» » БҮЛДІРШІН БОЛАШАҒЫ – БҮГІНГІ ТАҢДАУДА

БҮЛДІРШІН БОЛАШАҒЫ – БҮГІНГІ ТАҢДАУДА

Мемлекетіміз жас ұрпақтың құқықтарын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Балалар – ел ертеңі, ұлт болашағы. Олардың бақытты балалық шағы мен сапалы білім алуы – қоғам дамуының басты көрсеткіші. Осы орайда мемлекет тарапынан қолға алынған игі бастамалар мен жобалар көңіл қуантады. Президентіміздің балаларға деген айрықша қамқорлығы мен қолдауы – жарқын болашақтың кепілі.
Осындай игі істердің бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Бұл бастама аясында әрбір балаға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіліп, олардың болашағына сенімді негіз қалануда. Сонымен қатар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырылуы – өскелең ұрпақтың әлауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Осы бағыттағы жұмыстарды насихаттау және өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Руханият орталығында» «Мультфильмдердің бала тәрбиесіне әсері қандай?» тақырыбында балабақша қызметкерлерімен пікір алмасу алаңы өтті. Тағылымды басқосуға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, филиалдың алқа мүшесі Шегебай Құндақбаев, аудандық білім бөлімі білім беруді дамыту секторының бас маманы Гүлзира Исламханова, бастауыш ұйым төрағалары, тіл жанашырлары қатысты.
Жиын барысында аудандық филиал төрағасы Гүлжауһар Раева қатысушыларды мультфильмдердің бала тәрбиесіндегі орны, оның пайдалы және зиянды тұстары, балалардың көретін бағдарламалары, олардың мінез-құлқына әсері, сондай-ақ ата-аналардың бақылауы жөніндегі маңызды сұрақтар төңірегінде пікір алысуға шақырды. Жиынға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
Аудандық филиалдың алқа мүшесі Шегебай Құндақбайұлы жас ұрпақты ана тіліне, салт-дәстүрге баулу бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков өз сөзінде ұлттық құндылықтарға негізделген мультфильмдердің маңыздылығына тоқталды. – Қазақ «Тәрбиені тал бесіктен бастау керек» дейді. Ал Абай «Ұрпақ дүниеге келгенде «жесем, ішсем» деп келеді. Бірақ бала өсе келе «білсем, үйренсем» дейді. Осы ретте ата-ананың балаға деген қамқорлығы, тәрбиесі сүтпен, текпен беріледі. Дана халқымыз ерте заманнан бала тәрбиесіне өте ұқыпты қараған. Егер ұрпағымызды ұлттық салт-санамен сусындатсақ, болашағымыз жарқын болары анық. Кез келген қоғам ұрпағын басты орынға қояды. Себебі ұрпағын ойламаған ұлт өшеді. Сондықтан ұлттық тәрбиеге басымдық беру керек. Сонда ғана біздің келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз тұғырлы болады деп есептеймін, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков.
Ал аудандық білім бөлімі білім беруді дамыту секторының бас маманы Гүлзира Исламханова өз сөзінде:
– Баланың тұлға болып қалыптасуы балабақшадан басталады. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру – бүкіл білім жүйесінің алғашқы баспалдағы. Бүгінде өңірімізде бірқатар пилоттық және авторлық жобалар сәтті жүзеге асырылуда, – деп атап өтті.
Атап айтқанда, «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» республикалық пилоттық жобасы Қызылорда облысындағы 5 балабақшада енгізілсе, соның бірі – ауданымыздағы №23 «Балдырған» бөбекжай-бақшасы. Сонымен қатар, әр балабақшада түрлі бағыттағы жобалар жүзеге асырылуда. №4 «Күн нұры» бөбекжай-бақшасында «Балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу арқылы сана құндылықтарын дамыту» жобасы, №19 «Балдәурен» балабақшасында «Жасыл балабақша», №1 санаториялық балабақшада «Жасыл әлем – кішкентай зерттеушілер», №5 «Айгөлек» балабақшасында «Балабақша театры», ал №24 балабақшада «IT балабақша» жобалары жүзеге асырылып келеді. Барлық білім беру ұйымында ұлттық тәрбиеге басымдық беріліп отыр.
Мультфильмдердің бала тәрбиесіне әсеріне тоқталған мамандар олардың екі қырын атап өтті. Бір жағынан, сапалы әрі мазмұнды анимациялық туындылар баланың ойсанасын дамытып, дүниетанымын кеңейтеді, ізгілікке баулиды. Ал бақылаусыз және мазмұны күмәнді мультфильмдер баланың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ата-аналардың бақылауы мен дұрыс таңдау жасауы аса маңызды екені айтылды.
Тағылымды шара соңында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай тіл жанашырлары марапатталып, бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табыс етілді. Осындай тағылымы мол жиындар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне қатысты ортақ көзқарас қалыптастыруға ықпал ететін маңызды алаң екені сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
07 маусым 2026 ж. 86 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№42 (10510)

06 маусым 2026 ж.

№41 (10509)

02 маусым 2026 ж.

№40 (10508)

30 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 257
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 799

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930