Жандос Еркінбек, Қармақшы ауданының әкімі: Аудан жылдық бюджетін22 млрд теңгемен қорытындылады
Әр жылдың ел есінде қалатын өз бет ажары, келбеті болады десек, биыл да ауданымыз үшін толымды, табысты жыл болды. Жыл аясында атқарылған ауқымды істердің нәтижелі болуы – тұрғындарымыздың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білген ауызбірлігі мен қолдауының арқасы екені анық. Өңіріміз жылдан-жылға дамып, әлеуметтік-экономикалық ахуалы өркендеп келеді. Осындай еселі еңбек пен елдік қызметте туған жерімізді көркейіп-гүлдендіру жолында аянбай еңбек еткен азаматтар мен аудан жұртшылығына ерекше алғыс білдіремін. Енді жыл көлемінде атқарылған игі жұмыстарды тарқатып өтсем.
Бюджет бойынша тоқталар болсам, 2025 жылы ауданның бастапқы бюджеті 12 млрд 176 млн теңге көлемінде бекітілсе, жыл ішінде аудан бюджетіне үш мәрте нақтылау жүргізіліп, нәтижесінде бюджетіміз 22 млрд теңгеге ұлғайды. Аудан бюджетінің қаражатын тиімді жоспарлау мен қосымша қаржы көздерін тарту нәтижесінде бюджет 9,9 млрд теңгеге немесе 80,9 пайызға көбейтілді.
Осы жылы ауданның өз кірістері 2 млрд 300 млн теңге болып бекітіліп, 11 ай қорытындысымен 890 млн теңгеге ұлғайтылып, 3 млрд 200 млн теңгені құрады.
Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша. Қармақшы ауданының 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында макроэкономикалық көрсеткіштерінің барлығында оң өзгерістер қалыптасып отыр.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі 105,4 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 103,6 пайызды, ауылшаруашылығы өнімі 101,0 пайызды, негізгі қорға салынған инвестиция 106,6 пайызды, құрылыс жұмыстары 169,9 пайызды, тұрғын үйді пайдалануға беру 106,9 пайызды бөлшек сауда көлемі 100,5 пайызды құрады.
Ауылшаруашылығы саласы бойынша. Өздеріңізге белгілі, ауданымыз ауылшаруашылығы саласына негізделген аудан. Сондықтан макроэкономикалық көрсеткіштердің басым бөлігі ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктерге байланысты.
2025 жылы ауданда 25 мың 513 гектар егіс егілсе, оның 12 мың 993 гектары күріш дақылы, 1000 гектар жаздық бидай, 130 гектары арпа, 1163 гектары мақсары, 2 гектары күнбағыс, 8950 гектары жоңышқа, 39 гектары сүрлем жүгері, 56 гектары судан шөбі, 1180 гектары картоп, көкөніс, бақша дақылдары.
Жалпы егілген 12 мың 993 гектар күріш орылып, орта өнім әр гектарға 54,7 центнерден айналып, қамбаға 71 мың 143 тонна астық құйылды.
Елді мекен тұрғындары өз-өздерін бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 950 отбасы 415 гектар жерге егін егіп, өнімдері жиналды.
Егіншілікті қажетті сумен қамтамасыз ету және жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында биылғы жылы республикалық бюджеттен 27,0 млн теңге қаржы қаралып, Қуаңдария ауылдық округі аумағында орналасқан (15 шақырым ұзындығы) «Таңатар» су арнасына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, облыстық бюджеттен 22,5 млн теңге қаржы қаралып, бүгінгі күні Қармақшы ауылдық округі аумағында орналасқан Қараөзек арнасына «Қожатай» су реттегіш тоспасы қалпына келтірілді.
Жыл қорытындысымен ауданның мал шаруашылығы бағыты бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, облыста «Мал шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар ауданның «Жаңажол» ЖШС облыс көлемінде «Озат егін шаруашылығы» номинациясын иеленіп, биыл 17,0 мың тонна күріш өнімін қамбаға тапсырды.
«Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсында Қармақшы ауданы жақсы нәтиже көрсетіп, «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Ақжар ауылы ІІІ орынға ие болса, Қуаңдария ауылының абаттандыру жобасын қолдау үшін 15 млн теңге көлемінде сертификат табысталды. Қуаңдария ауылдық округі 15 млн теңге қаржыға ауыл аумағында орналасқан табиғи «Ыстық бұлақ» орнына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Кәсіпкерлік саласы бойынша. Ауыл шаруашылығымен қатар, ауданның экономикалық дамуына тікелей әсер ететін шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да басты назарда.
2025 жылдың 1-желтоқсанына тіркелген кәсіпкерлік субъектілердің саны 3251 бірлік болса, оның ішінде, белсенді жұмыс жасайтыны 3100 бірлікті құрайды (үлесі 95 пайыз).
Жыл басынан бері мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламалары шеңберінде 60 жоба құны 1 млрд теңгеге жуық қаржыға несиелендірілді.
Оның ішінде, Бірыңғай кешенді бағдарлама шеңберінде екінші деңгейлі банктерден 4 жобаға 95,0 млн теңге, сауда саласындағы жобалар – Аграрлық несие корпорациясынан «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде 9 жобаға 571,5 млн теңге, мал шаруашылығы саласындағы жобалар – «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде «Байқоңыр» ӘКК-нан 41 жобаға 280,8 млн теңге несие берілді. Тамақ өнеркәсібі саласы – 8 жоба, жеңіл өнеркәсіп – 12 жоба, қызмет көрсету саласы – 5 жоба, асылтұқымды мал шаруашылығы – 10 жоба, құс шаруашылығы – 1 жоба, сауда қызметі – 1 жоба, жылыжай – 2 жоба, ауылшаруашылық техникасын сатып алу – 1 жоба, балық өсіру – 1 жоба. «Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді дамыту» өңірлік бағдарламасы шеңберінде («Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы) 6 жобаға 52,0 млн теңге. Қызмет көрсету саласы – 4 жоба, жеңіл өнеркәсіп – 1 жоба, айналым қаражатын толықтыру – 1 жоба.
Сонымен қатар, аудан бойынша жаңа бизнес-идеяларды дамыту мақсатында өз кәсіптерін бастау үшін әлеуметтік осал топтарға жататын 118 азаматқа (Байқоңыр қаласынан 19 адам, Қармақшы ауданынан 99 адам) жалпы көлемі 185,6 млн теңге болатын қайтарымсыз грант беруге комиссия тарапынан оң шешім қабылданды.
Білім беру саласы бойынша. Еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтардың бірі – білім беру саласы екені белгілі.
2024-2025 оқу жылында 14928 оқушы білім алып, 766 мектеп бітірушінің 694 оқушысы, яғни 90,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Оның ішінде, 54 түлек «Алтын белгі» және 48 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 694 оқушы қатысып, 147 оқушы жүз және жүзден жоғары балл жинады. Нәтижесінде ауданымыз облыс бойынша аудандар арасында алдыңғы орындардан көрінді.
Сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен облыс бойынша ең жоғарғы 138 баллды Қармақшы ауданының 2 оқушысы жинады. Атап айтқанда, Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы, «Алтын белгі» иегері Мади Жанибеков және Төребай би ауылындағы №199 орта мектептің 11-сынып оқушысы, «Үздік аттестат» иегері Бақдәулет Султанбеков ауданымыздың мерейін үстем етті.
Мектеп бітірушілердің 648 оқушысы жоғары оқу орындарына, 115 оқушысы арнаулы орта оқу орындарында білім алуда.
Жалпы аудан бойынша 47 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасайды, оларда 3929 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 25 мемлекеттік, 21 жеке меншік, 1 шағын орталық.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 2-6 жас аралығындағы балалардың 91,0 пайызы, 3-6 жас аралығындағы балалардың 100 пайызы қамтылған.
Қармақшы ауданында жалпы білім беретін 30 мектеп, 2 мектептен тыс мекеме жұмыс жасайды.
