тұсына тоқталғым келеді.
Біріншіден, баланың жас ерекшелігіне бейімделуі. Мектеп жасына дейінгі балаға күрделі міндет беру мүмкін емес. Еңбек тәрбиесі ойын, қызығушылық, бақылау және тәжірибе арқылы жүргізіледі. Мысалға айтқанда, кішкентай бала үшін ойыншық жинау, гүлге су құю, дастарқан дайындауға көмектесу – үлкен еңбек әрекетінің бастауы. Осы арқылы балада жауапкершілік, ұқыптылық, тәртіп қалыптасады.
Екіншіден, еңбек пен кәсіпті өмірмен байланыстыра оқытуы. Бала мамандықты суреттен ғана көрмеуі керек. Ол наубайшының нан пісіретінін, дәрігердің адам емдейтінін, аспаздың ас дайындайтынын іс жүзінде түсінгенде ғана қызығушылығы оянады. Сондықтан жоба барысында экскурсия, рөлдік ойындар, мамандықтар апталығы, тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылады. Бұл балалардың ой-өрісін кеңейтеді.
Үшіншіден, ұлттық құндылықтарға негізделуі. Қазақ халқы еңбекті әрқашан қасиет деп таныған. Бұрын балаларды кішкентайынан мал бағуға, іс тігуге, қолөнерге, қонақ күтуге, үлкенге көмектесуге баулыған. Жоба сол ұлттық тәрбиені заманауи бағытпен байланыстырады, яғни бала тек еңбек етуді емес, еңбекті құрметтеуді де үйренеді.
Төртіншіден, soft skills дағдыларын қалыптастыруы. Қазіргі заманда тек маман болу жеткіліксіз. Адамда жауапкершілік, қарым-қатынас, командамен жұмыс, бастамашылдық сияқты қабілеттер болуы шарт. Ерте жастан еңбекке баулу осы дағдыларды табиғи түрде қалыптастырады. Мысалы, бірлескен тапсырмалар кезінде балалар бір-біріне көмектесуді, кезек күтуді, ортақ нәтижеге жұмыс істеуді үйренеді.
Бесіншіден, ата-ана мен балабақша арасындағы байланысты нығайтуы. Мұнда ата-ананың рөлі ерекше. Бала атаанасының еңбегін көріп өссе, еңбекке деген көзқарасы дұрыс қалыптасады. Ата-аналарды түрлі шеберлік сағаттарына, мамандық таныстыру кездесулеріне қатыстыру да – жобаның тиімді тұсы.
Алтыншыдан, баланың болашаққа қызығушылығын оятуы. Біз кейде кәсіпке баулуды тек мамандық таңдау деп қабылдаймыз. Бірақ бұл ең алдымен баланың «Мен кім боламын?», «Мен не істей аламын?» деген сенімін қалыптастырады. Баланың қызығушылығы ерте ашылған сайын, оның болашақтағы бағыты да айқын бола түспек.
Қорытындылай келе, бұл жобаның ерекшелігі баланы еңбекке күштеп емес, қызықтыра отырып тәрбиелеуінде. Еңбекке баулу – тек тәрбие емес, өмірге дайындау. Ал ерте жастан дұрыс бағыт алған бала ертең қоғамға пайдасын тигізетін саналы азамат болып өседі.
Ажаркүл ӘБДІРАШОВА,
“Балдырған” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі
















