» » ТАЗА ӨЛКЕ – ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕК

ТАЗА ӨЛКЕ – ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕК

Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданда кезекті жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, аудан көлемінде санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған бұл игі шараға аудан орталығы мен барлық ауылдық округтердің тұрғындары, мемлекеттік мекемелер мен бөлім қызметкерлері, білім беру ұйымдарының ұжымдары, жастар ұйымдары және еріктілер белсенді түрде қатысты.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірде елді мекендерді көркейту, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және қоғамдық орындардың эстетикалық келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, ағаштар мен қоршаулар әктелді, ретсіз өскен арамшөптер жұлынды. Сонымен қатар ауыл-аймақтардағы тұрмыстық қалдықтар арнайы техникалардың көмегімен шығарылып, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету шаралары атқарылды.
Аталған жұмыстардың сапалы орындалуын бақылау мақсатында аудан әкімінің орынбасарлары елді мекендерді аралап, санитарлық тазалық пен абаттандыру шараларының орындалу барысын назарға алды.
Аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыдықов аудан әкімінің тапсырмасымен Ақжар, Алдашбай ахун және Дауылкөл ауылдық округтерінде болып, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты. Аралау барысында көше бойларының тазалығы, әлеуметтік нысандар аумақтарының реттелуі, көгалдандыру жұмыстары мен санитарлық тазалық шараларының орындалуы сараланды. Сондай-ақ тұрғындар жиі жиналатын қоғамдық орындардың қазіргі жағдайы қаралды. Шыңғыс Әбділәмитұлы ауылдардың тазалығы мен көркі әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты түрде жалғасуы қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, таза әрі көрікті елді мекен қалыптастыру – барша қоғамның ортақ міндеті.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов Төретам кенті, Ақай ауылдық округі және Қармақшы ауылындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының барысын бақылады. Аралау кезінде мектептердің аумақтары, балалар және спорт алаңдары, саябақтар мен демалыс орындарының жағдайы қаралып, тұрғындар игілігі үшін пайдаланылатын нысандардың тазалығы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар бірқатар аумақтарда қосымша ретке келтіруді қажет ететін мәселелер анықталып, Самат Қыдырбекұлы жауапты тұлғаларға оларды қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуын тұрақты бақылауда ұстаудың маңыздылығын атап өтті. Ол тазалық жұмыстарының нәтижелі болуы үшін тұрғындардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев акция аясында ІІІ Интернационал, Иіркөл және Төребай би ауылдық округтерінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын зерделеді. Аралау барысында қоғамдық орындардың, мекеме аулаларының, балалар ойын алаңдарының және орталық алаңдардың санитарлық жағдайы қаралды. Сондай-ақ Төребай би ауылдық округіндегі тазалық шараларының ұйымдастырылуы мен орындалу сапасына ерекше мән берді. Диас Асылбекұлы аудан аумағында жүргізіліп жатқан санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтіп, анықталған кемшіліктер бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар бұл мәселелердің қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Жалпы ауданда елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезеңкезеңімен жүзеге асырылып келеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шаралар ауданның барлық елді мекендерін қамтып, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде.
Тазалық пен тәртіп – өркениетті қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан аудан көлемінде қолға алынған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, туған өлкенің көркеюіне және тұрғындардың өмір сапасының артуына өз үлесін қоса бермек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
05 маусым 2026 ж. 79 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (10509)

02 маусым 2026 ж.

№40 (10508)

30 мамыр 2026 ж.

№39 (10507)

26 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 238
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 788

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930