Өңірлерге қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің оқу грантымен 8 студент жоғары оқу орындарында білім алуда. Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 49 оқушы қатысып, 23 оқушы жүлдегер атанды.
Оқушылар арасындағы Республикалық ауыл олимпиадасының облыстық кезеңіне 120 оқушы қатысып, оның 38 оқушысы облыстан жүлдегер атанса, 21 оқушы Алғыс хат иеленді. Республикалық кезеңінде 8 оқушы қатысып, оның 6 оқушысы жүлдегер атанса, 2 оқушы Алғыс хат иеленді.
2025 жылы білім саласында 3 орта мектеп, 1 бөбекжайбақшада және 5 мектеп жанындағы спорт алаңдарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, барлығы облыстық бюджеттен 216,9 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілді.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Байқоңыр қаласында орналасқан №277 мектеп-лицейінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 245 млн 621 мың теңгеге 34 кабинет жаңадан жабдықталды. Сондай-ақ биылғы жылы ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерді түзете-дамытып, оңалтып және әлеуметтік бейімдеумен айналысатын «Қармақшы ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне аудандық бюджет есебінен ғимарат сатып алынып, табысталды. Жосалы кентінде орналасқан №5 «Айгөлек» бөбекжайбақшасы ғимараты апаттық жағдайда болуына байланысты басқа ғимарат табысталды.
Денсаулық сақтау саласы бойынша. Қармақшы аудандық ауруханасында 2025 жылдың 11 айында 506 нәресте дүниеге келді.
Аудандық аурухана 219 млн теңге қаржыға жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтылды. Операциялық стол, жаңа туған нәрестелерді реанимациялық көмектің кеңейтілген түрін жасау үшін 2 дана ашық реанимациялық жүйе, қосымша нәрестелерді күту үшін инкубатор, 10 дана науқастың медициналық жатын орны, 60 дана медициналық жатын орны, портативті ультрадыбысты зерттеу және аудиометриялық аппараттары. Сонымен қатар, Байқоңыр қалалық көпбейінді ауруханасы 31 млн теңгеге қажетті заман талабына сай келетін медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Лор комбайн Otocompact Steel құрал-жабдықтарымен – 18,9 млн теңге, Визиограф H2 – 2,1 млн теңге, артериялық қысымды амбулаториялық монитор, SA-10 нұсқасы Edan (СМАД) құрал-жабдықтарымен – 1,5 млн теңге (2 дана), Холтерлік мониторинг жүйесі SE-2012, Edan – 2,8 млн теңге (2 дана), электрлі аквадистиллятор ДЭ-50 – 1,2 млн теңге, стоматологиялық рентген аппараты Ai Ray – 4,1 млн теңге.
Әлеуметтік сала бойынша. Әлеуметтік салаға келсек, халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу біздің басты міндетіміз.
Бүгінгі уақытта, жұмыс іздеуші ретінде «Мансап орталығына» хабарласқан 5436 адамның 1044 адамы бос жұмыс орындарына орналастырылған.
2025 жылғы аудан бойынша 2667 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып, бүгінгі күнгі 2058 жаңа жұмыс орны ашылды. Жоспар 77 пайызға орындалды.
Аудан бойынша 152 отбасының 792 мүшесіне 66,1 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын 131 отбасының 1 жастан 7 жасқа дейінгі 237 балаға (әр балаға 1,5 АЕК, яғни 5898 теңге) 8418,6 мың теңге әлеуметтік көмек төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы жұмыссыз 17 азамат (тұрақты жұмысқа 7, қоғамдық жұмысқа 7, қайтарымсыз грант алғандар 3) жұмыспен қамтылды.
2025 жылдың 1-желтоқсанына мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында 99 ерекшелігі бар балаға 8139,2 мың теңге әлеуметтік көмек тағайындалды.
9-мамыр Жеңіс күніне орай 316 ардагерге 59 884,3 мың теңге (50-АЕК көлемінде 196 600 теңге) бір реттік әлеуметтік көмек төленді.
