ТАБИҒАТ СЫНАҒЫНДА ТАБАНДЫЛЫҚ ТАНЫТҚАН МАМАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ
Ақпан айының 25-і күні аудан аумағында табиғат тосын мінез танытып, тұрғындар үшін күрделі жағдай қалыптасқан болатын. Ауа-райының күрт өзгеруі салдарынан электр желілері мен қондырғыларына мұз қатып, қолайсыз жағдайлар орын алды.
Осындай күрделі жағдайды қысқа мерзімде қалпына келтіру мақсатында электр тарату торабы мекемелерінен 30-дан астам маманнан құралған 6 жедел жөндеу бригадасы мен 9 арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар да белсенділік танытып, 20-ға жуық ерікті азамат көмекке келді. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан мамандар тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп, электр энергиясын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі түрде атқарды.
Осыған орай, бүгін аудан әкімдігі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Жандос Еркінбек электр энергиясы саласының қызметкерлерін қабылдап, апат салдарын жоюға атсалысқан мамандардың еңбегі мен жауапкершілігін ерекше атап өтті.
– Бұл жағдай аудан үшін табиғаттың үлкен сынағы болды. Қиындыққа қарамастан, электр энергетикасы саласының қызметкерлері тұрғындарды қысқа мерзімде тіршілік көзімен қамтамасыз ету үшін күн-түн демей еңбек етті. Осындай табандылық пен жауапкершіліктің арқасында аудан тұрғындары қалыпты өмір сапасына қайта оралды. Сіздерге адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі.
Шара барысында жұмысқа белсенді атсалысқан бірқатар азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен қатар аудандық электр торабы мен Төретам электр торабы ұжымдарының еңбегі ескеріліп, бағалы сыйлықтар табысталды.
Жиында сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Мырзаш Бекбаев және Төретам электр торабының бастығы Сейітасқар Бақтыбаев құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарына алғыстарын білдірді.
Тұрғындарды тіршілік көзімен тұрақты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс атқарып жүрген сала мамандарының еңбегі әрдайым құрметке лайық!
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
















