САХНА ТӨРІНДЕ – АҚХАЛАТТЫ АРУЛАР
Қазақы дәстүр мен заманауи үрдісті үйлестірген өнегелі аруларымыз қай ұжымнан да табылады десек болады. Себебі қазақ қызының өнегесі мен білімтәрбиесі қашанда жоғары тұрған. Сол айтпақшы, қазақы әдеп, инабатты да ибалы қылығымен жүректі баураған "Ақхалатты арулар әлемі" тақырыбындағы арулар байқауы сәрсенбі күні аудандық емхананың мәжіліс залында өтіп, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Іс-шара «AMANAT» партиясы жанындағы "Әйелдер қанаты" құрылымы аясында ұйымдастырылды.
Доданы өткізудегі мақсат – білімді де өнерлі, парасатты болашақ медицина мамандарын көпке таныту, арулардың шығармашылық қабілетін, кәсіби біліктілігін, тапқырлығын, сахна мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар адам бойындағы адамгершілік, мейірімділік, жауапкершілік қасиеттерін дамытып, медицина мамандығына деген құрметтерін арттыру болып табылды.
Сайысқа партия филиалының аталған құрылым төрайымы Сәрсенкүл Есқалиева, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Жаудатбекқызы қазылық етіп, бағаларын берді.
Байқау төрт турдан тұрып, талапкерлер «Таныстыру», «Қыз көркем, өнерімен көркем», «Сән әлемі» және қазақтың салт-дәстүріне байланысты "Зерделінің ойы қызық" сұрақ-жауап бөлімдері бойынша бақтарын сынады.
Бірінші бөлімінде сайыскерлер өздерін ән, мәнерлеп өлең оқу, театрландырылған көріністер арқылы таныстырса, екінші бөлігінде өнерлерін ортаға салды. Ақхалатты қыздарымыз қолөнер бұйымдарын таныстырса, бірі би билеп, енді бірі безендіру жұмысын көрсетті. Бұл бөлімде де ән айтылып, қазақтың ұлттық дәмі – ет тамақ ортаға әкелінді. Ал үшінші бөлімде медицинада пайдаланатын құрал-заттарынан түрлі идеямен үйлестірілген киім үлгілері көрсетілді. Бір қызығы – сәндік көйлектерді таныстыру барысында аруларымыз бір көйлекті дайындауға екі күн уақыттары кеткенін жасырмады. Сондай-ақ соңғы бөлімде байқауға қатысушылар ұлттық дәстүрге орай – қыз ұзату, көрімдік, тойбастар, ерулік, жеті ата санау, наурызкөже, беташар, тағы басқа да сұрақтарға жауап беріп, өздерінің қазақылыққа қаншалықты жақын екендіктерін байқатты.
Байқау қорытындысында госпитальды формация бөлімінің маманы Аружан Әділбек «Өнерлі ару», инфекция бөлімінің маманы Жансая Байымбетова «Көрермен көзайымы» номинацияларымен марапатталса, жалпы тәжірибелік бөлімінің маманы Лимара Пірназарова ІІІ орынды, «Шипагер» емханасының медицина қызметкері Медина Орынбасарова ІІ орынды қанжығасына байлады. І орынға стоматология бөлімінің маманы Әсел Ерланқызы лайық деп танылса, бас жүлдені хирургия бөлімінің маманы Ақбота Жақсылықова жеңіп алды.
Барша қатысушыларға партия филиалы тағайындаған арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтары табысталды.
Күнделікті қарбалас жұмыстың арасынан уақыт тауып, ақхалатты арулардың өнер, мәдениет сынды тағы бір қырынан көрінулеріне атсалысқан аудандық емхана басшылығына алғыс айта кеткенді жөн көрдік.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

















