ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ ОРТАҚ МІНДЕТ
Жыл сайын 18 сәуірде әлем жұртшылығы тарихи-мәдени мұраны сақтау мен қорғауға арналған маңызды күнді атап өтеді. Бұл күн – өткенімізді құрметтеп, болашақ ұрпаққа аманат ету жолындағы жауапкершілікті еске салатын ерекше дата.
Тарихи ескерткіштер – халықтың рухани байлығы, мәдени коды және ел тарихының айқын көрінісі. Әрбір көне кесене, қорған, қала орны немесе сәулет нысаны – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін құнды жәдігер. Олар арқылы біз ата-бабаларымыздың өмір салтын, дүниетанымын, өнері мен дәстүрін танимыз.
Қазіргі таңда елімізде тарихи-мәдени мұраны қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Археологиялық қазба жұмыстары, ғылыми зерттеулер, қайта қалпына келтіру (реставрация) шаралары – осының айқын дәлелі. Дегенмен, ескерткіштерді сақтау тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін ұмытпауымыз қажет. Өкінішке орай, кей жағдайларда тарихи нысандарға немқұрайлы қарау, заңсыз құрылыс жүргізу немесе табиғи факторлардың әсері ескерткіштердің бүлінуіне әкеліп жатады. Сондықтан әрбір азамат туған жерінің тарихи құндылықтарына жанашырлықпен қарап, оларды қорғауға үлес қосуы тиіс.
Бұл бағытта жергілікті мәдениет мекемелері мен ғылыми қызметкерлердің еңбегі зор. Олар тарихи нысандарды зерттеп, есепке алып, халыққа насихаттау жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе, жас ұрпаққа тарихи мұраның маңызын түсіндіру – болашақтың кепілі.
Ескерткіштерді қорғау дегенде ең алдымен ойымызға не келеді? Оны қалай сақтауға, қорғауға болады? Осы бағытта дүниежүзі бойынша мәдени табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияларды, ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді ұйымдарды еске алуға болады. Ал елімізде тәуелсіздік жылдарынан бастап заңнамалар қалыптасты. Дүниежүзілік ұйымдармен белсенділік қалыптасып, ынтымақтастық дамыды. Соның айғағы республикалық маңызы бар ескерткішге жататын ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата мұрасын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданып, Жетіасар мәдениетінің бір топ ескерткіштері ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында республикамыздың «Жалпыұлттық қасиетті нысандар», туристік объектілер өңірлік деңгейдегі объектілерге «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, «Марал ишан» кесенесі енген.
Қызылорда облысы бойынша, оның ішінде Қармақшы өңірінің тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы берілген арнайы сайтта (www.virtualmap.xyz) тарихи-мәдени ескерткіштер туралы толық ақпаратпен танысуға болады. Аудан бойынша бүгінгі күні 66 тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 6-уы республикалық маңызы бар, 58-і жергілікті маңызы бар, 2 алдын ала тізімге алынған тарихи-мәдени мұра объектілері бар.
Аудан көлемінде ескерткіштер мен мүсіндерді орнату мәселесі «Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 2024 жылғы 6 желтоқсандағы №578-НҚ бұйрығына сәйкес Мемлекеттік комиссияның оң қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен ежелгі қорымдардағы қабірүсті құрылыстарына қандай да бір нұқсан келтіру заң бұзушылық әрекет болып табылады. Тарихи және мәдени ескерткіштерге ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуде лицензиясы бар ұйымдарды тарту арқылы ең алдымен ғылыми-жобалау құжаттамасын дайындау жұмыстары жүзеге асырылады. «Тарихимәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға сәйкес аудандардың жергілікті атқарушы органдары өз аумағында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарын қамтамасыз етуі тиіс. Және де оның сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуге тыйым салынады. Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштері бойынша қорғау, құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтарын белгілеу, құжаттандыру, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұл жұмыстар ауданда кезең-кезеңмен қолға алынып, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, насихаттау және сақтау бағытында жүйелі түрде тиісті жұмыстар жасалуда.
Ескерткіштерді қорғау – тек өткенді сақтау емес, ол – ұлттық болмысымызды, рухани тамырымызды сақтау. Әрбір тарихи нысан – елдің өткені мен бүгінін жалғап тұрған алтын көпір. Сондықтан 18 сәуір – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні – баршамызға ой салатын, өткенге тағзым етіп, болашаққа бағдар жасайтын маңызды күн. Тарихқа тағзым – болашаққа аманат.
Гүлфайруз БАЙКУБЕКОВА,
К.Рүстембеков атындағы жыраулар
үйінің маманы

















