МЕРЕЙЛІ ЖАСЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Жас ұрпақтың бақытты өмірінде аға буынның өлшеусіз еңбегі жатыр. Қай саланы алып қарасаңыз да, олардың терең қолтаңбасын байқайсыз. Тіпті кейбірі зейнет демалысына шықса да, қоғаммен біте қайнасып жүргендері жетерлік. Бұл – бір жағынан жастарға бағыт-бағдар беру болса, бір жағынан еліміздің даму жолында өмірден көрген-түйгендерін қоғам кәдесіне жаратып, тәрбиелік үлгі беру.
Осындай асыл мақсатты серігі еткен жанның бірі – Қармақшы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгер Шегебай Құндақбайұлы. Ақсақал биыл мерейлі 75 жастың биігіне шығып отыр.
Осыған орай, сейсенбіде аудан әкімдігінде салтанатты қабылдау өтіп, онда аудан әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Сыдықов жылы лебізін білдіріп, аудан әкімінің құттықтауын арнайы табыстады. Сонымен қатар қазақы дәстүрмен мерейгердің иығына шапан жауып, құрметқошемет көрсетті.
Ш.Құндақбайұлы саналы ғұмырында мектепте ұстаздық етті. Оқу ісінің меңгерушісі, аудандық оқу бөлімінде әдіскер, әдістемелік кабинеттің жетекшісі, мектеп инспекторы секілді білім саласында абыройлы еңбек атқарды. 1987 жылы Қуаңдария ауылында мектеп директоры болса, 1990 жылы кәсіпкерлікке ден қояды. Осы кезеңде халық қалаулысы ретінде аудандық мәслихат депутаты, ондағы тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланады. Мұнан соң еңбек жолы аудан әкімі аппаратына қарасты ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметімен түйіссе, әрі қарай аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы, аудан орталығындағы №105 орта мектеп директоры лауазымдарымен жалғасқан. Одан бөлек, аудандық оқушылар үйінде әдіскер, 2009 жылдан бастап төрт аудан әкімінің тұсында баспасөз хатшысы қызметін атқарып, зейнет демалысына шыққанша баспасөз хатшысы болып істеді. Сондай-ақ ардагер бірнеше жыл аудандық сайлау комиссиясының хатшысы болып та елге еңбегін сіңірді.
2015 жылы «Ұлт бірлігі – Қармақшы» қоғамдық бірлестігін ашып, қазірге дейін жетекшілік етуде. Оған қоса Қазақстан Ассамблеясы аясында құрылған аудандық ақсақалдар кеңесіне төрағалық жасайды.
Қарымды қаламгердің Сыр елінің руханиятына қызмет етуде өзіндік орны бар тұлға. Оның жетекшілігімен бірнеше жинақ жарыққа шығып, ауданымыздың тарихы қатталған.
Ағамыз отбасында асыл жар, асқар тау әке. Жан-жары Шәкәркүл Исаевамен бірге ұрпақ өрбітіп отырған өнегелі жандар.
Мерекелік қабылдауда аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаевтар құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін арнады.
Іс-шара соңында Шегебай Құндақбайұлы мерейлі жасын ескеріп, құрмет көрсетіп жатқан аудан әкімдігі мен азаматтарға ризашылығын жеткізіп, алғысын білдірді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

















