» » ҒАРЫШҚА ЖОЛ АШҚАН КҮН

ҒАРЫШҚА ЖОЛ АШҚАН КҮН

12 сәуір – адамзат тарихындағы ең ұлы бетбұрыс жасаған күндердің бірі. Биыл адам баласының ғарышқа алғаш қадам басқанына 65 жыл толып отыр. 1961 жылдың дәл осы күні Юрий Гагарин ғарыш кеңістігіне көтеріліп, адамзатқа жаңа дәуірдің есігін ашты. Бұл – тек ғылым мен технологияның жетістігі емес, бұл – ғасырлар бойы көкке көз тіккен адамзат арманының жүзеге асқан сәті еді. Ал сол ұлы арманның қанат қаққан жері – әлемге әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағы. Байқоңыр – тарих пен болашақтың түйіскен нүктесі, үміт пен сенімнің символы.
Мен үшін Байқоңыр ерекше мекен. Мен осы жерде туып-өстім және оны жүрегіммен мақтан тұтамын. Әрбір зымыран көкке көтерілген сайын, мен өз арманымның да бірге самғап бара жатқанын сезінемін. Байқоңыр – мен үшін тек туған жер емес, ол үлкен мақсаттарға жетелейтін рухани күш. Мен білім алатын №275 орта мектеп 1984 жылы салынып, №8 жалпы білім беретін мектеп ретінде өз жұмысын бастаған. 1985 жылы мектепке Юрий Гагарин есімі берілді. Сол кезеңнен бастап білім ордамызда ғарыш тақырыбына ерекше мән беріліп, Гагариннің өмірі мен ерлігіне қатысты көптеген тарихи жәдігерлер мен құнды материалдар жинақталды. Бүгінде бұл мұралар мектеп музейінің баға жетпес қазынасына айналған. Мұнда Гагариннің фотосуреттері, қанатты сөздері, марапаттарының үлгілері, қолтаңбасы, сондай-ақ зымыран макеттері мен түрлі тарихи деректер сақталған. Бұл жәдігерлер оқушыларды өткенмен таныстырып қана қоймай, олардың жүрегіне арман ұялатып, ғылымға деген қызығушылығын арттырады. Мен музейге кірген сайын ерекше әсер аламын. Бұл жер маған тек тарихты емес, өз болашағымды да сезінуге мүмкіндік береді. Осындай ортада білім алу мен үшін үлкен шабыт көзі.
Ал ғарышкерлер күні – шабыттың, батылдықтың, шексіз мүмкіндіктердің күні. Бұл күн бізге бір ғана шындықты еске салады. Ол арманға сенген адам міндетті түрде биікке көтеріледі. Мен Байқоңырда тұратыныма мақтанамын. Болашақта елімнің дамуына өз үлесімді қосып, елімнің атын әлемге танытқым келеді. Байқоңырдан көкке көтерілген зымырандар сияқты мен де өз арманымның биігіне самғаймын.
Маржан ҚАУЫШҚАН,
№275 орта мектептің оқушысы
12 сәуір 2026 ж. 86 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (10495)

14 сәуір 2026 ж.

№26 (10494)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (10492)

07 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 871
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 533

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930