ЖАСТАРДАН ҚҰРАЛҒАН «ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҒЫ
Осы аптада Мемлекет басшысының бастамасымен 2005 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жоба – «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады. Жоба аясында аудан жастары жазғы демалыс уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қоспақ.
«Жасыл ел» жасағы – жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, еңбекке баулуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Биыл да республика көлемінде жобаның кезекті еңбек маусымы басталып, мыңдаған жас қоғамдық пайдалы жұмыстарға тартылуда. Жобаның негізгі мақсаты – жастардың еңбекке деген жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаға жанашырлық қабілетін және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру.
Қармақшы ауданында құрылған жасақ мүшелері алдағы уақытта елді мекендерді абаттандыру, көшелер мен қоғамдық орындарды тазалау, көгалдандыру және жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар түрлі экологиялық акциялар мен сенбіліктерге белсенді қатысып, ауданның тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосады.
– «Жасыл ел» еңбек жасағы облыстық қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік жобасы негізінде жүзеге асырылады. Бұл жобаға 16 мен 35 жас аралығындағы жастар жұмылдырылады. Облыс бойынша 1200 квота бөлінген, сол квотаның 110-ы Қармақшы ауданына қарастырылған. Маусым, шілде, тамыз айларында жүргізілетін бұл маусымдық жұмысқа жастар бір мәрте ғана қатыса алады,– дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұржұман Пірназаров.
Бүгінде экология мәселесі әлемдік деңгейде өзекті болып отырған шақта табиғатты қорғауға бағытталған мұндай бастамалардың мәні арта түсуде. «Таза Қазақстан» акциясымен үндесіп жатқан жоба жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін нығайтып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етеді.
«Жасыл ел» жасағына жұмылдырылған жастардың бірі – Ү.Томанов атындағы №183 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Рамазан Қожахмет.
– Еңбек жасағына қосылуымның себебі – жазғы демалыс кезіндегі бос уақытымды тиімді пайдаланып, табыс тауып, ата-анама жәрдемдескім келді. Сонымен қатар кент көркін кіргізу үшін жасалып жатқан жобаға үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе. Аудан орталығын абаттандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы қоршаған ортаға деген жауапкершілігіміз арта түсуде. Сонымен бірге жаңа достар тауып, тәжірибе жинақтап жатырмыз. Осындай игі бастамаларды қолдап, жастарға мүмкіндік беріп отырған жоба ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін, – дейді жасақ мүшесі.
Өзге қармақшылық жастар да бұл игі бастамадан шет қалмай, ауданның көркеюі жолында аянбай еңбек етуге дайын. Жасыл желекті көбейтіп, айналаны таза ұстауға үлес қосып жүрген жасақ мүшелерінің еңбегі – туған өлкенің ертеңіне қосылған маңызды үлес. Сондықтан да «Жасыл ел» жасағы жастарды еңбекке баулитын, жауапкершілік пен патриоттық рухты қалыптастыратын жоба болып қала береді.
Ердәулет ОРЫНБАСАР















