ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫНДА: БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН МАЗМҰНДЫ КЕЗДЕСУ
Алдашбай Ахун ауылындағы №111 мектепте «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының мүшелері білім саласының қызметкерлерімен мазмұнды әрі тағылымды кездесу өткізді. Кездесуге коалиция мүшелері Бақытжан Нысанбаев, Күлжауһар Раев және Айдынбек Скендиров қатысып, еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы жобасы төңірегінде ой бөлісті.
Жиын барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен талқыланып, оның қоғам дамуына, әсіресе өскелең ұрпақ тәрбиесіне тікелей ықпалы сөз болды. Білім саласының мамандары ел болашағы – жас ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуында құқықтық мемлекеттің орны ерекше екенін атап өтті.
Коалиция мүшесі Бақытжан Нысанбаев өз сөзінде Ата Заңды жаңғыртудың тарихи маңызына тоқталып, қазіргі геосаяси ахуал жағдайында саяси реформаларды жүйелі түрде жалғастырудың қажеттігін ерекше атап өтті.
– Жаңа Қазақстанның Конституциясы – бұл тек заңдық құжат қана емес, бұл – қоғамның жаңару жолындағы айқын бағыты. Оның басты ұстанымы – адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін қызмет етуі тиіс. Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру нақты айқындалған. Әсіресе, білім беру саласына ерекше мән беріліп отыр. Себебі білімді ұрпақ – әділетті қоғамның тірегі. Ұлттық мәдениетті сақтау, тарихи-мәдени мұраны дәріптеу де Конституция деңгейінде кепілдендіріліп отыр. Бұл – рухани тұтастығымызды нығайтып, жауапты әрі әділетті мемлекет құруға берік негіз қалайды, – деді Бақытжан Нысанбаев.
Кездесу барысында ұстаздар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Олар Конституциялық реформалардың білім беру жүйесін жетілдіруге, педагог мәртебесін арттыруға және сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге оң әсер ететініне сенім білдірді.
















