АҢЫЗ ТҰЛҒАҒА ТАҒЗЫМ
Соғыс және еңбек ардагері, Тұрмағамбет ауылының құрметті азаматы Әнтай Құланбаев атындағы көшенің ашылуына орай салтанатты жиын өтті. Іс-шараның алғы сөзі Тұрмағамбет ауылының әкімі С.Зайыровтың құттықтауымен басталып, одан әрі ауылдың жас ақыны Б.Әділбековтің арнау өлеңі және «Тасберген жырау» үйірмесінің жетекшісі Ә.Мырзағалиевтің орындауындағы Сыр сүлейлерінің жыр-термелерімен жалғасты. Азамат рухына арналған тағылымды іс-шаралар легі «Аңыз адам. Ақиқат тұлға» атты аймақтық жыршы-жыраулар фестивалімен өз жалғасын тапты. Бұл кеш – ел жадында есімі сақталған ардақты азаматтың өнегелі өмір жолын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі етуді мақсат еткен рухани маңызы зор басқосу болды.
Фестивальдің ашылу салтанаты ерекше әсерлі сәттермен өрілді. Алдымен ісшараның құрметті қонағы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы сөз алып, Әнтай Құланбаевтың ел дамуына қосқан үлесі мен еңбегін атап өтіп, оның ерлігі мен азаматтық болмысы кейінгі буынға әрдайым үлгі екенін ерекше ілтипатпен жеткізді. Сондай-ақ ол жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен руханияттың маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында бірқатар азаматқа Алғыс хаттар табысталып, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген жандар лайықты бағаланды. Бұл сәт көрермендер мен қатысушылар үшін үлкен мәртебе әрі жігер берер қуанышты жаңалық болды.
Фестивальдің негізгі бөлігінде Сыр өңіріне кеңінен танымал Қасарбек жырау бастаған майталман жыршылар мен жыраулар сахна төріне шығып, рухани өнердің биік үлгісін көрсетті. Олар жергілікті ақындардың Әнтай атамызға арнаған жүрекжарды жырларын Сыр сүлейлеріне тән әуезді мақамдармен орындап, тыңдарманды терең ой мен толқынысқа бөледі.
«ҚТ» ақпарат

















