КІТАП - БІЛІМНІҢ КІЛТІ, РУХАНИЯТТЫҢ АЛТЫН ҚАЗАҒЫ
Аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектебінде «Кітап – білімнің кілті, руханияттың алтын қазығы» тақырыбында аудандық семинар өткізілді.
Семинардың мақсаты – кітап оқу мәдениетін дамыту, мектеп кітапханасының жұмысын жетілдіру, оқушылар мен ұстаздар арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыру және тәжірибе алмасу.
Семинар жұмысына аудан мектептерінің кітапханашылары қатысты. Бағдарламаға сәйкес, қатысушыларды мектеп әкімшілігі қарсы алып, іс-шараны мектеп директоры Ж.Бекбаева кіріспе сөзбен ашты. Өз сөзінде директор мектеп кітапханасының білім беру үдерісіндегі рөлі мен заманауи даму бағыттарына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Семинар аясында бірқатар мазмұнды іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, көркем еңбек пәнінің мұғалімі А.Мұнарбаева оқушылардың «Көркем әдебиетті иллюстрациялау – оқушы шығармашылығының көзі» атты көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде оқушылар оқыған шығармаларынан алған әсерлерін бейнелеу өнері арқылы көрсетіп, көркем әдебиет пен бейнелеу өнерінің сабақтастығын паш етті.
Бұл жұмыс балалардың шығармашылық қиялын ұштап, шығарманың ішкі мазмұнын тереңірек сезінуіне мүмкіндік берді. Бастауыш буын оқушыларымен жұмыс бағытында бастауыш сынып мұғалімі А.Ермашева 2 «А» сынып оқушыларымен «Ойна да күл, оқы да біл» атты танымдық сағатын өткізді. Ойын элементтерімен өрілген бұл сабақ балалардың танымдық белсенділігін арттырып, кітап оқуға деген алғашқы қызығушылықтарын ынталандыруға бағытталды. Оқушылар түрлі зияткерлік тапсырмаларды орындау арқылы білім алудың қызықты әрі тағылымды екенін көрсетті.
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұ.Досманова «Кітап лабиринттерінің құпиясы» атты тренинг ұйымдастырды. Пәнаралық байланысты нығайтуға бағытталған бұл тренингте қатысушылар әдеби кейіпкерлер мен шығармалар әлеміне саяхат жасап, психологиялық және танымдық тапсырмалар арқылы кітап оқудың тылсым сырларын ашты. Тренинг оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытып, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруға септігін тигізді.
Іс-шара барысында мектеп кітапханашысы М.Берманова «Мектеп кітапханасы – білімнің серігі» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Оқырмандардың танымдық белсенділігін арттыру мақсатында инновациялық әдіс ретінде «Ұлттық кітап қазынасы» атты монополия ойыны ұйымдастырылды.
Тәжірибе алмасу аясында №284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының кітапханашысы А.Қалжанова «Жасанды интеллект көмегімен комикс құрастыру» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Ол заманауи цифрлық технологияларды кітапхана жұмысына енгізу жолдарын көрсетіп, ЖИ (AI) бағдарламалары арқылы әдеби туындыларды комикс форматына айналдырудың әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Бұл инновациялық бағыт оқушылардың шығармашылық қиялын дамытуға және оқуға деген қызығушылығын жаңаша қалыптастыруға бағытталған.
Тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында №105 мектеп-лицейінің кітапханашысы «Құндылықтар ағашы» атты психологиялық-танымдық тренинг өткізді.
Тренинг барысында қатысушылар рухани құндылықтар мен кітап оқудың өзара байланысын талдап, оқушылардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың тиімді жолдарын қарастырды. Бұл шара қатысушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға және мектеп кітапханаларындағы тәрбие жұмыстарын жандандыруға бағытталды.
№26 мектеп кітапханашысы А.Аязбекова «Кітапхана ісі» бойынша интеллектуалды викторина өткізді. Викторина барысында қатысушылар кітапхана жұмысының қыр-сырына қатысты сұрақтарға жауап беріп, кәсіби білімдерін сарапқа салды. Бұл формат қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына және кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға мүмкіндік берді.
Семинардың соңы оқушылардың шығармашылық көрсетілімдерімен жалғасты. 8 «Б» сынып оқушылары қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының желісі бойынша сахналық көрініс қойып, туындыдағы құндылықтарды шебер жеткізе білді. Сонымен қатар, 3 «А» сынып оқушылары кітап оқудың маңызын дәріптейтін, қатарластарын білім алуға шақыратын арнайы көрініс ұсынды. Оқушылардың өнері семинардың мазмұнын толықтырып, қатысушыларға жақсы әсер сыйлады.
Семинар қорытындысында қатысушылар өзара кәсіби пікір алмасып, алдағы жұмысқа қатысты ұсыныстар білдірді. Іс-шара өз мақсатына жетіп, кітап оқуды насихаттау, кітапхана жұмысын заманауи бағытта жетілдіру және озық тәжірибелерді тарату тұрғысынан жоғары деңгейде нәтижелі өтті.















