ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ – ҚОҒАМ ТІРЕГІ
Әлеуметтік сала – қоғамның ең маңызды және ең жауапты бағыттарының бірі. Бұл салада еңбек ететін мамандар халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған ауқымды жұмыстар атқарады.
Әлеуметтік қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және әлеуметтік қорғау саласының мамандары – барлығы қоғам тұрақтылығының негізін қалыптастырады.
Әсіресе, әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі ерекше құрметке лайық. Олар қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіп, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруда қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпірге айналып отыр. Бұл сала мамандары тек кәсіби біліктілікпен ғана емес, мейірім мен жанашырлық қасиеттерімен де ерекшеленеді. Әлеуметтік саланың дамуына мемлекет тарапынан да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы реформалар мен бағдарламалар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Әлеуметтік салада әйел азаматтардың үлесі айрықша. Бүгінде бұл бағыттағы мамандардың басым бөлігі – әйелдер. Біздің аудандағы Орынбек Мұнарбаев басшылық ететін «Мансап» орталығында да нәзікжандылардың үлесі көп. Әрбірінің міндеті үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мәселен, Мирамкүл Ешмұратова – жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін маман. Одан бөлек, «Күміс жас» жобасы мен әлеуметтік жұмыспен айналысады. Айнұр Асанқанова мен Гүлдана Қиясова, Фариза Камшеева, Зульфия Жұмалиевалар да осы маман иесі. Сонымен қатар қосымша Жастар тәжірибесімен, ақылы қоғамдық жұмыс негізінде қызметтер атқарады. Ал Райхан Жүсіпова кәсіптік бағдарлау жөніндегі маман болса, Гүлжайна Тоқбаева кәсіби даярлау ісінің маманы. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысатын, тіпті адам өміріне өзгеріс әкелетін бағыттар. Осыдан-ақ бұл сала мамандарының жұмысын бағамдай беріңіз. Жазира Жақсылықова бөлім басшысы болса, Мереке Алипова – іс-жүргізуші. Әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесті Лаура Әбдібаева мен Луйза Эдиловадан алуға болады. Ал Жанна Леденова жұмысқа орналастыру жөнінде кеңесші болса, Индира Алпысбаева, Гүлжайна Сейітова, Гүлжайна Аякешовалар – «Мансап» орталығының ассистенттері.
Олар отбасы мен қызметті қатар алып жүріп, үлкен жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді. Ана ретінде мейірім мен төзімділікті бойына сіңірген әйелдер әлеуметтік қызметте де ерекше жанашырлық танытады. Қарттарға қамқорлық көрсету, балалардың құқығын қорғау, әлеуметтік қолдауды ұйымдастыру сияқты маңызды міндеттерді атқаруда әйелдердің еңбегі орасан. Әйел адамдардың табандылығы, еңбекқорлығы және кәсібилігі әлеуметтік саланың тұрақты дамуына үлкен үлес қосуда. Олар тек маман ғана емес, сонымен бірге қоғамның рухани тірегі, ізгіліктің үлгісі болып табылады.
Расында да, біз жоғарыда атап өткен мамандар – елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен бірлігінің кепілі. Олардың адал еңбегі әрдайым құрмет пен қолдауға лайық. Әсіресе, осы салада аянбай еңбек етіп жүрген әйел азаматтардың еңбегі – қоғам дамуының маңызды қозғаушы күші.
Орталықтың әлеуметтік сала қызметкерлері 8 наурыз – Аналар мерекесі қарсаңында жоғары көңіл-күй, мол табыстармен келіп отыр. Халыққа қызмет көрсетуде аянбай тер төгу – олардың ортақ мақсаты.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

