Тыл ардагерлері – 120, Ауғанстан – 67, Вьетнам – 1, Ауған-Тәжік – 41, Таулы Қарабақ – 19, Ирак – 1, Чернобыль – 17, Семей – 30, Кеңес әскерінің мүгедегі – 9, Ядролық сынақ салдарынан қайтыс болған отбасылар – 11.
2025 жылғы 1-желтоқсанына 554 отбасына (1655 отбасы мүшесі) 53,5 млн теңге тұрғын үй коммуналдық шығындарын өтеуге қаржы төленді.
Жастар тәжірибесімен 158 адам 64 мекемеге (Қармақшы – 125 адам, Байқоңыр қаласы – 33 адам) жолданды.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 35 адам 24 мекемеге (Қармақшы – 25 адам, Байқоңыр қаласы – 10 адам) жолданды.
Қоғамдық жұмысқа 727 адам 197 мекемеге жолданды (Қармақшы – 661, Байқоңыр қаласы – 66).
2025 жылдың 1-желтоқсанына 3584 ерекшелігі бар азаматтар арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында ерекше тәртіпті қолданумен мүгедектерді тасымалдау (Инватакси) қызметіне Қармақшы ауданы бойынша 2025 жылдың 1-желтоқсанына 1290 өтінім бойынша 55 адамға қызмет көрсетілді. Ал Байқоңыр қаласы, Төретам кенті, Ақай ауылы бойынша 2310 өтінім бойынша 100 адамға қызмет көрсетілді. Аудан көлемінде мүгедектерді тасымалдау (Инватакси) қызметін «Тұран-Шах» мүгедектер қоғамдық бірлестігі жеңіп алып, қызметін жүргізуде.
2025 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 100 жас маманға 39,3 млн теңгенің көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Сондай-ақ 35 жас маманға құны 320,5 млн теңгеге тұрғын үй алуға несие беру жұмыстары жүргізілуде. Аудан бойынша 2025 жылы бюджеттен тыс демеушілер есебінен көмекке мұқтаж 3 азаматқа 20,0 млн теңгеге тұрғын-үй сатып алып берілсе, 2108 адамға 28,2 млн теңге көлемінде азық-түлікпен және басқа да көмектермен қамтамасыз етілді.
Спорт саласы бойынша. Биылғы жыл аудан үшін спорттық жетістіктерге толы жыл болды. Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында жерлестеріміз 19 алтын, 44 күміс, 18 қола медаль иеленді. Азия чемпионатында 3 алтын, 1 күміс, 3 қола, Әлем кубогында 1 алтын, 1 қола медаль иеленді.
Ауыр атлетикадан Ерасыл Сәулебеков Перу елінің Лима қаласында өткен Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болса, шілде айында Астана қаласында өткен Азия чемпионатында алтын жүлдені иемденді.
Сонымен қатар, мамырда Үндістанның Дели қаласында өткен Азия чемпионатында Назерке Әбілтаева Алыш күресінен классика және еркін түрінен екі бірдей І орынды жеңіп алды.
Ерекше айта кететін жағдай, қараша айында Ақтау қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінде ауданымыздың 2 бірдей спортшысы – Арқар Бақытжан, Әлиасқар Әлихан дзюдо күресінен жүлдегерлер қатарынан көрініп, 2-орын иеленді.
Сондай-ақ 64 спортшымыз спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне ие болды.
2024-2025 жылдар аралығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. 2024 жылы Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында спорт кешендері пайдалануға берілсе, биыл Ақай ауылындағы спорт кешені ел игілігіне ұсынылды.
Аудан халқын спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, аудан бойынша 6 ойын және спорт алаңын орналастыру үшін аудандық бюджеттен 152,4 мың теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күні жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ аудандық бюджет қаражаты есебінен 8 спорт және балалар ойын алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 15,6 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстары толығымен аяқталды. Аудан орталығында орналасқан Денешынықтырусауықтыру кешенінің күрделі жөндеу жұмыстарына 180 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар қосымша ЛЭД экран сатып алынды.
