ТӘРТІП ПЕН ТАҒЫЛЫМ ТОҒЫСҚАН ЖОЛ
Адам өмірінде тағдыр жолын айқындап, рухани бағдар беретін жандар болады. Олар – жай ғана қызмет иесі емес, өміріңнің шамшырағына айналатын тұлғалар. Осындай дара болмыстың бірі – №277 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұма Серәліқызы.
Ұстаздық – ұлт болашағына қызмет етудің ең биік үлгісі десек, тәрбие ісін басқару – сол болашақтың іргетасын бекіту. Ж.Серәліқызы осы жауапкершілікті жүрекпен сезінетін, әр шәкірттің тағдырын жеке тағдырындай қабылдайтын жан. Оның болмысындағы ұстаздық өнеге, ұйымдастырушылық қабілет, терең пайым мен нәзіктік көптің арасынан даралап тұратын қасиеттер.
Тәрбие – құр сөзбен емес, үлгімен берілетін құндылық. Мектеп-лицейде қалыптасқан ізгі орта, оқушылар парламентінің белсенді жұмысы, дебат қозғалысының дамуы, мәдени-рухани жобалардың жүйелі жүзеге асуы – осының бәрі тәрбие ісінің үйлесімді жүргізіліп отырғанының айғағы. Ал бұл бағыттағы табандылық пен жүйелілік – ұстаздың кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық көрегендігінің нәтижесі.
Ол кісі үшін тәрбие жұмысы – есеп үшін өткізілетін іс-шара емес, оқушы жүрегіне жол табу. Әрбір іс-шараның астарында ұлттық құндылық, азаматтық жауапкершілік, адамгершілік мұрат жатыр. Оның басшылығымен мектеп оқушылары түрлі облыстық, республикалық зияткерлік, мәдениспорттық сайыстарда белсенділік танытып, азаматтық позициясы айқын, рухы биік жас ұрпақ ретінде қалыптасып келеді.
Ол талап пен мейірімді тең ұстай білетін тұлға. Қаталдық пен қамқорлықты үйлестіре білу кез келген басшының қолынан келе бермейтін қасиет. Ол кісі оқушыға да, әріптеске де биік талап қоя отырып, әрдайым жанашырлық танытады. Қиын сәтте демеу болып, жетістікке жеткенде шын қуана білетін жүрек иесі.
Әріптестері үшін ол салмақты басшы, сенімді тірек. Шәкірттері үшін ақылшы, бағыт-бағдар беруші тәлімгер. Ал мен үшін рухани анамдай жан. Әр жетістігімнің артында үнсіз демеу болған оның еңбегі бар екенін әрдайым сезінемін. Оның тағы бір ерекшелігі, әдебиет әлеміне енген болмысында. Сөзге бай, ойы терең, сөйлеу мәнері сазды. Әр сөзі нақылға, әр кеңесі өмір сабағына айналады. Тәрбие жұмысына шығармашылық көзқараспен қарап, рухани құндылықтарды заманауи форматта жеткізе білуі – ұлағатты жанның кәсіби мәдениетінің биіктігін көрсетеді.
Мерейлі жас – адамның жүріп өткен жолының өлшемі ғана емес, еңбектің жемісі. Бүгінде ұстаздың саналы ғұмыры ізгілік пен ізденіске, тәрбие мен тағылымға толы өрелі жол. Ол салған дара жол – кейінгі буын үшін өнеге мектебі. Онымен бір ұжымда қызмет ету үлкен мәртебе. Тәлім алу тағдырдың сыйы.
Жұма Серәліқызына ұзақ ғұмыр, сарқылмас шабыт, шығармашылық табыс тілейміз. Тәрбие майданындағы еңбегі жемісті болып, шәкірттерінің жетістігімен әрдайым марқая берсін!
Тоғжан СЕРІКОВА,
№277 мектеп-лицей ұстазы

















