ЖАҢАРҒАН МЕКТЕП – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ
Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбие алуында мектептің орны ерекше. Осы орайда Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейі – білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, республика көлемінде мойындалған үздік білім ошақтарының бірі.№277 мектеп-лицейі қысқа уақыт ішінде өз бағыт-бағдарын айқындап, білім сапасын арттыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Заманауи талаптарға сай білім беруді мақсат еткен мектеп ұжымы оқушылардың зияткерлік, шығармашылық және тұлғалық дамуына ерекше мән береді. Бұл білім ордасында шәкірттер тек пәндік біліммен шектелмей, өмірге қажетті дағдыларды меңгеріп, өз ой-пікірін еркін жеткізе алатын азамат болып қалыптасуына септеседі.
Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова аудандық білім бөліміне қарасты Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейдің жұмысымен және жаңартылған материалдық-техникалық базасымен танысты. Білім беру саласындағы оң өзгерістерді көзбен көріп, оқу орнының мүмкіндіктеріне баға беру мақсатындағы сапарға ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев та қатысты.
Сапар барысында қонақтар мектеп-лицейде жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалармен танысып, заманауи талаптарға сай жабдықталған пәндік кабинеттерді аралады. Атап айтқанда, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен білім ордасында жалпы құны 245,6 млн теңгеге бірқатар заманауи кабинеттер мен зертханалар ашылған.
Мектеп-лицейде инновациялық обсерватория, ракета модельдеу, СТЭМ, химия, биология, робототехника, математика, физика, география, тарих, бастауыш сынып кабинеттері, сондай-ақ кітапхана мен арнайы телестудия толықтай жаңғыртылып, заманауи құралжабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл – оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға, техникалық ойлау қабілетін жетілдіруге және шығармашылық әлеуетін ашуға зор мүмкіндік.
Нақтырақ айтқанда, обсерватория кабинетінде «Жұлдызды аспан» глобусы, интерактивті панель, телескопқа арналған линзалар жиынтығы, күн фильтрі, бейнекамералар мен планисфералар орнатылған. Бұл жабдықтар арқылы оқушылар астрономия ғылымын терең меңгеріп, ғарыш әлемін тәжірибе жүзінде таныпбілуге мүмкіндік алады.
Ал ракета модельдеу кабинеті арнайы жинақтармен, ноутбуктермен, шағын зертханалармен, цифрлық микроскоптармен және старттық құрылғылармен жабдықталған. Мұнда оқушылар инженерлік ойлау қабілетін дамытып, ғылыми жобалармен айналысады. СТЭМ кабинеті де заман талабына сай 3D-принтерлермен және модельдеу жиынтықтарымен қамтамасыз етіліп, жас өнертапқыштардың идеяларын жүзеге асыруына жол ашып отыр.
Физика кабинеті электр және оптика бөлімдеріне, жаратылыстану ғылымына, молекулалық физика мен термодинамикаға арналған демонстрациялық құралдармен толық жабдықталған. Ал биология кабинетінде жаңа жиһаздар, зертханалық құралдар, цифрлық микроскоптар, микропрепараттар, ылғал препараттар және адам ағзасының үлгілері қойылған. Бұл өз кезегінде оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, тәжірибелік білімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Химия кабинетінде зертханалық жабдықтар, химиялық препараттар, цифрлық зертхана жинақтары мен демонстрациялық құралдар орнатылған. Сонымен қатар мектепте арнайы телестудия ашылып, оған заманауи компьютерлер, камералар, диодтық жарық жиынтығы, акустикалық құралдар мен телевизор алынған. Ал ART-студия гончарлық қондырғылармен және сурет салуға арналған құрал-жабдықтармен жабдықталып, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған.
Сапар қорытындысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытта білім беру сапасын одан әрі арттыру бағытындағы міндеттерге тоқталды.
Айта кету керек, өңірде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «Қазақстан халқына» қоры облыстың әр саласына 12 млрд 851 млн теңге қаржы бөлген. Соның ішінде 2 млрд 700 млн теңгеге 58 мектептегі 317 пәндік кабинет жаңартылып, оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасалуда.
Бұл бастамалар – болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілетті, білімді әрі жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына жасалған нақты қадам. Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейі соның айқын дәлелі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
