Ұлттық спортты дамыту мақсатында ауданда алғашқы рет демеушілер есебінен «Ақтөбе и К» ЖШС қолдауымен Ақтөбе ауылында жалпы құны 80,0 млн теңге болатын «Ипподром» құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары келер жылдың күз айларында аяқталатын болады. Мәдениет саласы бойынша. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы мәдениет саласын әрдайым басты назарда ұстап, барынша қолдау көрсетіп келеді.
Ауданда жалпы мәдениет саласы бойынша 34 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. 34 мәдениет ұйымында 120 үйірме жұмыс жасайды. 111 үйірме аудандық мәдениет үйлері мен клубтарына қараса, 9-ы аудандық жыраулар үйіне қарасты үйірмелер.
Үйірмеге қатысушылар өткен 11 айда 76 байқауға қатысып, (11 халықаралық байқау, 9 республикалық байқау, 56 облыстық байқау) нәтижесімен, республикалық байқаудан 25 жүлде (5 бас жүлде, 7 бірінші орын, 9 екінші орын, 4 үшінші орын), халықаралық байқаудан 17 жүлде (6 бас жүлде, 6 бірінші орын, 2 екінші орын, 3 үшінші орын, 1 алғыс хат), облыстық байқаудан 70 жүлде (10 бас жүлде, 15 бірінші орын, 17 екінші орын, 23 үшінші орын, 2 сертификат, 1 номинация, 27 алғыс хат, 1 дипломант) иеленді.
2025 жылдың 12 айында 2823 мәдени шара өткізіліп, тұрғындар қатыстырылды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген мерекелік шарада Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевқа арналған мемориалдық белгісінің салтанатты ашылу рәсімі және Жеңістің 80 жылдығына арналған танымдық конференциясы өткізілді.
Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай облыс көлемінде өткізілген өнер байқауында Қармақшы ауданының өнер ұжымдары жоғары дайындықпен қатысып, жүлделі І орыннан көрінді.
Халықаралық деңгейде танылып жүрген жерлесіміз, опера әншісі Әйгерім Алтынбек әлемге әйгілі Италиядағы «Ла Скала» театры академиясының 12 үздік орындаушысы қатарынан көрініп, тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болып, еліміздің мәдениет пен өнер саласындағы беделін арттыра түсті. Сонымен қатар, Алматы қаласында өткен халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауына жыраулар үйінің шәкірті Талант Балтабай жыр-терме жанры бойынша бақ сынап, Гранпри жүлдесін жеңіп алды.
Сондай-ақ өткен қазан айында Жосалы ауылдық округінің құрылғанына 60 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өткізілді.
2025 жылы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану мақсатында аудан аумағындағы 15 ескерткішке (Қармақшы ата, Марал ишан, Қалқай ишан кесенелері және де Жетіасар оазисі ескерткіштеріне (12 ескерткіш) аудандық бюджеттен 8,8 млн теңге қаржы қаралып, құжаттандыру жұмыстары аяқталып, теңгерімге алынды.
2024 жылы Аймақ басшысының қолдауымен музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер үйі мен жастар орталығы, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият орталығының» құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Биылғы жылы аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 17-маусымдағы №288 шешімімен «Руханият орталығына» 14 штат бірлігі берілді.
Жалпы мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуда 2025 жылы 74 млн теңге бөлініп, мәдениет және клуб үйлеріне ЛЭД экран, музыкалық аппаратуралар сатып алынды.
Газдандыру жұмыстары бойынша. Ауданда елді мекендерді газдандыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жалпы құны 7 млрд 172 млн теңгені құрайтын Дүр Оңғар ауылына газ тарту жобасы жүргізіліп, нысан облыс әкімінің қатысуымен пайдалануға берілді.
Бұл жоба әрі қарай басқа елді мекендерді газдандыру үшін жалғасатын болады. Сонымен қатар, Иіркөл (378,9 млн теңге) және Төребай би (497,1 млн теңге) ауылдарына газ желілерін тарту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, жобаны 2026 жылы жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінгі күнге аудан халқының 75,2 пайызы табиғи газдың игілігін көруде.
