БОЛАШАҚҚА БАҒЫТ БЕРГЕН БАСҚОСУ
«Талаптың мініп тұлпарын,
Тас қияға өрледің,
Бір ғылым еді іңкәрің,
Әр қиырға сермедің» деп Абай атамыз айтқандай, қазіргі таңда жас ұрпақтың саналы мамандық таңдауы – қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Себебі дұрыс таңдалған кәсіп адамның өмір бойғы жолын айқындап, ел дамуына қосар үлесін анықтайды. Осы мақсатта Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектепте «Арманға қанат қаққандар» атты тәрбиелік мәні зор кездесу кеші ұйымдастырылды. Бұл – алтын ұя мектебінен түлеп ұшып, бүгінде еліміздің әр түкпіріндегі жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алып жүрген студенттердің туған мектепке оралып, кейінгі буынға жол көрсетуіне арналған тағылымды басқосу болды.
Мұндай жиынның басты көздегені – мектеп бітіруші түлектерді жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттермен жүздестіре отырып, болашақ мамандықты таңдауда жүйелі әрі саналы көзқарас қалыптастыру. Сонымен қатар, оқушылардың түрлі мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, олардың өз қабілеті мен бейіміне сай кәсіп таңдауға бағыт беру. Бұл басқосуға мектептің 9-10-11-сынып оқушылары, мектеп ұстаздары және әртүрлі оқу орындарында білім алып жүрген студенттер қатысты. Нақтылай кетсек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен Нұрсезім Мырзабекова, Ұлан Жарқынов, Ерсайын Мырзабеков, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінен Дарын Нұрғалиев, Алмабай Ерболат, Қызылорда медициналық колледжінен Нұрай Наурызбай, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен Даниал Нұрланұлы, Ержан Қуанар, Данияр Күлістанов, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінен Гүлзат Тәтеева, Қыздар ұлттық педагогикалық университетінен Нұрлыайым Кәрібаевалар іні-сіңлілеріне біршама мағлұмат берді. Іс-шара барысында «мамандық таңдау – өмірлік таңдау» екені кеңінен түсіндіріліп, жас түлектердің алдағы өмір жолында жауапкершілікпен шешім қабылдауына жол ашатын ойлар айтылды.
Жиынның алғысөзі мектеп директоры Амантұр Оспановқа беріліп, ол өз сөзінде мектеп түлектеріне ақжарма тілегін арнап, әрбір жас үшін мамандық таңдаудың маңыздылығына тоқталды.
– Өмір жолында қаланатын әрбір кірпіштің орны бөлек. Сол кірпіштің берік қалануы – дұрыс таңдалған мамандыққа байланысты. Өз қабілеттеріңізге сеніп, саналы таңдау жасаңыздар, – деді мектеп директоры.
Кездесу барысында студенттер мен оқушылар арасында еркін форматта сұхбат өрбіп, түлектер өздерін қызықтырған сауалдарға нақты жауап алды. Студенттер оқу барысындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жоғары білім алудың жауапкершілігі мен мүмкіндіктері жайлы кеңінен әңгімеледі. Әр студент өзі таңдаған мамандықтың қыр-сырымен таныстырып, оқуға түсу талаптары, грант мүмкіндіктері, студенттік өмірдің ерекшеліктері жайлы кеңінен баяндады. Студенттердің өмірден алынған нақты мысалдары оқушыларға ой салып, олардың болашаққа деген көзқарасын айқындай түсті.
Шара соңында сынып жетекшілері Мөлдір Қожахметова мен Венера Шайхова сөз сөйлеп, мұндай кездесулердің оқушылар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Олар бұл басқосудың әр оқушыға өз болашағын бағамдауға, саналы таңдау жасауға үлкен ықпал ететінін айтып, келген қонақтарға алғыс білдірді. Ал мектеп директорының бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары Тұрсынай Байдрахманова кез келген шәкірттің алдында мамандық таңдау мәселесі тұратынын, мектеп қабырғасында сол таңдауға дұрыс бағыт-бағдар берудің басты міндет екенін жеткізіп, жастарға сәттілік тіледі. Осындай мағыналы кешті ұйымдастырған 11-сынып жетекшілері Толғанай Далдабаева мен Айзада Алашбаевалардың еңбегіне де ерекше тоқталды.
Кеш соңында оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, ән-жыр арқылы ұстаздарына және қонақ студенттерге ризашылықтарын білдірді. Көңілді әнмен аяқталған шара қатысушылардың жүрегінде жылы әсер қалдырды. Осындай тағылымды басқосулар жас ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуына, ел ертеңіне үлес қосар маман иесі болып шығуына үлкен ықпал ететіні анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
















