КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖАҢАРУ: ҰСТАЗДАР ҚАУЫМЫМЕН ОЙ БӨЛІСУ
Қармақшы ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция өкілдерінің қатысуымен мазмұнды кездесу өтті. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында коалицияның аудандық өкілдері – Орынбасар Төлепов, Күлжауһар Раева, Мырзаш Бекбаев, Ләззат Есханова, Айдынбек Скендиров, Нұржұман Пірназаровтар №30 мектеп ұжымымен жүздесті.
– Жаңа Конституция – бұл мемлекет дамуының сапалы жаңа кезеңге қадам басуы. Ондағы өзгерістер ең алдымен адам құқығын қорғауды күшейтуге, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Білім саласы – осы өзгерістердің өзегінде тұрған маңызды сала. Себебі саналы, білімді ұрпақ қана елдің тұрақты дамуына үлес қоса алады. Сондықтан Конституциялық реформаларды жүзеге асыру – келешек ұрпақтың жарқын болашағына жасалған нақты қадам, – деді ол.
Сонымен қатар, ол ұстаздардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, құқықтық мәдениеті жоғары, азаматтық ұстанымы берік жас буынды тәрбиелеу бүгінгі күннің басты міндеті екенін атап өтті.
Орынбасар Төлепов Конституциялық жаңашылдықтардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын айтты:
– Жаңа реформалар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтті. Бұл – ашықтық пен жауапкершілікті арттыратын маңызды қадам. Әсіресе, білім саласында әділдік, тең мүмкіндік және сапа мәселесі басты назарда болуы тиіс. Заң үстемдігі орныққан жерде ғана сапалы білім мен тұрақты даму қамтамасыз етіледі, – деді ол.
Кездесу барысында ұстаздар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Қатысушылар Конституциялық өзгерістердің өңірлік даму мен білім сапасын арттырудағы маңызына тоқталып, өз пікірлерін білдірді.
