Электр желілері бойынша. Қармақшы ауданы бойынша электр желілерінің ұзындығы 931 шақырымды құраса, 146 трансформатор бар. Осы жылы 2 нысан бойынша электрмен қамту жұмыстары жүргізілді: Дүр Оңғар (636,7 млн теңге) және Иіркөл (226 млн теңге) ауылдарының электр беру желілерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында аудандық бюджеттен Қуаңдария, Ақжар, ІІІ Интернационал, Алдашбай ахун, Қармақшы ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Алдағы уақытта кезеңкезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Ауызсу бойынша. Аудан бойынша барлық елді мекен тұрғындары орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған.
Елді мекендер халқын тұрақты ауызсумен қамту мақсатында биылғы жылы Ақтөбе және Ақжар ауылдары орналасқан су насостарының тозығы жетуіне байланысты 2 дана ұңғыма насосын сатып алуға аудандық бюджеттен 1,2 млн теңге қаржы бөлініп, табысталды.
Ақтөбе (190,7 млн теңге) және Ақжар (138,4 млн теңге) елді мекендерін сумен жабдықтау құрылысын реконструкциялау» жұмыс жобаларының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қазіргі таңда бюджеттен қаржы бөлу жұмыстары жүргізілуде.
Жол инфрақұрылымы бойынша. Аудан көлемінде жол жөндеу, көше жарығы, жаяу жүргіншілер жолы бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 155,35 шақырым. Оның ішінде асфальтты 148,85 шақырым, қиыршық тасты 6,5 шақырым. Жолдардың 100 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Аудан орталығы мен аудандағы барлық кент, ауылдық округтер арасындағы жолдар толық тас жолмен (асфальт) қамтылған. 2025 жылы автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарына үш деңгейлі бюджеттен жалпы 1 млрд 570,5 млн теңге бөлініп, 23 шақырым жол жөнделді.
Ірі жобалар қатарында Ақжар ауылындағы Абай Құнанбаев көшесінің жаңа құрылыс жұмыстары бар. Жобаға 2024 жылы 90,4 млн теңге, 2025 жылы 125,2 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда пайдалануға берілді.
Облыстық бюджет есебінен «Төретам-Ақай» айналма жолының күрделі жөндеу жұмыстарына 810,0 млн теңге бөлініп (жалпы құны 1,1 млрд теңге), жоба жүзеге асырылуда.
Қызылтам ауылына кіреберіс жолды қайта жаңғырту жұмыстарына жалпы құны 741,2 млн теңге қаралып, (оның ішінде 2023 жылы республикалық бюджеттен 603,0 млн теңге, облыстық бюджеттен 23,0 млн теңге, 2024 жылы облыстық бюджеттен 48,1 млн теңге, 2025 жылы аудандық бюджеттен 39,2 млн теңге қаржы бөлінді) пайдалануға берілді.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жосалы кентіндегі Қали Шыңғысов көшесінің күрделі жөндеу жұмыстарына 59,9 млн теңге бөлініп, жұмыстары аяқталды.
Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен 368,7 млн теңгеге 3 жоба және аудандық бюджет есебінен 47,1 млн теңгеге 1 жоба жүзеге асырылды. Ақжар ауылындағы Ш.Уәлиханов, Р.Жиенбаев, С.Сейфуллин көшелеріне (2,63 шақырым – ОБ – 192,2 млн теңге) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталды.
Жосалы кентіндегі Алтынасар көшесіне (0,815 шақырым – 59,7 млн теңге) орташа жөндеу жұмыстары аяқталса, Н.Нақыпов көшесіне күрделі жөндеу (1,96 шақырым – 163,9 млн теңге) жұмыстары жүзеге асырылуда.
