ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – ЕРГЕ МІНДЕТ
Тәртіп сақшыларының қырағылығы – ел ішіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі. Бүгінде қалың бұқараның құқық қорғау органдарына деген сенімі артып келеді. Себебі қоғамдық тәртіпті сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысы көзге көрінбегенімен, нәтижесі халықтың тыныш тіршілігінен айқын аңғарылады. Осындай жауапты да қажыр-қайратты талап ететін мамандықты жүрек қалауымен таңдаған жандардың бірі – аудандық әкімшілік полиция бөлімшесінің патрульдік полиция тобының қызмет аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Абылай Мурсалов.
Кент көшелерінде күндіз-түні жүйткіген патрульдік полиция көлігін көрген әрбір тұрғын өзін қауіпсіз сезінері анық. Себебі олардың басты міндеті – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау. Абылай Бақытжанұлы да осы жауапкершілігі мол қызметті абыроймен атқарып келеді. Ол әріптестерімен бірге көше-көшені аралап, құқықтық тәртіптің сақталуын қадағалайды. Бүгінде кент тұрғындары мен көлік жүргізушілері заң талаптарын сақтауға дағдыланып, патрульдік полиция қызметкерлерінің заңды талабына құрметпен қарайды.
Абылай Мурсалов – ауданның тумасы. Ол кенттегі №121 орта мектептің түлегі. Мектеп қабырғасынан бастап елге қызмет етуді армандаған жас жігіт 2016 жылдан бастап ішкі істер органында еңбек жолын бастайды. Арманын мақсатқа айналдырған ол Шымкент қаласында «Заңгер» мамандығын меңгеріп, офицерлік шенге ие болады. Бүгінде патрульдік полиция тобының қызмет аға инспекторы ретінде қоғамдық тәртіптің сақталуына өз үлесін қосып жүр.
– Кез келген жұмыстың өзіндік қиындығы болады. Бұл мамандықты өз қалауыммен таңдадым. Сондықтан аса бір ауыртпалығын сезіндім деп айта алмаймын. Ең бастысы – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – дейді ол.
Расында, полиция қызметкері болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл мамандық иесіне білім мен біліктілік қана емес, мықты жігер мен төзімділік те қажет. Қоғаммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін тәртіп сақшысы сабырлы, ұстамды әрі әділ болуы тиіс. Шапшаң шешім қабылдап, тосын жағдайларда батыл әрекет ету – күнделікті қызметтің бұлжымас талабы. Сонымен қатар адамдармен тіл табыса білу, сыпайылық таныту – полиция қызметкерінің кәсіби келбетінің ажырамас бөлігі.
Қызметтегі жауапкершілік пен адал еңбектің нәтижесі елеусіз қалмайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Абылай Бақытжанұлы «Үздік сақшы» атанып, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – оның өз ісіне деген адалдығы мен жоғары кәсібилігінің айқын дәлелі.
Тәртіп сақшыларының еңбегі кейде көзге көрінбеуі мүмкін. Алайда ел ішіндегі тыныштық пен қоғамдық қауіпсіздік – олардың күнделікті тынымсыз жұмысының жемісі. Осындай ел сенімін ақтап жүрген азаматтардың арқасында қоғамда заң үстемдегі нығайып, бейбіт өмір салтанат құруда.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ

















