КІТАП ОҚЫҒАННЫҢ КҮНІ ЖАРЫҚ
Өткен жылы желтоқсанда аудандық басылымда «Сыр медиа» ЖШС қарасты аудандық «Қармақшы таңы» газеті редакциясы, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйытқы болуымен және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР «Білім беру ісінің үздігі», ақын Дастан Мырзабекұлының қаржылай демеушілігімен оқушылар арасында алғаш рет «Үздік оқырман» байқауы жарияланған болатын.
Міне, осы байқаудың қорытындысы сәрсенбі күні «Руханият» орталығында Абай атындағы аудандық кітапхананың оқырмандар залында шығарылып, мәресіне жетті.
Еске сала кетейік, байқаудың шарты бойынша балалар жыл көлемінде тарихи, әдеби мазмұндағы кітаптар (қалауы бойынша) оқып, оқыған шығармаларын дәптерге түсіру керек және кітапханадан ең көп кітап оқыған үш жасөспірім жеңімпаз атанады.
Іс-шарада Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист, ақын Алтай Үсенұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», ардагер ұстаз, ақын Дастан Мырзабекұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниева және оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ләйла Сыздықова қазылық етіп, кітаптың адам өміріндегі орны мен құндылығы жайында әңгімеледі.
Мектеп оқушыларын кітап оқуға насихаттау, ана тіліне деген құрметін арттыру, сондай-ақ азаматтық және мәдени тұлғасын қалыптастыру мақсатында өткізілген сайысқа 8-11 сынып аралығындағы 11 оқушы қатысып, оқыған кітаптары бойынша қысқаша мазмұндап, сұрақтарға жауап берді.
Нәтижесінде ІІІ орынды А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Асқар Орынбасаров, ІІ орынды Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің 10-сынып оқушысы Еркеназ Жақсылық иеленсе, ал байқаудың І орнын Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің 10 сынып оқушысы Назерке Қуанышбекова жеңіп алды. Жүлдегерлерге аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің диплом, алғыс хаттары мен демеуші тарапынан 70, 50, 30 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар тапсырылды.
Жас оқырмандарымыздың кітап оқуда қандай тақырыпқа қызығатындарын бір аңғарғандаймыз. Жанрлық жағынан әңгіме, повесть, мемуар, драматургияға барумен қатар, қалың мұқабалы романдар оқуды да әдетке айналдырған. Негізінен Д.Исабеков, Ж.Аймауытұлы, Ә.Нұршайықов, Ғ.Мүсірепов, С.Торайғыров, І.Жансүгіров, М.Әуезов, Р.Мұқанова, Б.Майлин, С.Мұратбеков, Т.Омарбеков, тағы басқа да жазушылардың шығармаларына ынта танытқан. Қазақ тілімен қоса, балауса ұл-қыздар орыс тіліндегі кітаптарды да қаузаған. Тіпті шетелдік кітаптарды оқуға баруы – заман талабы демеске болмас. Кітапқұмарлардың алды 14 шығарма оқыса, кейінгілері 10, 7, 3 кітаптан, соңғылары 1 кітапты қанағат тұтқан.
Бір айтары, мұндай байқаудың аудандық кітапханалар жүйесінде бірінші рет өтуі. Бұл ретте руханият жанашыры, бірнеше кітаптың авторы, саналы өмірін білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз, идея иесі Д.Мырзабекұлы ойын былайша тарқатады.
– Дамыған елдің азаматтарының дені білімді де білікті. Шығарған бұйымдары әлемдік брендке айналып, сапасы жағынан бой бермейді. Оларды мұндай деңгейге жеткізіп отырған білімі. Біздің қазақтың балалары да ешкімнен кем емес. Бастысы – бала күннен кітап оқуға бейімделу керек. Оған мектепте ұстаз, отбасында ата-ана ықпал етсе. Бала жас шыбық секілді, иілгіш келеді. Оны қалай қарай исең, солай бағыт алады. Біздің болашағымыз сөзсіз, тәрбиелі де білімді ұрпақта. Ауданда көптеген байқау ұйымдастырылады. Дегенмен, баланы кітап оқуға баулитын бұл сайыстың да өзіндік орны болады деген сенімдемін. Мұны сәл де болса асыл құндылыққа қосқан үлесіміз деп есептейміз. Байқау алдағы уақытта да жалғасын таба бермек, – деді ол іс-шарада сөйлеген сөзінде.
Кітап оқушылар бәйгесінде сонымен қатар ауданның бас кітапханашысы да құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдірді. –
Жалпы байқауға талапкерлер №26, №30 және №105 мектептерден қатысты. Оқушыларымыз кітапхананың тұрақты оқырмандары. Бізден де сол тілек – байқау тұрақты түрде өткізіліп тұрса деген. Біріншіден, оқушылардың кітап оқуға бәсекелестігі пайда болады, екіншіден, балалар ынталанады, үшіншіден достарына, қатарларына үлгі ретінде де өнегесі көп. Басқалардың кітапқа қызығушылығын оятады. Қонақтарымызға айтар алғысымыз шексіз. Барлығы да өз тәжірибелерімен бөлісіп, кітап оқудың қоғамға, денсаулыққа, жеке басқа пайдасы жөнінде айтып жатыр. Аталған мектептерден қатысқан оқушылардың жетекшілері мен мектеп басшылығына алғысымызды білдіреміз, – деді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Бөгенбайқызы.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

