Аудандық бюджет есебінен елді мекендердегі жол инфрақұрылымын жақсартуға (жалпы жобалық құны 350,6 млн теңге) бірқатар көшелерді орташа жөндеуден өткізу үшін 330,2 млн теңге қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Ақтөбе ауылдық округіндегі Ы.Сейтенов көшесін орташа жөндеуге (ұзындығы 0,44 шақырым) 28,0 млн теңге және Алдашбай ахун ауылдық округіндегі Ә.Егізбаев көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына (ұзындығы 2,547 шақырым) 193,2 млн теңге (жалпы құны 204,3 млн теңге) қаржы қаралып, жұмыстары толығымен аяқталды.
Ақай ауылдық округіндегі Төле би, Жанқожа батыр және Қ.Күншығаров көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарына (ұзындығы 1,600 шақырым) 109,0 млн теңге (жоба құны 118,3 млн теңге) қаралып, жұмыстары аяқталды.
Аудандық маңыздағы жолдарға ағымдағы жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарына 44,9 млн теңге бөлінсе, ІІІ Интернационал ауылдық округінің Цай Ден Хак, Наурыз және Жарылқасынов көшелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 11,4 млн теңге (ұзындығы 5,200 шақырым) қаржы қаралып, жұмыстары толығымен аяқталды.
Абаттандыру бойынша. Аудан бойынша 237 млн теңге қаржыға 8 көшенің 7 шақырым жеріне жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Атап айтқанда, Жосалы кентінде орналасқан Байзақ тегі көшесіне (ұзындығы 0,550 шақырым) 59,2 млн теңге, Т.Рысқұлов көшесіне (ұзындығы 1,0 шақырым) 44,2 млн теңге, Е.Сексенбаев көшесіне (ұзындығы 0,180 шақырым) 6,9 млн теңге, Ү.Томанов және М.Шоқай, Х.Жомартов, Е.Қойшыбаев көшелеріне (ұзындығы 4 шақырым) 109,8 млн теңге, Алдашбай ахун ауылындағы О.Шораяқұлы көшесіне (ұзындығы 0,9 шақырым) 17,5 млн теңге.
Сонымен қатар, Қармақшы ауылында орналасқан Орталық алаңға ағымдағы жөндеу жұмыстарына 15,0 млн теңге қаралып, жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.
Жосалы кентінде орналасқан Т.Рысқұлов тұйығының абаттандыру жұмыстарына 100,0 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Төребай би ауылындағы орталық алаңға брусчатка төсеп, қоршау жұмыстарына 25,8 млн теңге қаралып, жұмыстары аяқталды.
Аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент-Иіркөл» автомобиль жолы бойындағы су өткізгіш құбырын күрделі жөндеу жұмыстарына 44,1 млн теңге қаржы қаралып, жұмыстары толығымен аяқталды.
Аудандық бюджет қаражаты есебінен 112,0 млн теңге қаржы бөлініп, аудан бойынша 5 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Атап айтсақ, Алдашбай ахун ауылында орналасқан Ынтымақ көшесіне – 17,6 млн теңге, Түпбөгет көшесіне – 25,1 млн теңге, Иіркөл ауылында орналасқан Қазақстан көшесіне – 25,7 млн теңге, Төребай би ауылында орналасқан П.Байшораұлы көшесіне – 29,1 млн теңге, Тұрмағамбет ауылында орналасқан Н.Жанаев көшесіне 14,5 млн теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2 пәтерлі 30 тұрғын үй сатып алынды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Байқоныр қаласында 50 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 2 млрд 457 млн теңге, аудандық бюджеттен 96,7 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
«Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау» жобасын қоса қаржыландыруға арнаулы мемлекеттік қор есебінен 9 млрд 193 млн теңге, аудандық бюджеттен 75,5 млн теңге қаржы қаралып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
«Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау» жобасының жалпы құны 12,6 млрд теңге. 2024 жылы республикалық бюджеттен 768,7 млн теңге қаржысы игерілді.
