"ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖЫЛ АДАМЫ" АТАНДЫ
Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында 2025 жылғы қоғамдық атақтарды тапсыру бойынша салтанатты жиын өтті. Осы шарада талантты журналист, жерлесіміз, Қазақстанның баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Нұрсұлтан Мықтыбаев екі бірдей жоғары наградаға ие болды.
Нұрсұлтан, ең алдымен, «QAZAQSTAN ARDAGERLERI» қауымдастығының шешімімен Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен наградталды. Оған бұл марапат еліміздің БАҚ саласындағы жемісті еңбегі және отандық журналистиканың дамуына қосқан елеулі үлесі, аталған саладағы кәсіби жетістіктері мен халықаралық дәрежедегі сыйлықтары, бейбіт күннің батырларын талмай насихаттаудағы жұмыстары үшін берілді. Аталған медаль Бауыржан Момышұлының туған күні – 24 желтоқсанда, халқы қастерлеген тұлғаның 115 жылдық мерейтойына орайластырып табысталды. Биыл бұл марапатқа 5 азамат ие болды.
Жерлесімізге табысталған екінші марапат – «Жыл Адамы – Алтын Адам» халықаралық сыйлығы. Бұл Ұлттық сыйлық Нұрсұлтанға қоғамдық қызметі мен азаматтық көзқарасы үшін тағайындалған.
Жалпы «Жыл Адамы – Алтын Адам» Ұлттық жобасы – саясаттан алыс және коммерциялық тұрғыдан тәуелсіз сыйлық. Оны тағайындау кезінде халықтың және бұқаралық ақпарат құралдары, халықаралық ұйымдардың пікірі басты маңызға ие болады. Жобаның ұстанымы – Отанға деген шынайы махаббатпен ұштасып жатыр. Себебі бұл сыйлықтың қаржылай сүйемелдеуі жоқ, оның сыйы – қоғам мен Қазақстан халқының құрметі мен шексіз ризашылығы.
Ерекше атап өтерлігі, Ұлттық жоба халықаралық мәртебеге ие және бір мезгілде бес мемлекетте – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және Беларуссияда өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін осы «Жыл Адамы – Алтын Адам» сыйлығымен сырбойылық публицист, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп, танымал спортшы Елена Рыбакина және Астана қаласында орын алған алапат өрт кезінде өз өмірін қатерге тігіп, тұрғындарды аман алып қалған, бірақ өзі қаза тапқан Асқар Забикулин секілді танымал тұлғалар марапатталған.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
