Жосалы және Төретам кенттерінде орналасқан теміржол вокзалдары ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына 1 млрд 27 млн теңге қаржы қаралып (Жосалы кенті вокзалы 526 млн теңге, Төретам кенті вокзалы 501 млн теңге), бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондайақ Жосалы және Төретам кенттеріндегі теміржол вокзалы аумағын абаттандыру жұмыстарына 59,1 млн теңге қаржы қаралып (Жосалы кенті вокзалын абаттандыру 33,2 млн теңге, Төретам кенті вокзалын абаттандыру 25,9 млн теңге), абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, аудандық бюджет қаражаты есебінен бірқатар абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Жосалы кентін көгалдандыру мақсатында талдар сатып алуға, кенттің көшелеріне су себу жұмыстарына, саябақтар мен алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарына, Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 80 жыл толуына орай белгі орнатуға, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге, Ақай ауылдық округіне автобустық 5 аялдама орнату жұмыстарына 428 млн теңге қаржы қаралып, жұмыстары толығымен аяқталды.
Сонымен қатар, жалпы құны 23,9 млрд теңгені құрайтын 65 жобаға жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржы бөлу мақсатында тиісті басқармаларға бюджеттік өтінімдер өткізілді.
Атап айтқанда, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша 5 жобаға 4 млрд 572 млн теңге, Жосалы кентінде Мырзағалиева көшесінен теміржол арқылы өтетін жол өткелі құрылысына 5 млрд 473 млн теңге, көлік инфрақұрылымы 19 жобаға 2 млрд 151 млн теңге, ауызсумен қамтуға 5 жобаға 3 млрд 660 млн теңге, газдандыру жұмыстары бойынша 2 жоба 836 млн теңге, спорт саласы бойынша 1 жоба 657 млн теңге, жаяу жүргіншілер жолының 1 жобасына 105 млн теңге, жарықтандыру жұмыстары 15 жобаға 1 млрд 101 млн теңге, білім саласының 4 жобасына 4 млрд 182 млн теңге, жылу жүйесінің 3 жобасына 133 млн теңге, абаттандыру бойынша 1 жобаға 351 млн теңге, жайылымдарды суландыру 6 жобаға 412 млн теңге, тұрғын үйлерді жаңғырту 2 жобаға 300 млн теңге.
Осы жылдың басынан бері құқық қорғау органдарының қатысуымен 3 рет қабылдау өткізілді. Жастар арасында құқықбұзушылықтың, оның ішінде топтық төбелестің алдын алу бағытында күнделікті түнгі мезгілде Жосалы кентін аралау үшін жұмысшы тобы құрылған. Оның құрамына құқық қорғау органдарының, білім бөлімінің, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері енгізілген. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қызметтік міндеттерді тиімді орындау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында 2 дана «Jak S3» қызметтік автокөлігі берілді.
Сондай-ақ, ветеринария саласының қызметкерлері күніне орай «ветеринариялық станция» қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңадан 2 дана «Нива» автокөлігі табысталды.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын алға жылжытуда қаражат мәселесі маңызды орын алады. Елге қаражат тарту бар да, сол елге келген қаражатты ұтымды да тиімді пайдалану – аса жауапкершілікті қажет ететін іс. Биылғы ел игілігіне атқарылған жұмыстарымыздың нәтижелі де табысты болуы – сіздердің тараптарыңыздағы сенім мен қолдаудың жемісі деп білемін. Осы алған бағытымызбен әрі қарай да жігермен жұмыс істеп, халық игілігі жолындағы қызметімізді зор сеніммен жалғастыра беретін боламыз.
Алдағы кезеңдерде Президент Жолдауын мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, облыс әкімінің іс-қимыл жоспарын назарға ала отырып, ауданымыздың әлеуметтікэкономикалық дамуын жүзеге асыра беретін боламыз.
Құрметті жерлестер! Ортақ мақсат пен мүддеге тоғысқан жаңа идеяларымыз бен тың жоспарларымыз алдағы кезеңдерде де жетістігін әкеле берсін. Жылан жылын қорытындылап, алда келе жатқан Жылқы жылына жоспар жасайтын шешуші кезде баршаңызға толайым табыстар тілеймін. Есігімізде енгелі тұрған Жаңа жыл мерекесі тағы да құтты болсын!

















